Жастар жылын ЖАРҚЫН ІСТЕРМЕН қарсы аламыз

964 Views

Жастар жылын ЖАРҚЫН ІСТЕРМЕН қарсы аламыз

Әрбір елде, әрбір қоғамда жастардың орны ерекше. Олар халықтың, ұлттың болашағын айқындайды.

Қарқынды дамып келе жатқан мемлекетте жастарға инвестиция салу болашақта экономикалық, бейбіт, жан-жақты дамыған және тұрақты қоғам құруда шешуші рөл атқарады.

Елбасы Н.Ә.Назарбаев Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан бастап, еліміздің негізгі капиталы – адами капиталын дамытуда, оның ішінде, халықтың ең белсенді өкілдері саналатын жастар мәселесіне баса назар аударып келеді.

Мемлекет басшысы ел жастарын жаңаша дамытуға бағытталған жағымды жаңалығымен қуантып, биылғы жылды «Жастар жылы» деп жариялады. Бұл Ұлы Дала ұрпағының жүрегіне ерекше жігер сыйлады. Мемлекеттің қолдауы жастар рөлін арттыруға, өмір сапасын жақсартуға, бәсекеге қабілетін күшейтуге жаңа серпін берері сөзсіз.

«Ел көшін бастау — маған сын, мені қостау — елге сын», — деп Президентіміз айтқандай, Қазақстан жастары жүктелген жауапкершілікті сезіне білуі қажет.

Бүгінгі таңда аудан халқының үштен бірі – жастар. Елбасының салиқалы саясатын жүзеге асырып, болашақтың тұтқасы болар ауданымыздың жастары өңірде толайым тірліктер тындырып, қоғамға бір кісідей атсалысып келеді.

Талпынысы таудай, алдында мақсаты бар, өршіл жастың тіршілігіне ел тамсанып та, таңданып та қарайды. Олардың бойындағы жастық жігері талай белестерді, асуларды, шыңдарды бағындыруға жетерліктей, өзгеге үлгі боларлықтай.

Өскелең ұрпақтың білімі мен жаңа технологияларды қолдануы, шығармашылық тұрғыдағы тың көзқарасы, күш-жігері мен игі бастамалары бұрын болмаған жаңа мүмкіндіктерге жол ашады.Әрбір жастың лайықты, адал және кәсіби еңбегі Қазақстанның ұлы мақсаты – әлемдегі ең дамыған 30 елдің қатарына кіруінің кепілі болмақ. Еліміз жастарымен өркендеген мемлекет болуы үшін, оның жетістіктерін табысты жалғастыру үшін ауқымды істерді бірлесе атқаруымыз қажет.

Тәуелсіздігіміздің 27 жылы ішінде елімізде санасы жоғары жас буын қалыптасты. Сондықтан Жастар жылының қандай деңгейде өтетіні тек бізге, жастарға байланысты.

Жастар жылы – жаңа жетістіктердің бастауы!

Барша жастарды атаулы жылда сөзден гөрі нақты жұмыс көрсетуге, ұтымды іс, өткір ойды тудырып, Жастар жылын бірлікпен, мазмұнды атап өтуге шақырамыз!

Жастар жылы аясында Отанға деген адалдық пен жоғары кәсібилікті ту етіп, оқу мен ізденуден талмай, туған өңірді дамытуға үндейміз!

Ағымдағы жыл біз үшін – тарихи сәт. Жастардың жасампаз үні әрдайым жарқын болсын!

А.СӘРСЕХАНҰЛЫ,

аудандық «Жастар ресурстық

орталығы» КММ директоры.

 

Поделиться ссылкой: