Аяулы аналарды марапаттады

811 Views

Аяулы аналарды марапаттады

Әз — Наурыз мейрамы өңірімізде кең көлемде тойланып жатқаны баршаңызға белгілі. Оған дәлел ретінде аймақ аумағында күн сайын әр тақырыппен өтіп жатқан іс-шаралар тізбегін айтуға болады.

Ұлт бейнесін айшықтайтын осынау ұлық мереке қарсаңында ұйымдастырылған «Жаңғыру» күнінде аудан әкімдігі ішкі саясат бөлімінің басшысы Ләззат Өтеулиева аудандық орталық аурухананың перзентхана бөліміне бас сұғып, дүниеге сәби әкелген келіншектерді Наурыз мерекесімен құттықтады. Ләззат Шәкуәліқызы өз сөзінде:

-Өздеріңіз де хабардарсыздар деген ойдамын. Ұлыстың ұлы күнін ұлықтау мақсатында облысымызда Наурыз мерекесі ерекше дәстүрмен атап өтілуде. Жаңғыру күнінде біз сіздермен жолығысып отырмыз. Наурыз — бағзыдан келе жатқан қазақ халқының ұлттық мейрамы. Осы айда аудандық перзентханада 30 сәби дүниеге келіпті. Ұл-қыздарыңыздың бақытына бөленіңіздер. Елімізде тек қана тыныштық болсын,-деді. Одан кейін, аудандық орталық аурухана бас дәрігерінің орынбасары Раушан Жұманқұлова мен перзентхана бөлімінің меңгерушісі Дариякүл Айтанова да сөз сөйлеп, аяулы келіншектерге зор денсаулық тіледі. Содан соң, 7 сәбиін өмірге әкелген Луговой ауылының тұрғыны, көпбалалы ана Ғалия Нұрсұлтанова пайымды пікірін ортаға салып, ақ халатты абзал жандармен қатар Наурыз мерекесімен арнайы құттықтап келген Ләззат Өтеулиеваға өз ризашылығын білдірді.

Марат ДИХАНБАЙ

Поделиться ссылкой: