Жаңа кітаптың тұсауы кесілді

20 Views

Кеше, яғни 23 сәуір – Ұлттық кітап және кітапханашылар күніне орай, Мэлс Өзбеков атындағы аудандық  мәдениет үйінің «Рухани жаңғыру» жобалық офисінде филология ғылымдарының кандидаты, осы күні әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті журналистика факультетінің деканы қызметін абыроймен атқарып отырған елімізге белгілі журналист Қанат Әуесбайдың «Бақ берген әулет» атты кітабының тұсаукесер рәсімі өтті.  Жаңа кітаптың тұсаукесер рәсіміне Алматыдан арнайы келген автордың өзі, сондай-ақ, аудандық ардагерлер Кеңесінің төрағасы Қожайхан Бижанов, аудандық Қоғамдық кеңес төрағасы Бейсенбек Әлпейісов, аудандық Қоғамдық кеңес мүшесі Мұратбек Өмірзақов, аудандық «Құлан таңы» газетінің бас редакторы Нұрлан Бықыбаев, кітапханашылар, ұстаздар және оқушылар қатысты. Жаңа кітаптың тұсаукесер рәсімін аудандық орталық кітапхананың ұжымы ұйымдастырды.

Қысқа-нұсқа:

Әуесбай Бақбергенұлы – педагог-новатор, өнер қайраткері. 1951 жылы Жамбыл облысы, Луговой ауданы, Бірлес ауылында туған (қазіргі Тұрар Рысқұлов ауданы, Сәлімбай ауылы). Кәсіби шығармашылық қызметінің әр жылдары Красногор аудандық (қазіргі Қордай ауданы)  «Ойжайлау» фольклорлық жастар ансамблі, Абай атындағы педагогикалық училищесінде «Балауса» қыздар ансамблі, «Серілер» квартеті сияқты өнер ұжымдарының негізін қалап әрі көркемдік жетекшісі ретінде еңбегі жанған тұлға. Жалпы 47 жыл табанды қызмет етіп, музыкалық білім беру саласында педагогикалық мектеп қалыптастырып, есімдері республикаға танымал шәкірт тәрбиелеген. «Білім беру ісінің құрметті қызметкері», ҚР Оқу-ағарту министрлігінің «Еңбек ардагері» төсбелгілерімен, көптеген алғыс және Құрмет грамотасының марапаттарымен наградталған. Тараз қаласының құрметті азаматы.

Қанат Әуесбайдың «Бақ берген әулет» кітабында өзінің әкесі, ұлағатты мамандық ұстаздық қызметте ұзақ жылдар бойы еселі еңбек еткен, Тараз қаласының құрметті азаматы Әуесбай Бақбергенұлы туралы эссе-мақалалар топтастырылған. Кітап қалың көпшілікке арналған. 632 беттен тұратын бұл кітапта ізгілік, ар тазалығы,  адалдық, имандылық сынды құндылықтарды оқырман кейіпкер бойынан танып біледі. Сондықтан бұл кітапты оқыған дұрыс.

Көп нәрсе жазғымыз-ақ келіп тұр. Бірақ газеттің нобайы солай болып тұр. Тұсаукесер рәсімінде жанға қуат беретін, жүрекке жылы тиетін сүбелі сөздер айтылды. Аудандық мәдениет үйінің әншілері Рысбек Қадырқұлов пен Шолпан Алиева әсем әндер орындады. Шара соңында жиналғандар кітап авторымен естелік суретке түсіп, қолтаңба алды.

Марат Диханбай.

Поделиться ссылкой:

Добавить комментарий