WORLD CLEANUP DAY: АУДАНДА СЕНБІЛІК ҰЙЫМДАСТЫРЫЛДЫ

7 Views

Дүниежүзілік тазалық күніне орай, аудан аумағында ауқымды сенбілік жұмыстары ұйымдастырылды. Игі шараның негізгі мақсаты – қоршаған ортаның тазалығын сақтау, елді мекендерді көркейту және тұрғындар арасында экологиялық мәдениетті қалыптастыру.
Сенбілік барысында орталық саябақ аумағында тазалық жұмыстары жүргізіліп, ондаған техника жұмылдырылды. Жалпы шараға 500-ге жуық тұрғын қатысты. Олар саябақ аумағын тазалап, тұрмыстық қалдықтарды жинау және абаттандыру жұмыстарына белсене атсалысты.

Тазалық акциясына аудан жастары мен еріктілер де белсенді қатысты. Олар туған жердің тазалығына өз үлестерін қосып, қоршаған ортаны абаттандыру жұмыстарына жұмыла кірісті. Жастардың белсенділігі тұрғындарды табиғатты аялауға және елді мекен тазалығына жауапкершілікпен қарауға үндейтін маңызды бастама болды.
Сенбілікке қатысқан тұрғындармен кездескен аудан әкімі Ернар Есіркепов тазалықты сақтау – баршаға ортақ міндет екенін атап өтті.
– Елді мекендердің тазалығы мен көркеюі тек арнайы қызметтердің жұмысына байланысты емес. Бұл – әрбір тұрғынның ортақ жауапкершілігі. Өзіміз тұратын ортаны таза ұстап, қоршаған ортаға жанашырлықпен қарау – баршамызға ортақ міндет, – деді аудан басшысы. Сондай-ақ, аудан әкімі Дүниежүзілік тазалық күні аясында ұйымдастырылған жұмыстарға белсенді қатысқан тұрғындар мен еріктілерге алғысын білдірді.
Жәнібек СҰЛТАН.

Поделиться ссылкой:

Добавить комментарий