Ел тыныштығын күзеткен жас командир

1 173 Views

Ел тыныштығын күзеткен жас командир

Қазақстанның болашағы жастардың қолында. Дәл осылай өскелең ұрпаққа үлкен сенім артқан Мемлекет басшысы 2019 жылды ресми түрде «Жастар жылы» деп жариялады. Еліміздің негізгі драйвері ретінде саналатын белсенді жастар ауданымызда да жетерлік. Олар мемлекеттік, білім, денсаулық, кәсіпкерлік салаларында етене еңбек етіп келеді. Осыған орай біз еңбекпен есімі еленген аудандағы кейбір жастар жайында сөз қозғауды жөн көрдік.

Отанды қорғау — еліміздегі әрбір ер азаматтың ортақ міндеті.Бірақ, байтақ елімізді қорғауға құлшыныс танытқан жастарымыз қазіргі таңда көп еместігі айтпаса да белгілі. Себебі, құпиялығы мен қиындығы жоғары салада жұмыс атқару екінің бірінің қолынан келе бермейді. Дегенмен, аталмыш саладағы сан түрлі қиындықтарға қарамастан жастық шағын әскери өмірмен байланыстырған жастарымыз да баршылық. Солардың бірі – Айдос Парманов.

Айдос 1992 жылы қазіргі Түркістан облысы, Сарыағаш ауданы, Жүзімдік ауылында дүниеге келген. Мектепті аяқтай салысымен, Шымкент қаласында орналасқан генерал-майор Сабыр Рақымов атындағы республикалық әскери мектеп-интернатында оқыды. Бүгінгі таңда Луговой ауылындағы 42062 әскери бөлімінде абыроймен қызмет атқарып жүр. Жасы небәрі 26-да болса да, әскери бөлімнің құрамына кіретін ІІІ мотаатқыштар ротасының командирі. Рота құрамында офицерлер мен сержанттар, келісім-шарт бойынша жұмыс істейтін қызметкерлер мен бірнеше сарбаздар бар. Жас болса да бас бола білген Айдос жоғары шенді басшыларынан еңбекқорлығының арқасында талай рет марапаттарға ие болған. Иығындағы төрт жұлдызы бар шеннен оның капитан екенін де аңғаруға болады.

Тілдесу барысында жас командирдің бойынан Отанға деген нағыз патриоттық сезімді байқай алдық. Ол өзі тәрбиелеп отырған сарбаздардың бойынан да осы қасиеттерді көргісі келетінін жасырмады. Жауынгерлердің  бойында патриоттық сезімнен бөлек темірдей тәртіп, жоғары жауынгерлік дайындық және берілген тапсырмаларды мінсіз орындау үшін ептілік қажет екендігін алға тартты.

Туған жерін, елін, оның бар байлығын қорғауды мақсат еткен Айдос «Отан отбасынан басталады» деген нақылды санасында берік ұстанады. Сондықтан болар, өзінен кейінгі іні-қарындастарына ағалық ақылын айтып, Отанды сүюге, қадірлеп-қастерлеуге үнемі баулып отырады. Дәл осылай отбасының ақылшы тірегіне айналған замандасымыздың қазіргі таңда Мөлдір есімді аяулы жары мен Аружан атты сүйкімді қызы бар.

Жәнібек БАЗЫЛБЕКОВ.

Поделиться ссылкой: