ОРМАН БЕЛДЕУЛЕРІ КӨБЕЙІП КЕЛЕДІ

834 Views

22 Наурыз – Ұлыс Күні

ОРМАН БЕЛДЕУЛЕРІ КӨБЕЙІП КЕЛЕДІ

Ұлыстың ұлы күні алдында Жамбыл облысы әкімінің Тұрар Рысқұлов ауданындағы орман мен жан жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі мемлекеттік м е к е м е с і н і ң б а с ш ы с ы Қ а й р а т Медербекұлы Өзбековпен хабарласып, бүгінгі шаруаның жай-күйін сұрадық.

— Біздің мекеменің табиғи қорында 44815 гектар жер бар. Соның 997 гектары орман белдеулері. Дәлірек айтқанда Ақыртөбе мен Меркі ауданының аралығындағы табиғи қорықтар біздің мекеме қызметкерлерінің қорғауына берілген,- дейді мекеме басшысы. — Осыншама алқап екі орманшылықтың қадағалауында. Қорағаты орманшылығын онжылдық тәжірибесі бар Сияз Жаманқұлов басқарса, орталық орманшылыққа аға орманшы Анатолий Картушан басшылық етеді. Қорағаты орманшыларының шебері Күлдәр Бәкеева. Оның осы салада еңбек еткеніне отыз жыл болды. Ол ІІІ дәрежелі «Еңбек Даңқы» медалінің иегері. Тракторшы Керімжан Әсімовтың де осындай марапаты бар. Ал, Сейітжан Сүттібаев сынды орманшыны бұл төңіректе білмейтін жан жоқ шығар. Олар табиғаттың байлығын, қолдан  жасалған орман белдеулері мен сайын далада жортқан аң мен құсты, тіпті суда жүзген балықтарды да бөтеннің сұғынан сақтауға аса бір жауапкершілікпен қарап үйренген.

Иә, мекеме басшысы Қайрат Өзбеков пен оның орынбасары, І дәрежелі Еңбек Даңқы» медалінің иегері Кәрім Төлегеновтың сөзінен ұққанымыз табиғат қорғаушылары орман белдеулерін қолдан жасап қана қоймай, «қызыл кітапқа» енген қарақұйрық, ақ бөкен сияқты аңдарды броконьерлердің қатал жазасынан сақтап қалуға барынша күш салуда екен. Біз барған күні орманшылар жүз мың түп қара ағаш отырғызуға тайлы таяғымен кірісіп те кетіпті. Иә, орман белдеулері болмаса әлдеқашан құм көшіп есігіміздің іргесінде жататын еді ғой. Ал, мың гектар орман белдеуі тұрғанда одан қауіп жоқ, әрине. Орманшылар тал-дарақ көшетін сырттан сатып алмайды. Тұқым бағына Нүркен Зәуірбеков пен Талғат Газаев күтім жасайды. Олардың Қарақыстақ қойнауында 2014-2015 жылдары дарақ дәнінен баптап өсірген көшеттері қазір әжетке жарап қалыпты. Орман өсіру инженері Анар Қырғызбаева мен ормандарды қору мен күзету инженері Серік Жалантақовтарды еңбектері де айрықша атап өтуге лайықты. Осы көктемде ауданымыздың ғана емес облысымыздың көптеген шаруашылықтары көшетті осы Луговой ауылындағы орманшылардан сатып алуда. Жоғарыда айтқан 100 гектар жерге орманшылар осы көктемде 222 мың түп көшет отырғызса, 9 мың түп қылқан жапырақты дарақ сатуға дайын тұр. Осы көшеттерді көріктендіру және көгеріштендіру айлығы кезінде ауданымыздағы «Таза су», «Жасыл Құлан» мекемелері, аймақ, ауыл округтері дендросаябақ орнатуға сатып алуда.

Аумағы ауқымды алқапты алып жатқан қорықтарды өрттен сақтап қалу мәселесі бұған дейін табиғат қорғаушылардың жатса-тұрса ойынан кетпей жүрген болатын. Осыдан үш жыл бұрын мекеме жанынан өрт сөндіру станциясы ашылды. Қазір оған отставкадағы подполковник Асылбек Тастанбеков басшылық жасайды. Бекетте екі өрт сөндіретін арнайы машина, 4 өрт сөндіруші бар. Барлығы 9 адам сақадай сай тұр.

Табиғатсыз адамның күні жоқ дейтін болсақ ондағы жортқан аңдарды жылына бір мәрте есепке алып отыратын аңшылық танушы маман Ерғали Әбдіқұловтың шаруасы да шаш етектен. Ол аңдарға жылына тоғыз мәрте санақ жүргізеді. Иә, тылсым дүниенің тыныштығын бұзып, «қызыл кітапқа» енген жан-жануарларды аяусыз атып, броконьерлікпен жойып жүргендермен тынымсыз күрес жүргізу оның абыройлы міндеті. Десек те 2018 жылы пиғылы бұзық 14 азамат Ерекеңнің қармағына түсіп, заңсыз аң атып, балық аулағаны үшін 85 мың теңге айыппұл төлепті.

Ұлыстың ұлы күні болып табылатын жаңа жылды орманшылар жыл сайын осындай әзірлікпен қарсы алады. Қазіргі таңда орманшыларда тыным жоқ. Өйткені олар топырақта ылғал бар кезде қолда бар тұқым мен көшеттерді дер кезінде отырғызып қалуға барлық күш жігерлерін жұмылдыруда. Өйткені орман белдеулерін жасап, табиғатты аялау олардың төл борышы.

С.ҚОЖЕКЕ.

Луговой ауылы.

Суретте: орманшылар 100 гектар алқапқа

 жаңа орман белдеулерін жасау үшін

222 мың түп көшет отырғызуды қолға алды.

Поделиться ссылкой: