Коммуналдық қызметке қанша төлейсіз?

684 Views

Коммуналдық қызметке қанша төлейсіз?

 Елбасы «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауында «Экономикада бәсекелестікті дамыту және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы мен табиғи монополиялардың қызметі үшін белгіленетін тарифтер саласында тәртіп орнату мақсатымен батыл шаралар қабылдау керек» дей келіп, монополистердің инвестициялық міндеттемелеріне тиімді мониторинг пен бақылау жүргізілмей отырғанын жеткізген еді. Сонымен қатар, Үкіметке монополияға қарсы ведомствоның жұмысын реформалауды тапсырды. Артынша Қауіпсіздік кеңесінің отырысында дәл осы коммуналдық қызметке бақылау жасайтын мемлекеттік органдардың жұмысы талқыланды. Онда ел Президенті «Биылғы Жолдауды жарияламас бұрын, біз мейлінше өзекті проблемаларды анықтау мақсатымен халық арасында сауалнама жүргіздік. Бұл әлеуметтік зерттеу коммуналдық қызметтер бағасының қымбат болуы бірінші орында тұрғанын көрсетті. Сол себептен Бас прокуратураға осы саланы тексеру жөнінде тапсырма берілді. Тексеріс нәтижелері бұл мәселені Қауіпсіздік кеңесінің отырысына шығаруға негіз болды» деген еді.

– Жылу мен электр энергиясына төленетін ақыны қоса алғанда тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық қызметтерінің шығындары халықтың жалпы шығындарының басым бөлігін құрайды. Тариф жоғары болған сайын отбасы бюджетіне түсетін салмақ та ауырлай бермек. Нақты экономикалық негіздемелерсіз тариф өспеуге тиіс,- деген Елбасының тапсырмасынан кейін комуналдық қызмет құны төмендейтіні белгілі болған. Біз осы Елбасы тапсырмасының аудан аумағында қалай атқарылып жатқанын зерделеу мақсатында бірқатар коммуналдық қызмет көрсететін мекемелерге сұрау салып көрдік.

Тұрғындарға электр энергиясын ұсынатын аудандық электр желілерін тарату мекемесінің басшысы Назгүл Мұрзатаевадан тарифтың төмендемегенін естідік. Керсінше қазан айынан жыл соңына дейін электр энергиясына 13,86 теңге төлеген аудан жұрты енді 1 қаңтардан бастап 14,41 теңгеден төлейтін болады.

– «Электр энергиясы неге арзандамайды» деп халық бізге келіп жатыр. Біз өздігімізден бағаны өсіріп немесе түсіре алмаймыз. Тарифті облыс шешеді. Қазір қаралып жатқан шығар, — деген мекеме басшысы соңғы екі жылдан бергі электр энергиясының тұрақты бағасы 14,41 теңге екенін айтады. – Өткен жылы 8 қазаннан жыл соңына дейін тариф төмен болды. Алайда, бағаның төмендеуі бізге қол емес. Жұмысшылардың айлығына әсер етеді,- дейді Назгүл Шаймұратқызы.

Табиғи газдың бағасы сәл де болса төмендепті. Аудандық газ шаруашылығы мекемесінің менеджері Азат Алихановтың айтуынша, мың текше метр газдың құны өткен жылы 27 272,74 теңге болса, енді 1 қаңтардан бастап баға 25 548,62 теңгеге арзандаған. Қарапайым тілмен айтқанда 1 теңге, 72 тиынға арзандап отыр. Өткен жылмен салыстыра қарасақ, ендігі жерде тұрғындар мың текше метр газға шаққанда 1724 теңге үнемдей алады. Бұл қарапайым халықтың отбасылық бюджетіне түсетін салмақты аз да болса азайтатыны анық.

Құлан ауылы, Панфилов көшесіндегі көп қабатты үйлердің жылу жүйесіне «Құлан-энерго жылу» шаруашылық жүргізу құқығындағы коммуналдық мемлекеттік кәсіпорны жауапты. Кәсіпорын 2012 жылдан бері жылу бағасын өзгерткен жоқ. Тұрғындар 1 шаршы метрге қосымша құн салығын қоса есептегенде 75 теңге, 33 тиын төлеп келеді. Мәселен, 29,9 шаршы метр болатын 1 бөлмелі пәтердің 1 айдағы коммуналдық төлемі 2225 теңгені құрайды.

Тарифті ең көп мөлшерде төмендеткен мекеме – «Таза су-2014» шаруашылық жүргізу құқығындағы коммуналдық мемлекеттік кәсіпорны. Күні кеше ғана тарихтың қойнауында қалған 2018 жылы аудан жұрты судың мың текше метріне 91,36 теңге төлеп келген еді. Биылдан бастап ауыз судың бағасы 81,22 теңге болып бекітілді.

Мереке ЕРЖАНҰЛЫ.

Поделиться ссылкой: