ТӨЛ МЕРЕКЕ – ҰЛТТЫЌ МҰРА
ТӨЛ МЕРЕКЕ – ҰЛТТЫЌ МҰРА
Наурыз – ежелден келе жатқан түркі халықтарына ортақ мұра. Наурыз мерекесін дінмен байланыстыратын бірқатар теріс түсініктер де бар. Алайда ұлыстың ұлы күні саналатын наурыз мейрамы діни мереке емес. Жыл басы саналатын наурыз мерекесінің Орта Азия халықтарында тойланып келе жатқанына 5 мың жылдай уақыт болған. Наурыз сөзі парсы тілінен аударғанда «нау» — жаңа, «рыз» — күн, яғни «жаңа күн» деген мағынаны білдіреді. Наурыз – қазақ халқының кең пейілі мен жомарттығын, ауызбіршілігін ұлықтайтын мерейлі дәстүр. Атаулы мерекеде дайындалатын ең басты ас мәзірі – наурыз көже. Наурыз көжені халқымыз киелі, қасиетті санайтын қара қазанға тақ саннан тұратын түрлі дәмдерді қосу арқылы дайындаған. Бір анадан сүт еміп өскен ит екеш иттің өзі өзара ырылдасып, тартыспайтыны сияқты бір қазаннан ас ішу дәстүрі – бір анадан тараған бауырдай татулық пен бірліктің символы іспеттес. Наурыз көже дайындау – қазақ халқының жан дүниесінің кеңдігі мен қонақжайлығын ғана емес, сонымен қатар адамдардың бірлікке, ынтымаққа бағытталуын көрсетеді.
Наурыз мерекесі – біздің ұлттық байлығымыз. Егемендік алғалы дәстүрге қайта қол жалғаған халқымыз Ұлыс күнін уақыт өткен сайын жаңғырту үстінде. Қазірге дейін елімізде батыстың бірқатар мерекесі атап өтіледі. Соның ішінде Қазақстан халқының барлығы дерлік тойлайтын, сүйекке сіңіп бара жатқан мейрам – Жаңа жыл мерекесі. Алайда соңғы уақыттарда қанша дәріптегенімен түптің түбінде өз емес «өгей» мереке екенін халық ұғынғандай. Мысалы соңғы 10 жыл ішінде Жаңа жылға деген дабыр-дүбір жай сыбырға айналып, асқан қызығушылық төмендегені байқалады. Сондай-ақ осы жылы Тараз қаласында бірқатар мектептерде жасыл шырша мерекесі тойланбағанын білеміз.
Тамыры тереңде жатқан төл мерекеміз – ұлттық мұра. Адамзат бойындағы бар асыл қасиеттерді ұлықтап, жақсылық пен мейірімділікке, кешірім мен жан дүние тазалығына бастайтын ғажайып мереке – біздің мереке. Қаймағы бұзылмай ата-бабадан келе жатқан дәстүрді одан әрі жаңғыртып, жас буынға жақсымызды насихаттау – үлкен өнеге.
Нұршат ЕРСАЙЫН.