Қамқорлық пен мейірімге негізделген қызмет
13 ViewsҚоғамның кемелдігі мен мәдениеті оның мұқтаж жандарға деген қарым-қатынасымен, мейірімділігімен өлшенеді. Осы орайда, қиын жағдайға тап болған азаматтарға қол ұшын созып, олардың өмір сүру…
Соңғы уақытта жастар арасында әлеуметтік
желілер арқылы сауда жасауға қызығушылық
артып келеді. Әсіресе студенттер үшін «TikTok»
пен «Instagram» әлеуметтік желілері арқылы тікелей
эфирде тауар сату оқудан қол үзбей табыс табудың
бір тәсіліне айналды.
Негізі студенттер үшін тұрақты жұмысқа
орналасу оңай емес. Сабақ кестесі мен жұмыс
уақытының сәйкес келмеуі қосымша табыс табуға
кедергі келтіреді. Сондықтан жастар бос уақытын
тиімді пайдаланып, стрим арқылы сауда-саттықпен
айналысқанды жөн көреді.
М.Х.Дулати атындағы Тараз университетінің
3-курс студенті Аружан Қадірберген де осы
бағытты таңдаған. Кейіпкеріміздің «TikTok»
арқылы сауда жасап жүргеніне бір жылдан асыпты.
– Студент болғандықтан сабақ кестесіне қарай
тұрақты жұмысқа орналасу оңай болмады. Кейбір
жұмыс орындарындағы белгіленген кесте оқу
уақытыммен сәйкес келмеді. Сондықтан «TikTok»
платформасы арқылы сауда жасауды қолға алдым.
Стрим арқылы сауда жасаудың маған ұнайтын
тұсы – тауарды сатып алушыға тікелей эфирде
көрсетіп, ерекшеліктерін бірден түсіндіресің.
Сұраныс жоғары болған жағдайда тауарды бірнеше
минуттың ішінде сатып жіберуге болады. Стримде
сатушының белсенділігі маңызды. Көрерменнің
назарын аударып, өнімнің артықшылықтарын
түсінікті жеткізіп, адамдармен еркін сөйлесе
білу қажет. Уақыт өте келе өз ойымды қысылмай
жеткізуге дағдыланып, сатып алушылармен
қарым-қатынас жасауды және олардың сұранысын
түсінуді үйрендім. Негізінен қыз-келіншектерге
арналған киім-кешек, сөмке мен косметикалық
заттарды сатамын. Менің ойымша, бұл жұмыс
студенттерге өте қолайлы.
Сабақтан бос уақытта тікелей эфирге
шығып, қосымша табыс табуға әрі
сауда саласында тәжірибе жинауға
болады. Ата-анаңнан үнемі ақша сұрай
берген де ыңғайсыз. Өз еңбегіңмен
тапқан табысың жеке қажеттіліктеріңді
өтеуге көмектеседі. Әрине, кіріс тұрақты
емес. Ол тауарға деген сұранысқа,
көрермен санына және сатушының
белсенділігіне байланысты, – дейді
Аружан Қадірберген.
Аружанның айтуынша, тікелей эфир
кезінде тауарды таныстырумен қатар,
сатушының әдеп сақтауы да маңызды.
Эфир жүргізушісі көрермендермен
сыпайы сөйлесіп, сұрақтарға сабырмен
жауап беріп, өнім туралы нақты ақпарат
ұсынуы керек. Бағасы, сапасы, өлшемі
мен өзге де ерекшеліктерін дұрыс
түсіндіру сатып алушының сенімін
қалыптастырады.
– Тікелей эфир барысында әдепсіз
әрекеттер жасауға, балағат сөздер айтуға немесе көрермендерді қорлауға
болмайды. Мұндай жағдайда заң аясында жауапкершілікке тартыласыз
немесе аккаунтыңыз бұғатталады.
Сондықтан мәдениеттілік пен жауапкершілік бірінші орында тұруы тиіс.
Өнімнің кемшілігін жасырмай, сатып
алушыны жаңылыстырмау да маңызды.
Өйткені сатушының сөзі мен әрекеті
тауарға деген сенімге тікелей әсер етеді,
– дейді Аружан.
Сонымен қатар кейінгі жылдары
жастар арасында ванхун қызметіне
қызығушылар да көп. Ванхундар дүкен
атынан эфирге шығып, тауардың
түсін, өлшемін, матасын және сапасын
түсіндіреді. Көрермендердің сұрақтарына жауап беріп, өнімге қызығушылық тудыруға тырысады.
Қытайда кең тараған бұл сауда тәсілі
Қазақстанда да кәсіпкерлердің назарын
аударып отыр. Дүкендер әлеуметтік
желілер арқылы тұтынушылармен
тікелей байланыс орнату үшін эфир
жүргізетін сатушыларды жұмысқа
тартады.
Ванхун қызметін таңдағандардың
бірі – Айжамал Қаршабаева.
– Ванхун болып жұмыс істеу өзіме
ұнайды. Ең бастысы, жұмыс кестесін
өзіме ыңғайлап, уақытымды еркін
жоспарлай аламын. Көпбалалы ана
болғандықтан мен үшін өте қолайлы.
Балаларымды қарап, олар мектепке
барғанға дейін үйде отырдым. Қолымда диплом болмаған соң, арнайы білімді
талап етпейтін жұмыс іздедім. Сөйтіп
ванхун қызметімен айналысуға шешім
қабылдадым. Қазір бұл кәсіпті біршама
меңгеріп, жұмысымды жолға қойдым.
Еңбегіме қарай табыс табамын. Өз
уақытымды өзім жоспарлап, отбасымның жағдайына қарай жұмыс істеуге
мүмкіндік бар. Әсіресе мұндай қызмет
студенттер үшін де тиімді деп ойлаймын.
Олар сабақтан қол үзбей, бос уақытында
қосымша табыс таба алады, – дейді
Айжамал Қаршабаева.
Алайда оның айтуынша, аталған
қызметі сырт көзге оңай көрінгенімен,
өзіндік жауапкершілігі мен қиындығы
бар. Эфир барысында тауарды жан-жақты
таныстырып, оның ерекшеліктерін
түсіндіру, көрермендердің сұрақтарына
жауап беру және сатып алушылардың
қызығушылығын арттыру қажет. Бірнеше сағат бойы камера алдында отырып, көрерменмен үздіксіз байланыс
орнату да оңай емес. Сондықтан бұл
жұмыста тіл табыса білу, ойды анық
жеткізу, белсенділік пен жауапкершілік
маңызды рөл атқарады.
Сонымен қатар табыстың тұрақсыздығын да ескерген жөн. Кейде
тауарға сұраныс артып, табыс көбейсе,
кейде сатылым көлемі төмендеуі мүмкін.
Сол себепті жұмысқа кіріспес бұрын
еңбекақы төлеу тәртібі мен табысты
есептеу жолдарын нақтылап алған
дұрыс.
Айжамалдың сөзінше, ванхун
қызметінің басты артықшылығы –
уақыт еркіндігі мен еңбегіне қарай табыс
табу мүмкіндігі. Дегенмен тұрақты
нәтиже көрсету үшін тәжірибе жинап,
көрерменмен дұрыс қарым-қатынас
орнатып, әр эфирге жауапкершілікпен
дайындалу қажет.
Стрим арқылы сауда жасау мен
ванхун қызметі жастарға қосымша
табыс табумен қатар, сауда жүргізу,
көпшілікпен еркін қарым-қатынас жасау
және тұтынушылардың сұранысын
түсіну дағдыларын қалыптастыруға
мүмкіндік береді. Дегенмен бұл
саладағы табыс көлемі, жоғарыда атап
өткеніміздей, тауарға деген сұранысқа,
сатушының белсенділігі мен еңбегіне
тікелей байланысты. Сондықтан бұл
бағытты жеңіл табыс көзі емес, уақытты
тиімді жоспарлауды, ізденісті және
жауапкершілікті қажет ететін жұмыс
ретінде қарастырған жөн.
Сымбат ҚУАНЫШ.