Жастар жылы жағымды жаңалықтарға толы болмақ

752 Views

Жастар жылы жағымды жаңалықтарға толы болмақ

Жастар мен отбасы институтын кешенді қолдау мемлекеттік саясаттың басымдығына айналуға тиіс.

Жастардың барлық санатын қолдауға арналған шараларды толық қамтитын әлеуметтік сатының ауқымды платформасын қалыптастыру керек.

Келесі жылды Жастар жылы деп жариялауды ұсынамын.

Біз ауылдық жерлердің әлеуметтік ортасын жаңғыртуға кірісуіміз қажет.

Бұған арнайы «Ауыл – Ел бесігі» жобасының іске қосылуы септігін тигізеді.

Бұл жоба арқылы өңірлердегі еңбекке қатысты идеологияны ілгерілетуді қолға алу керек.

Бойскаут қозғалысы сияқты «Сарбаз» балалар-жасөспірімдер бірлестігін құрып, мектептерде әскери-патриоттық тәрбиенің рөлін күшейткен жөн.

«Өз жеріңді танып біл» жаңа бастамасы аясында еліміздің өңірлері бойынша жаппай мектеп туризмін қайта жаңғырту керек.

МЕМЛЕКЕТ БАСШЫСЫ Н.Ә.НАЗАРБАЕВТЫҢ «ҚАЗАҚСТАНДЫҚТАРДЫҢ ӘЛ-АУҚАТЫНЫҢ ӨСУІ:

ТАБЫС ПЕН ТҰРМЫС САПАСЫН АРТТЫРУ» АТТЫ ЖОЛДАУЫНАН.

ЖАСТАР ЖЕТКЕН ЖЕТІСТІКТЕР ЖЕТЕРЛІК

-Айбек Сәрсеханұлы, бүгінде ауданымыздағы жастар ісімен айналысатын бірден бір мекеменің директоры қызметін атқарудасыз. Бұл қызмет, бүтін бір аудан жастарының атынан сөйлеу сіз үшін қаншалықты қиын?

— Қазіргі таңда ауданымызда 14-29 жас аралығында 14 456 жас бар. Өзіңіз айтқандай, жастар ісімен айналысатын бірден бір мекемеде қызмет етіп, қай жерде болмасын осы жастардың атынан сөйлеу оңай емес. Біздің бірінші міндетіміз – осы жастардың қамын ойлап, тыныс-тіршілігінде кездесетін күрделі мәселелерді көтеру, шешімін табу, олардың қажеттіліктерін өтеуге қолдан келгенше жәрдемдесу деп білемін. Мемлекет басшысының тапсырмасымен жастарды қолдау мақсатында қабылданған бағдарламаларды түсіндіріп, үгіт-насихат жұмыстарын жүргізу, жас кәсіпкерлерді қолдау, жұмыссыз жастардың жұмыспен қамтылуына, кәсіптік оқуларға тартылуына, сондай-ақ, жастар арасындағы мәселелерді шешуде қол ұшын созу мен қоғамдық шараларға тарту да – бізге жүктелген міндет болып отыр. Әрине, осы міндеттер мен мақсаттарды жүзеге асыруға дайынбыз.

Біздің мекеме қызметкерлерін қуантатындығы аудандық жастардың бойында діттеген мақсаттарына жетуге деген құлшыныс пен жігер-қайраттың барлығы. Әсіресе, қоғамдық шараларға белсене қатысып жүрген ерікті жастар ұйымының белсенділігін айта кеткенім жөн болар. Мақсаты айқын, қандай іске де құлшына, жұмыла кірісетін жалынды жастар барда, оларды қолдайтын Егемен мемлекетіміз барда, алынбайтын асу жоқ деп ойлаймын.

– Ауданымыздың жастары өте белсенді деп қалдыңыз. Ендеше өткен жылда жеткен жетістіктері жөнінде, облыс көлеміндегі көрсеткіші жөнінде не айта аласыз?

– Жастарымыз қай салада болмасын, жақсы нәтиже көрсетіп келеді. Сөзімді алдымен орталықтан бастасам, өткен 2018 жылы біздің «Жастар ресурстық орталығы» облыстық өзіміз секілді мекемелер арасындағы спартакиадада жүлделі ІІІ орынға ие болды, мекеме қызметкерлерінің білімі мен біліктілігін сынау бойынша тестілеу болған еді, тестілеу нәтижесінде біздің орталық облыс бойынша 1-орын иеленіп, жоғары нәтиже көрсетті. Өткен жылы облыстық жас ақындардың жинақ кітабы жарық көрді, сол кітапқа ауданымыздың мақтанышы Мейрамбек Бекжановтың өлеңдері енді. Жастарымыз өнер байқауларында, спорттық жарыстарда, жалпы қандай сайыстар болмасын, жүлделі орындардан көрініп жүр. Бір сөзбен айтқанда, аудандық жастардың жеткен жетістіктері жетерлік.

«ZHAS PROJECT» ЖАСТАРҒА АРНАЛҒАН ЖОБА

– Соңғы жылдары шағын кәсіпкерлікке мемлекет тарапынан үлкен қолдау көрсетіліп келеді. Аудан жастары үшін бұл бағытта қандай жұмыстар атқарылып жүр?

— Өте орынды сұрақ қойдыңыз  Рас, елімізде шағын бизнеске көп көңіл бөлініп келеді. Солардың көбісі жастарға арналғандығы көңіл қуантады. Өткен жылы ауданымыздың 70-тен астам жастары республикалық «ZHAS PROJECT» жобасына қатысып, бақтарын сынап көрді. Нәтижесінде қатысқан 28 жұмыстың 12-сі іріктеуден іркілмей өтіп, мемлекеттен 1000000 теңгеге дейін қайтарымсыз несие алды. Қолдарына тиген қаражатқа бірлескен жастар тобы өз кәсіптерін ашып, өркендетіп отыр. Жалпы алғанда «ZHAS PROJECT» жастарды жарқын болашаққа жетелейтін жобалардың ең үздігі дер едім.

Одан бөлек ауданымызда 2018 жылдың қорытындысы бойынша «Жұмыспен қамту және кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021» бағдарламасының ІІ бағыты бойынша 16 азамат микронесие алғандығын айта кеткенім жөн болар.

– Мемлекет басшысы 2019 жылды ресми түрде «Жастар жылы» деп жариялады. Алдағы уақытта аудан жастарының игілігі үшін жасалатын қандай жоспарларыңыз бар?

— Жастар жылы жағымды жаңалықтарға толы болмақ. Жоғарыда атап өткенімдей бұл жылы да жас кәсіпкерлерге қолдау көрсетуді жалғастыра беретін боламыз. Сол үшін ауданымызда «Жас талап» жас кәсіпкерлер мектебін қоғамдық негізде құруды жоспарлап отырмыз. Аталмыш идеяның басты мақсаты — кәсіптен нәсібін табам деген жастарға бағыт-бағдар беру мен оның қыр-сырын үйрету. Сонымен қатар, осы жас кәсіпкерлерді ынталандыру мақсатында белгілі кәсіпкерлермен кездесу ұйымдастыруды көздеп отырмыз. Бұл – бір. Екіншіден, Құлан ауылындағы «Жастар саябағы» заманауи үлгіде салынып, жарықтандыру жұмыстары жүргізілмек. Құлан ауылына кіре берістен «Махаббат аллеясы» атты арнайы жобасын жүзеге асыру шаралары жоспарланып отыр.Ауылдық округтерде арнайы спорт алаңдарын жабдықтау қолға алынбақ. Одан бөлек «Жас кәсіпкерлер» клубын құруды көздеп отырмыз. Бұл бастамамыздың негізгі мақсаты аудандағы жас кәсіпкерлердің басын қосып, әлеуметтік жағынан аз қамтылған тұрмысы төмен отбасыларға қолдау көрсету. Аудандағы жас таланттарды даралау мақсатында «Рухани жаңғыру» офисі жанынан «Шабыт» жас жазба ақындардың мектебі құрылады. Сонымен қатар, жуық арада аудандық мәдениет үйі жанынан «Жас айтыс ақындары мектебі» құрылып, өз жұмысын бастайтын болады. Жастар жылында қолға алынатын басты жобалардың бірі – «Волонтерлер» клубын құру. Аудан жастарынан құрылған топ «Жақсылық жасауға асығайық!» деген ұранмен өз жұмыстарын бастап та кетті. Бүгінгі таңда олар аз қамтылған отбасылар мен мүгедектерге арналған «Әлеуметтік дүкен» ашу жобасын қолға алып отыр.

-Сүбелі сұхбатыңызға көп рақмет.

Сұхбаттасқан

Салтанат ҚАРАСАЙ.

Поделиться ссылкой: