«АЛЛАН » МАКАРОНДАРЫ – АУЫЛДАН ШЫҚҚАН АЙРЫҚША ӨНІМ

19 Views

Ауылды көркейту – елді дамытуға бастайтын құтты қадам. Аймақтардан басталған шағын өндіріс орындары тұрғындарды жұмыспен қамтумен қатар сапалы да қауіпсіз азықтүлік өндіруге де мүмкіндік береді. Осындай ізгі мұратты көздеген өндірістің бірі – Т.Рысқұлов ауданының Абай ауылындағы «Аллан» макарон өндіру цехы.

Бұл – ауыл кәсіпкерлігінің әлеуетін айқын көрсетіп отырған шағын өндіріс орындарының бірі. Кәсіптің іргесі қаланғанына көп уақыт өте қоймағанымен, бүгінде мұнда өндірілетін өнім өз тұтынушысын тауып, жергілікті нарықта сұранысқа ие болып отыр. Ең бастысы – кәсіп иелері дайын өніммен ғана шектелмей, оның сапасы мен ерекшелігіне басымдық беріп, өзіндік авторлық рецептін қалыптастырған. Кәсіптің тағы бір жетістігі – «Бір ауыл – бір өнім» жобасына қатысып, жеңімпаз атануы. Бұл – ауылда өндірілетін өнімнің сапасы мен бәсекеге қабілеттілігін көрсететін маңызды көрсеткіш. Бүгінде «Аллан» макарондары бірнеше қалада сауда өкілдері арқылы тұтынушыларға жол тартып, ауылдағы шағын цехтың өнімін кеңірек нарыққа шығаруға мүмкіндік туып отыр. «Аллан» цехының тарихы 2023 жылдан басталады. Құлан ауылында туып-өскен әпкелісіңлілі Гүлнұр мен Эльвира Атхановалар туған жерге оралып, ауылда кәсіп бастау туралы шешім қабылдаған.

– Біз Құлан ауылында туып-өстік. Сіңілім Эльвира екеуіміз ақылдаса келе, Абай ауылынан макарон өндіретін шағын цех салуды ұйғардық. 2023 жылы құрылысты бастап, қажетті құжаттарды заң талаптарына сай рәсімдеп, барлық рұқсаттарды алдық. Алғашқы өнімімізді 2024 жылы шығардық. Керекті жабдықтарды Италиядан алып келдік. Макарон өнімін дайындауда қолданатын рецептіміз – өзіміздің авторлық әдісіміз. Сондықтан «Аллан» макарондарының өзіндік ерекшелігі бар, – дейді кәсіпкер Гүлнұр Мәлікқызы.

Кәсіпкерлердің айтуынша, жаңа өндірісті қолға алмас бұрын олар бұл саланың қыр-сырын жанжақты зерттеген. Тіпті Италияға арнайы барып, макарон өнімдерін дайындаудың технологиясын, өндірістің тиімді тәсілдерін зерделеп, тәжірибе жинақтаған. Италия – макарон өндірісінің өзіндік мәдениеті қалыптасқан ел. Сол жақтағы тәжірибені көріп, өндірістің технологиялық ерекшеліктерімен танысқан кәсіпкерлер елге оралған соң, өз өнімдерін әзірлеуге кіріскен. Алайда мақсат дайын технологияны сол күйінде қайталау емес, оған өздерінің ізденісін қосып, қазақстандық тұтынушыға лайық өнім жасау болған. «Аллан» өнімінің өзгелерден ерекшелігі де осында. Кәсіпкерлер дәстүрлі макароннан бөлек, жүгері ұнын қатты бидай ұнымен араластырып, өздерінің авторлық рецепті бойынша өнім дайындайды.

– Макарон өнімінде қолданатын рецепт – өзіміздің авторлық әдісіміз. Яғни, біздің «Аллан» макарондары басқаларды қайталамайды. Оның ерекшелігі – жүгері ұнын қатты бидай ұнымен араластырып, тағамның құрамына және пайдалы жақтарына мән бере отырып дайындайтынымызда. Бұл бағытты Қазақстанда алғашқылардың бірі болып қолға алдық, – дейді Гүлнұр Атханова.

Өнімнің құрамына, сапасына, дайындалу технологиясына мұқият қарау – кәсіпкерлердің басты ұстанымы. Себебі қазіргі таңда тұтынушы үшін өнімнің сыртқы көрінісімен қатар, оның құрамы мен сапасы да маңызды. Әсіресе отбасылық дастарқанға арналған азық-түлік өнімдерін таңдағанда халық табиғилыққа, тазалыққа және өнімнің сапасына ерекше көңіл бөледі. Сондықтан «Аллан» цехының ұжымы өнімнің әр кезеңіне жауапкершілікпен қарауға тырысады. Бұл өз кезегінде тұтынушылардың сенімін қалыптастыруға ықпал етіп отыр. Кәсіпкерлердің өмір жолына көз жүгіртсек, олардың ауылға қайта оралып, кәсіп бастауы кездейсоқ шешім емес екенін аңғаруға болады. Гүлнұрдың мамандығы – заңгер, ал сіңілісі Эльвира – педагог. Мектеп бітіргеннен кейін екеуі де Алматыға барып, жоғары білім алып, еңбек жолын бастаған. Түрлі мекемелер мен фирмаларда жұмыс істеп, тәжірибе жинақтаған. Кейін әпкесі Гүлнұр Қарағанды қаласына тұрмысқа шығып, онда да еңбек нарығында өзін сынап, кәсіпкерлікпен айналысып көрген. Жинаған тәжірибелері мен білімдерін туған жердің дамуына бағыттауды жөн көрген іскер қыздар ауылда өндіріс ашып, жергілікті тұрғындарға жұмыс беруді мақсат етеді.

– Мамандығым – заңгер, сіңлім – педагог. Мектепті тәмамдаған соң Алматыға барып, білімімізді жалғастырдық, жұмыс істеп, түрлі фирмаларда қызмет атқардық. Қарағандыға тұрмысқа шығып, ол жақта да еңбек нарығында біраз тәжірибе жинадық. Өз кәсібімізді де аштық. Барлық көрген-білгенімізді пайдаланып, туыпөскен өлкемізде еңбек етіп, шағын ауылдан өнім өндіріп, ауылдастарымызды жұмыспен қамтамасыз етуді жөн көрдік. Біраз жыл сыртта жүріп алған білімімізді, жинаған тәжірибемізді туған өлкеміздің өркендеуіне арнайық деп шештік, – дейді кәсіпкер.

Бұл – ауыл кәсіпкерлігінің экономикалық қана емес, әлеуметтік маңызын да көрсететін мысал. Өйткені ауылда өндірістің пайда болуы – бірнеше адамды жұмыспен қамтып қана қоймай, жергілікті жердегі іскерлік белсенділіктің артуына, жаңа бастамалардың пайда болуына жол ашады. Бүгінде «Аллан» макарон өндіру цехында бес адам тұрақты жұмыс істейді. Бұдан бөлек, өндіріс көлеміне қарай уақытша жұмысқа тартылатын азаматтар да бар. Ал өнімді тұтынушыға жеткізу бағытында да жұмыс жолға қойылған. Қазір 4-5 қалада сауда өкілдері «Аллан» макарондарын таратып, өнімнің нарықтағы ауқымын кеңейтіп келеді. Яғни, Абай ауылында өндірілген өнім бір ғана елді мекеннің тұрғындарына емес, басқа қалалардағы тұтынушыларға да ұсынылуда. Бұл – ауылдағы шағын кәсіптің біртіндеп кеңейіп келе жатқанын көрсетеді. Кәсіпкерлер алдағы уақытта өндіріс көлемін арттырып, өнім түрлерін көбейтуге де ниетті. Олардың айтуынша, бизнесті дамытуда ең бастысы – тұтынушының сенімін ақтау.

Сапалы өнім шығарып, тұрақты сатып алушылар қатарын қалыптастыру үшін үнемі ізденіс қажет. Ауылда шағын өндіріс ашу – оңай шаруа емес. Оның артында құрылыс, құрал-жабдық, құжаттандыру, өнім дайындау, нарық қалыптастыру, жұмыс орындарын ашу секілді көптеген мәселе бар. Ал мұның бәрін аз ғана уақыттың ішінде жолға қою үшін кәсіпкерден біліммен қатар, табандылық пен еңбекқорлық талап етіледі. «Аллан» макарон өндіру цехының бүгінгі тынысы – ауылда кәсіп бастауға болатынын, дұрыс бағыт пен сапалы өнім болса, шағын өндірістің де өз тұтынушысын табатынын көрсетеді. Әпкелі-сіңілілі кәсіпкерлердің басты жетістігі – ауылға жай ғана бизнес әкелуі емес, туған жердің экономикасына өзіндік үлес қосып, жаңа жұмыс орындарын ашып, жергілікті жерде өнім өндіруді қолға алуы. Қазір ауылдың дамуы тек ауыл шаруашылығымен шектелмейді.

Өңдеу өндірісі, қызмет көрсету, шағын кәсіпкерлік секілді бағыттардың да маңызы артып келеді. Әсіресе ауылда өндірілген өнімнің өзге өңірлерге шығуы – елді мекеннің экономикалық әлеуетін арттыратын маңызды фактор. Гүлнұр мен Эльвира Атханованың бастамасы – осының айқын дәлелі. Өздері білім алып, еңбек еткен қалалардағы тәжірибені туған жерге әкеліп, оны ауыл жағдайында іске асыра білген кәсіпкерлердің еңбегі көпке үлгі. «Туған жерге туыңды тік» деген сөздің мәні де осында. Алыста жүріп тәжірибе жинақтап, елге оралып, сол білімді туған өлкенің игілігіне жарату – азаматтық жауапкершіліктің бір көрінісі.

Абай ауылындағы шағын ғана «Аллан» цехынан шыққан өнімнің бірнеше қалаға таралуы – ауыл кәсіпкерлігінің мүмкіндігі мол екенін аңғартады. Ең бастысы – сапаға деген талап, жаңа ізденіс және туған жерге деген еңбек сүйгіш ниет бар. Бүгінде бес адамды тұрақты жұмыспен қамтып отырған өндіріс ертең жаңа жұмыс орындарын ашып, өнім көлемін арттырып, тұтынушылар қатарын көбейте түсуі әбден мүмкін. Ал оның бастауында туған жерге қызмет етуді мақсат еткен екі бауырдың батыл қадамы тұр.

 

Қамар ҚАРАСАЕВА

Поделиться ссылкой:

Добавить комментарий