ОҚИТЫН ҰЛТ: бала тәрбиесі және ұлттық баспасөз
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен
елімізде кітап оқу мәдениетін дамытуға және зерделі ұлт қалыптастыруға
бағытталған «Кітап оқитын ұлт» жобасы жүзеге асырылуда. Осы жоба
аясында өткен жұмада ауданға «Қазақ газеттері» ЖШС басшылығы
мен республикалық басылымдардың редакторларынан құралған
делегация арнайы келіп, «Оқитын ұлт: бала тәрбиесі және ұлттық
баспасөз» тақырыбында кездесу өткізді. «Қазақ газеттері» ЖШС бас
директорының орынбасары Бағашар Тұрсынбайұлы бастап келген
жиынға «Ақиқат» журналының бас редакторы Дәуіржан Төлебаев,
«Балдырған» журналының бас редакторы Ерғали Бақаш, «Ақ желкен»
журналының бас редакторы Балжан Мұратқызы, «Ана тілі» газеті
бас редакторының орынбасары Қарагөз Смаділ, «Ұлан» газеті бас
редакторының орынбасары Асылан Тілеген, Жамбыл облысы әкімінің
кеңесшісі, ақын Хамит Есаман, аудан әкімінің орынбасары Бақкелді
Ғабдоллаұлы, сондай-ақ, ауданның зиялы қауым өкілдері, кітапхана
қызметкерлері мен оқырмандар қатысты.
Кездесу барысында «Қазақ газеттері» ЖШС бас директорының
орынбасары Бағашар Тұрсынбайұлы мен «Балдырған», «Ана
тілі», «Ақ желкен», «Ақиқат», «Ұлан» сынды республикалық
басылымдардың өкілдері ұлттық баспасөздің бүгінгі тыныс-тіршілігі мен қоғамдағы маңызы жөнінде ой бөлісті. Жиында балалар
әдебиеті, жас ұрпақтың рухани тәрбиесі, кітап оқу мәдениеті және
қазіргі ақпараттық кеңістіктегі мерзімді басылымдардың рөлі
кеңінен сөз болды. Сонымен қатар кездесуде ұлттық баспасөзді
қолдау, мектеп кітапханаларын республикалық газет-журналдармен қамтамасыз ету және балалар мен жасөспірімдердің мерзімді
басылымдарға қызығушылығын арттыру мәселелері қозғалды.
Әсіресе жас ұрпақтың бойына ұлттық құндылықтарды сіңіруде
кітап пен баспасөздің маңызы ерекше атап өтілді. Жиын барысында
қатысушылар өз ой-пікірлерін ортаға салып, кітап оқу мәдениетін
қалыптастыру мен ұлттық басылымдардың оқырман аясын кеңейту
жөнінде ұсыныстарын білдірді.
Ақжарқын МҰРАТБЕКҚЫЗЫ.
