Сәлемі түзудің әлемі түзу

22 Views

Адамның адамға деген алғашқы ілтипаты сәлемнен басталады. Күн сайын қайталанатын осынау қарапайым әрекеттің артында тұтас халықтың тәрбиесі, мәдениеті, дүниетанымы тұр. Есіктен кірген жанның бірінші сөзі де, жолда кездескен екі таныстың арасына көпір болып түсетін де – сол бір ауыз сәлем. Халқымыз оны бекер «сөздің анасы» демеген. Анадан бала тарағандай, әңгіменің де, сыйластықтың да, жақындықтың да бастауында сәлем тұр. «Сәлемі түзудің әлемі түзу» деген сөз де осыдан қалса керек.

Осы мәселе соңғы жылдары мемлекеттік деңгейде де сөз болып жүр. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев азаматтардың жүріс тұрыс мәдениетін жақсарту, қоғамда жаңа әдеп қалыптастыру қажеттігін бірнеше рет айтты. Президент өз сөздерінде «жаңа қоғамдық этиканы қалыптастыру» ісін ел дамуының маңызды бағыттарының бірі ретінде атап көрсеткен болатын. Бұл – жай ғана ұран емес, күнделікті мінез-құлықтан бастап, адамдардың бір-біріне деген қарым-қатынасына дейін қамтитын кең ауқымды мәселе.

Мемлекет басшысы биылғы жылдың тамыз айында, Құрылтай сайлауы күні журналистердің сауалына жауап бере отырып, осы тақырыпқа арнайы тоқталды. Президент бұл бастаманы науқан үшін емес, нақты іс үшін өзі көтергенін айтты. Жастардың да, егде адамдардың да жүріс-тұрысына қарап, байырғы дәстүрлі құндылықтарымызға оралу қажет деген тұжырымға келгенін жеткізді. Мемлекет басшысының пікірінше, ер адамдардың бір-бірін құшақтап, бетінен сүйіп амандасуы да, сәлемдесу кезінде әйелдер мен ер адамдардың бір-бірін бетінен сүюі де дұрыс емес. Ұлттық салт-дәстүрімізде мұндай әдет болмаған. Әсіресе әскери форма киген адамдардың, генералдардың осылай істеуі көзге оғаш көрінетінін ашық айтты.
Президент амандасудың қалыпты үлгісін де нақтылап берді: «Еркектер қолының ұшын ұстата салмай, қолды қаттырақ қысып амандасуы керек». Ал жүздескендегі ілтипатқа келгенде, «Сәл жымиса ғана жеткілікті» деген уәж айтты. Егер адамды көргеніне шын қуанса, оң қолын кеудесіне қойып амандасуға болатынын да еске салды. Мемлекет басшысы Кеңес Одағының маршалдары, Ұлы Отан соғысында жеңіске жеткен қолбасшылар мұндай қылық көрсетпегенін салыстыра айтып, бүгінгі көріністі қатты сынға алды.
Президенттің бұл сөзін жеке біреуге айтылған ескерту деп қабылдау дұрыс емес. Мұнда сөз болып отырғаны – ұлттық әдептің шегі. Кез келген халықтың өзіне тән амандасу мәдениеті бар: біреуі иіледі, біреуі қол алысады, енді бірі құшақтасады. Ал қазақ дәстүрінде ер адамдардың күнделікті бетпе-бет сүйісуі болған емес. Соңғы жылдары теледидардан, түрлі жиыннан көрініп жүрген мұндай көріністер өзге жұрттың үлгісін ойланбай қабылдаудан туындап отыр. Мемлекет басшысы дәл осы тұста еліктеу мен өзіндік болмысты сақтау арасындағы шекараны нақты көрсетіп берді.
Қазақ амандасуды жай ғана күнделікті дағды деп қараған емес, оны әдептің өзегі санаған. Ұлттық тәрбиеде сәлем беру кішінің үлкенге, келгеннің отырғанға, жаяудың аттыға көрсететін ізеті ретінде қалыптасты. Ертеде ат үстіндегі жолаушы қария адамды көрсе, атынан түсіп амандасатын. Үйге кірген кісі төрдегі үлкендерден бастап сәлем беретін, қолын кеудесіне қойып ізет білдіретін. Мұның бәрі жазылмаған заң іспетті еді: оны бұзған адам жайлы «әдепсіз», «тәрбиесіз» деген сөз ел ішіне тез тарайтын. Сол себепті ата-ана баласына хат тануды үйретуден бұрын сәлем беруді үйреткен.
Амандасу сөзінің өзінде терең мағына жатыр. «Ассалаумағалейкум» деген сәлем «сізге тыныштық тілеймін» дегенді білдіреді, оның жауабы «уағалейкум ассалам» – «сізге де тыныштық болсын» деген тілек. Яғни екі адам кездескенде бір-біріне ең әуелі амандық, бейбітшілік тілейді.

Қазақтың төл сәлемдесу үлгілері де мазмұны жағынан осындай: «Армысыз!», «Есенсіз бе?», «Аман-есен жүрсіздер ме?», «Мал-жан аман ба?», «Сәлеметсіз бе?». Халық арасында «Армысың» деген сөзді «ар-ұятың бар ма?» деген сауалмен байланыстырып, оның жауабы «Бармысың», яғни «бар бол» деген тілек деп түсіндіретін пайым да бар. Мұның қаншалықты дәл екенін тіл мамандары әлі талқылап жүр, әйтсе де халықтың сәлемге ар-ұят пен адамдықты теліп қарайтыны осыдан ақ көрінеді.

Сәлемдесудің қазақи үлгісінде әр әрекеттің өз орны, өз шегі болған. Мәселен құшақтасып көрісу күнделікті әдет емес, ерекше сәттің белгісі саналған. Ұзақ жылға айырылысқан ағайын табысқанда, алыс сапардан оралғанда немесе қазалы үйге көңіл айтқанда құшақ жайылатын. Наурыз қарсаңындағы Көрісу күні де қыс бойы бірін-бірі көрмеген ауыл адамдарының бір-біріне ілтипат білдіретін ерекше мерекесі болды. Ал күнделікті тірлікте ер адам ер адаммен қол алысып, жүзі жылып қана амандасатын. Артық қимыл, орынсыз еркінсу қазақы ұғымда әдепсіздіктің көрінісі болып саналған.
Осыған байланысты сәлем беру турасында үш кезеңнің ұрпағын әңгімеге тартқан едік. Осы орайда Байзақ ауданы, Көктал ауылының тұрғыны Жақыпбек ата былай деді:
– Менің жасым қазір 87-де. Біздің жас кезімізде аман-саулықты сұрасқанда қос қолдап, ауыз толтырып «Ассалаумағалейкум!» дейтінбіз. Қарсыңдағы адам «Уағалейкумәссалам!» деп жауап қайтаратын. Әйел адамдар ер адамның бетіне тік қарамай, басын иіп ишара білдіруші еді. Қарап отырсам қазіргі кез тіптен басқа. Әйелдер де ерлер де бір-бірін бас салып сүйіп жатады. Сырттай қарағанда әрине оғаштау көрінеді. Кешегі айтқан Президентіміздің сөзі өте дұрыс. Амандасудың да өз мәдениеті бар шырағым.
Амандасу – екі жақты әрекет. Сәлем берген адамның ізеті қаншалықты маңызды болса, оған жауап қайыру да сондай маңызды. Берілген сәлемді елемей өту – сәлем бермеуден де ауыр. Ел ішінде «Сәлемге жауап беру – парыз» деген ұғым осыдан қалыптасқан. Жауап қайырғанда даусын естіртіп айту, көзіне қарау, жүзін жылытып қою – бәрі әдептің бөлшегі. Күбірлеп қана қойған сәлемнен, бас изеп қана өте шыққан ілтипаттан жылу шықпайды.
Сәлемнің сыртқы түрінен гөрі ішкі мазмұны маңызды. Дауыс ырғағы, көзқарас, жүздің жылуы – бәрі бір сәтте байқалады. Отырған адамның үлкен кісіге орнынан тұрып сәлем беруі, қалпағын алуы, қолын қалтасынан шығаруы, құлаққапты алып тастауы – ұсақ көрінгенімен, ізеттің нақты көрінісі. Алыстан айқайлап амандасу, аузында тамағы бар күйі сәлем беру, телефоннан бас алмай қол ұсыну – бұлар да әдептің шегінен шығу. Амандасқанда адамның бет-жүзіне қарамай, жанынан жалт өте шығу қарсы алдындағы кісіні елеместікпен тең.
Бүгін де бұл өлшемдер бұзыла бастағанын байқау қиын емес. Қала тұрғыны көршісін білмейді, лифтіге бірге кірген адаммен көз алмасудан қашады.
Екінші бір кейіпкеріміз қаламыздағы «Еркеназ» балабақшасының тәрбиешісі Жанар Маратқызы 45 жаста.
– Әрине «Сәлем сөздің анасы», – деп халқымыз бекер айтпайды ғой. Бала тәрбиесінде де амандасудың жөні бөлек. Біз балабақшадағы бүлдіршіндерге тәрбиені ең бірінші амандасудан бастаймыз. Оларға қазақи тәрбиені үлгі етеміз. Қазіргі кезде амандаспақ түгіл автобуста орын бермейтін жастарымыз бар. Президенттің кешегі айтқан бастамасына қосыламын. Ол кісі өте дұрыс айтты. Ермен ердің, ермен әйелдің бет сүйісіп амандасуы ыңғайсыздау көрінеді.
Мектеп табалдырығынан аттаған оқушы мұғалімін көрсе де бас изеп өте шығады. Дүкенде, емханада, көлікте сәлем берудің орнына тұнжырап тұру әдетке айналып барады. Телефоннан бас алмай, құлағында құлаққабы бар жас адам жанындағы қарияны байқамайды. Сәлемнің орнына «хай», «прив» тәрізді бөгде сөздер қолданылады. Ең өкініштісі, кейбір адам сәлемді де таңдап беретін болды: пайдасы тиетін кісіге жарқылдап, қатардағы жанға немқұрайды қарайтын мінез қоғамда етек алып барады. Мұның бәрі – жеке адамның ғана емес, бүкіл ортаның мәдениет деңгейін көрсететін көрсеткіш.
Ауылдық жерде жолда кездескен бейтаныс кісімен амандасу дәстүрі әлі сақталған. Ауыл адамы бір-бірін тани ма, танымай ма – бәрібір сәлем береді. Өйткені оның ұғымында сәлем таныстықтың емес, адамдықтың белгісі. Ал қалада халық көп, әркім өз ісімен асығады. Дегенмен мұның өзі сәлемнен бас тартуға сылтау бола алмайды. Бір подъезде, бір кеңседе, бір автобус аялдамасында күнде кездесетін адамдар – бейтаныс емес, жиі жүздесетін жандар. Солармен бір ауыз сәлемдесудің өзі күнделікті ортаны жылытып жібереді.
Уақытқа қатысты айтылатын «Қайырлы таң», «Қайырлы күн», «Қайырлы кеш» деген амандасу үлгілері де тілімізде бар. Оны сырттан келген әдет деп ойлайтындар кездеседі, шын мәнінде мұнда да тілек мәні жатыр: адамға күнінің қайырлы болуын тілеу – ежелгі ізеттің жалғасы. Мұндай сөздерді орынды қолданған адам да сәлем әдебінен шықпайды. Ең бастысы – амандасудың қай түрі болсын, шын көңілден айтылуы керек.
Үшінші буындағы жас кейіпкерлеріміз, тараздық Таңшолпан Рүстемқызы мен Назым Әбенқызы. Олардың ойынша бет сүйіп амандасу қалыпты жағдай секілді. Олай амандаспасақ ренжісіп қалғандай көрінеміз, қыздармен де, ұлдармен де құшақтасып амандасамыз. Бұл достықтың белгісі дейді. Әрине бұл жастардың ойы.
Сәлемдесу – тілдің де айнасы. Қазақ тілінде сөйлеп тұрып, амандасуды өзге тілде бастау көпшілікте әдетке айналған. Бір ауыз сәлемін өз тілінде айта алмаған адамның тіл тағдыры туралы айтқан әңгімесінің де салмағы жеңіл болады. Сол себепті мемлекеттік мекемеде де, дүкен мен емханада да, көшеде де сәлемдесуді ана тілінде бастау – тіл мәртебесін көтерудің ең қарапайым да ең әсерлі жолы.
Соңғы жылдары амандасудың жаңа кеңістігі пайда болды. Хат жазысатын қосымшалар мен әлеуметтік желі арқылы күн сайын мыңдаған адам бір-бірімен тіл қатысады. Өкінішке қарай, көпшілік хабарламасын сәлемсіз бастайды, өтінішін бірден жазып жібереді. Телефон соққанда да амандаспай, төтесінен сөзге көшетіндер аз емес. Бұл – ізетсіздіктің жаңа түрі. Хатты да, қоңырауды да сәлемнен бастаған адам өз ойын жеткізуді жеңілдетеді, әрі қарсы алдындағы жанның көңілін дайындайды. Экран арқылы сөйлессек те, әдептің өлшемі өзгермейді. Керісінше бет-жүзі көрінбейтін кеңістікте сыпайы сөздің салмағы одан да арта түседі.
Сәлемдесудегі шектің бұзылуы әйел мен ер адамның арасындағы қарым-қатынасқа да қатысты. Қазақы ұғымда бұл салада ұстамдылық басты өлшем болған. Амандасқанда артық қимылға бармау, қашықтық сақтау, сөзді де, ым-ишараны да орнымен қолдану – жасы үлкенге де, кішіге де бірдей талап. Мұндай ұстамдылық суықтық емес, керісінше, қарсы алдындағы адамды сыйлаудың белгісі.
Әскери ортада амандасудың өз тәртібі бар. Жарғымен бекітілген сәлемдесу үлгісі – әскери адамның ұстамдылығы мен тәртібінің көрінісі. Сол себепті погон таққан азаматтың әдеп өлшемін қатаң сақтауы – кәсіби талап. Мемлекет басшысының форма киген адамдардың артық қылығын бөле айтуының себебі де осында. Әскери қызметшінің бойындағы сабырлылық, ұстамдылық, тәртіп – жалпы қоғамға үлгі. Мұны тек әскерге қатысты талап деп қарауға болмайды: тәртіпті орта тәртіпті адамнан құралады.
Еңбек ұжымындағы қарым-қатынаста сәлемнен басталады. Таңертең жұмысқа келген басшы қызметкерімен жарқын жүзбен амандасса, сол ұжымның көңіл күйі бөлек болады. Керісінше, үнсіз кіріп, үнсіз шығатын адамның айналасына суықтық орнайды. Күнді жылы сәлемнен бастаған адамның еңбекке деген ықыласы да арта түсетінін мамандар талай айтқан. Демек, амандасу тек әдеп мәселесі емес, ұжымдық еңбектің нәтижесіне де әсер ететін жайт. Бір ауыз сәлемнен басталған жылы қарым-қатынас талай түйінді мәселенің шешімін жеңілдетеді.
Мемлекет басшысы әңгіме барысында тазалық пен тәртіп мәдениетін дәріптеу қажеттігін де сөз етті. Оның пікірінше, тазалықты тек көзге көрінетін тұрмыстық тазалық деп қана емес, ой-сананың, жан дүниенің тазалығы деп түсінген жөн. Ой тазалығы бой тазалығымен ұштасқанда ғана мәдениетті, таза ұлт қалыптасады. Бұл тұжырым амандасу әдебіне де тікелей қатысты: іші таза адамның сәлемі де жылы, ілтипаты да шынайы болады. Керісінше, сәлемді жүрекпен емес, ерінмен ғана беретін адамның ізеті жасанды көрінеді.
Ендеше, амандасу әдебін қалыптастыру ісін неден бастау керек? Ең алдымен – отбасынан. Бала сәлем беруді кітаптан емес, ата-анасының мінезінен үйренеді. Әкесі көршісімен амандаспайтын үйдің баласы да ешкімге сәлем бермейді. Керісінше үлкенді сыйлап өскен баланың ізеті өмір бойы бойында қалады. Халқымыз «Үлкенге – құрмет, кішіге – ізет» деп бекер айтпаған. Осы қағида әр отбасының күнделікті тірлігінде көрініс тапса, қоғамдағы қарым-қатынас та түзеледі. Ұлы Абай адамның адамдығын талап, еңбек, терең ой, қанағат, рақым секілді асыл қасиеттермен өлшеген еді. Сол қасиеттердің бәрі баланың бойына бір ауыз сәлемнен бастап дариды.
Екінші – мектеп пен ұстаз. Оқушының күні мұғаліммен амандасудан басталуы – тәрбиенің ең қарапайым әрі ең әсерлі сабағы. Мұның ережеге айналуы үшін ұстаздың өзі оқушыға жарқын жүзбен жауап беруі керек. Балаға тек «сәлем бер» деп талап қою жеткіліксіз, оған сәлем берудің қалай болатынын күнде көрсету қажет. Сынып сағаттарында сөз болатын әдеп тақырыбы дәрісте айтылып қана қоймай, дәлізде, асханада, аула ішінде іске айналуы тиіс.
Үшінші – қоғамдық орта мен қызмет саласы. Дәрігер, сатушы, жүргізуші, мемлекеттік қызметші – адаммен күнде жүздесетін жандар. Олардың бір ауыз жылы сәлемі көп мәселенің шешімін жеңілдетеді. Кейде адам мекемеден көңілі қалып шығады, ал оның себебі құжат немесе заң емес, қарсы алдындағы кісінің салқын жүзі, сәлемсіз басталған әңгімесі болып шығады. Халықпен жұмыс істейтін маманның кәсіби біліктілігі оның сәлем беруінен-ақ аңғарылады.
Бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желінің де атқарар рөлі зор. Танымал адамдардың, блогерлердің, өнер иелерінің жүріс тұрысы жастарға үлгі болатыны рас. Экраннан көрінген бір қимыл мыңдаған жасөспірімнің мінезіне сіңеді. Сол себепті жария орында жүрген әрбір азаматтың қимыл қозғалысы ұлттық әдеп өлшемінен шықпағаны абзал.
Амандасу – ақша шығындалмайтын, бірақ бағасы өлшеусіз әрекет. Оның адамға берер қуаты да мол: жылы сәлем ренішті жуады, көңілді көтереді, бейтаныс жанды жақындастырады. Ал сәлемсіз өткен күн адамдардың арасына суықтық ұялатады. Сондықтан амандасу әдебі – жеке адамның ғана емес, тұтас ұлттың бет-бейнесі. Мемлекет басшысы көтерген мәселенің мәні де осында: мәдениетті ұлт болу үлкен істен емес, күнделікті ұсақ көрінетін қимылдан, бір ауыз сәлемнен басталады.
Бір ұрпақтың бойына сіңген әдет екінші ұрпаққа мұра болып қалады. Бүгін сәлем берген бала ертең сәлем алатын үлкен болады. Ендеше әрқайсымыз күнді бір ауыз сәлемнен бастасақ, ол әдет ауылға, ауылдан қалаға, қаладан елге тарайды. Ұлттың мәдениеті де, мемлекеттің мерейі де осындай қарапайым қадамдардан құралатынын ұмытпағанымыз жөн.
Майра АМАНЖОЛҚЫЗЫ.

Поделиться ссылкой:

Добавить комментарий