Бабалар рухына тағзым етті

765 Views

Бабалар рухына тағзым етті

Жақында облыс әкімдігі ішкі саясат басқармасының басшысы Берік Уәли мен мәдениет, архив және құжаттама басқармасының басшысы Дүйсенәлі Бықыбаевтың қатысуымен өткен өңірлік коммуникациялар қызметіндегі брифингте аймақ жұртшылығы әз- Наурыз мерекесін 9 күн атап өтетіндігі жайлы ақпарат айтылған еді. Айта кетейік, бұл бастама облыс әкімі Асқар Мырзахметовтың қолдауымен жүзеге асырылып отыр.

Аймақ басшысының осынау игі бастамасына киелі Құлан жұртшылығы да қолдау көрсетіп, Ұлыстың ұлы күнін тойлауды бастап кетті. Бұған дейін Көрісу мерекесі ауданымызда ешқашан тойланған жоқ еді. Ықылым заманнан келе жатқан ата дәстүрімізді ауданымызға жаңадан сайланған әкім Ерболат Садырқұлов қайта жаңғыртқандай болды. Бұл мереке алдағы жылдары да осылай жалғаса береді деген ойдамыз.

Көрісу күнін аудан халқымен бірге атап өткен аудан басшысы жұма күні аудандық орталық «Сұлтан» мешітіне арнайы бас сұғып, батыр бабаларымыздың құрметіне Құран оқытты. Қасиетті жұма күні Тағзым мерекесін ұлықтап, Алланың үйіне келген аудан әкіміне мешіттің бас имамы Сұлтаншәріп қажы Жадыраев шексіз ризашылығын жеткізіп, жұртшылыққа имани тәрбие беретін уағыз айтты. Мешітке жиналған жамағат Ерболат Салқынбекұлының кішіпейілділігіне дән риза болып, өздерінің жүрекжарды лебіздерін білдірді.

Марат ДИХАНБАЙ.

Поделиться ссылкой: