АУҒАННЫҢ ОТ ЖАЛЫНЫ
АУҒАННЫҢ ОТ ЖАЛЫНЫ
Аудандық мәдениет үйінде дәл осындай тақырыпта әскери-патриоттық байқау өтті. Жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен өткен аталмыш байқаудың шымылдығын аудан әкімдігі ішкі саясат бөлімінің басшысы Ләззат Өтеулиева мен аудандық Ауған соғысы ардагерлер кеңесінің төрағасы Ерлік Шабеев сөз сөйлеп, ашып берді.
2 кезеңнен құралған байқауға әр ауылдық округтерден 16 үміткер қатысты. Байқау шарты бойынша бірінші кезеңде үміткерлер тек Ауған соғысы жайлы рухты әндер шырқаса, екінші кезеңде Отан, туған жер туралы әндер айтты. Осылайша, қазылар алқасының құрамы үздік үштікті анықтады. Нәтижесінде, жүлделі III орынды А.Шынасілов атындағы орта мектептің оқушысы Мерей Әбдіраманова жеңіп алса, жүлделі II орын Қорағаты шағын орталықты орта мектебінің оқушысы Жансая Жәрдемге бұйырды. Ал жүлделі I орын үздік орындаушы екенін көрсете білген Құлан ауылшаруашылығы қолледжінің студенті Денис Гордеевтің еншісіне жазылды. Аталмыш оқу ордасының студенті Айтжан Жаулыбай мен Өнер мектебінің шәкірті Алина Еркен «Нағыз патриот» және «Көрермен көзайымы» номинацияларымен марапатталды.
Марат ЖОЛДАСБЕКҰЛЫ.
Ауғанның асуында от кешкендер
Бүгінде еліміздің әр аумағында Ауған соғысы ардагерлерімен кездесулер ұйымдастырылып жатыр. Дәл осындай іс-шаралардың бірі Қарақат ауылындағы №2 шағын орталықты орта мектебінде өтті.
Аталмыш шараға Ауғанның асуында от кешкен Ерлік Шабеев, Қылышбек Төребеков сынды ардагерлер құрметті қонақ ретінде шақырылып, оқушылармен жүздесті. Ілкімді іс-шара барысында ардагерлер басынан өткерген оқиғаларымен бөлісіп, оқушылар тарапынан қойылған сұрақтарға толыққанды жауап беріп отырды. Солардың ішінде бізге ұнаған сауалдардың бірін мектеп оқушысы Қоңырбай Ділдабай қойған еді. Қоңырбайдың ««Ерлік, батырлық, жауынгерлік» ұғымдарын жастар арасында қалай насихаттаған дұрыс?» деген сұрағына аудандық Ауған соғысы ардагерлер кеңесінің төрағасы Ерлік Шабеев «Өте орынды сұрақ. Сен атаған үш қасиет қазақтың әр баласының бойында бар. Аталмыш қасиеттерді дәл осындай кездесулер арқылы дамытуға болады. Мәселен, мен мектепте оқыған кезімде алғашқы әскери дайындық сабағынан дәріс берген ұстазымыз ҰОС-ның ардагері болатын. Сол кездері ұстазымыз майдан шебінде болған ұрыстарды айтып, оны біз қызығушылықпен тыңдайтынбыз. Мен ол кісінің кеудесіне таққан медальдарына қарап қызығатынмын. Сондықтан болар өмірімді әскери саламен байланыстырғым келді. Мектепті аяқтай салып, әскер қатарына шақырылып, Ауған жеріне ерікті түрде аттандым. Енді міне, сол соғыста өткен оқиғаларды бүгін мен сендерге айтып отырмын. Егер де біз бүгінгі кездесуде бір-екі оқушыны патриоттық сезімге баули алсақ, кездесу өз мақсатына жетті деуге толықтай негіз бар» деп жауап беріп, оқушыларға ой салды.
Кеш барысында Аружан Байғұтты, Ерсұлтан Тоқтасын, Мерей Серік сынды өнерпаздар өз өнерлерін көрсетті.
Жәнібек СӘДУАҚАС.
Ауғанстан – жан жарасы
Жуырда совет әскерлерінің Ауған жерінен шығарылғанына 30 жыл толуына орай аудандық М.Өзбеков атындағы мәдениет үйінде мәдениет қызметкерлерінің ұйымдастыруымен «Ауғанстан – жан жарасы» атты ауған ардагерлерімен кездесу өтті. Кездесуде тарихи өлкетану музейінің басшысы Есназар Құрымбаев кіріспе сөз сөйлеп, қатысушылар сол аласапыран шақтарда шейіт болған жас жауынгерлерді бір минут үнсіздікпен еске алды. Ш.Уәлиханов атындағы орта мектеп пен Құлан орта мектебінің оқушылары қатысқан іс-шараға ауған соғысының ардагерлері Манарбек Тілепов және Асқар Әміреев шақырылды. Ауған соғысы құрбандарына арнайы әзірленген бейне ролик көрсетіліп, ардагерлерге арнап концерттік бағдарлама ұсынылды.
Іс-шара барысында ауған соғысына қатысып, «Қызыл жұлдыз» ордендерімен марапатталған ардагерлер Манарбек Тілепов пен Асқар Әміреевке сөз кезегі берілді. Ардагерлеріміз осы іс-шараны ұйымдастырып отырған ұжымға алғыс білдіре отырып, отыз жыл өтсе де күні кешегідей санада жаңғырық болып қалған өз естеліктерімен бөлісті. Сонымен бірге оқушыларды қызықтырған сұрақтарға жауап беріп, бейбіт елдің ұландары жас буынға өз тілектерін білдіріп, аталық ақылдарын айтты.
Сонымен қатар, ардагерлер қолынан Ш.Уәлиханов атындағы орта мектептің оқушыларына әскери куәлік табысталды.
Кездесу соңында М.Өзбеков атындағы мәдениет үйінің директоры Нұрдос Базарқұлов келген қонақтарға алғыс айтып, ардагерлерге естелік сыйлықтар табыс етті. Сондай-ақ, Ш.Уәлиханов атындағы орта мектептің ұстазы Мейрамбек Әкімбековті мәдени іс-шараларға белсене қатысып жүргені үшін арнайы алғыс хатпен марапаттады.
Нұршат ЕРСАЙЫН.
Қайырымдылық — асыл қасиет
Қайырымдылық – адам баласын өзгелерден ерекшелеп тұратын асыл қасиеттердің бірі. Біз өмір сүріп жатқан қазіргі қоғамда көмекке мұқтаж жандар өте көп. Міне, сондай жандарға қол ұшын беріп, оларды бақытқа бөлеу – адамды ерекше марқайтып, жанына жылу береді. Осы орайда, Максим Горький атындағы орта мектепте «Қайрымдылық» акциясы аясында өткізілген жәрмеңкеден түскен 85.000 теңге қаржыға, көмекке мұқтаж оқушыларға қажетті қыстық етік, жылы жемпірлер мен күртешелер сатып алынды. Сондай-ақ, аз қамтылған отбасы болып саналатын кейбір жанұяларға азық-түліктер берілді. «Қолы ашықтың – жолы ашық» деген жақсы сөз бар қазақ халқында. Ұжымда жұмыс істейтін сондай жандар тарапынан 2 оқушыға қыстық күртеше берілді. Сонымен қатар, көп балалы отбасынан шыққан кейбір оқушылар қажетті заттармен қамтамасыз етілді. Осылайша, акция аясында 13 оқушыға әлеуметтік көмек көрсетілді.
А.ҚАЛМҰРЗАЕВА,
М.Горький атындағы орта мектептің әлеуметтік педагогы.