Қасиетті Рамазан құтты болсын!

3 928 Views

Иә, әуелі Жаратушымыздың шексіз мейірім- шапағатымен еліміз өркендеп, аяққа нық тұрды. Дін мен дәстүріміз жаңғырды. Әлемдік қауымдастық алдында Қазақстанның аты абыроймен атала бастады. Рамазан – рухани  жаңғыруымызға септігін тигізіп, иманымызды күшейтуге мүмкіндік туғызатын қадірі мен қасиеті мол ай. Көптен күткен қасиетті Рамазан айына да жақын қалды. Ұлы Жаратушының пенделеріне тартқан теңдессіз сыйы. Қасиетті Рамазан – Жаратқан Иеміздің рахымы мен мейіріміне тұнған ай. Басқа уақытпен салыстырғанда жақсылықтар мен сауаптардың сансыз еселеніп жазылар айы да – Рамазан. Ораза адам жанын тазартып, жаман іс-қылықтардан сақтайды. Құранда Жаратушымыз “Ей, иман еткендер! Күнәлардан сақтанып, тақуалыққа жетулерің үшін сендерге бұрынғыларға парыз етілгендей ораза парыз етілді” (“Бақара” сүресі, 183-аят), – дейді. Аятта айтылғандай, оразаның мақсаты – мұсылманды рухани тазартып, тақуалыққа жеткізу. Ендеше тақуалық – Жаратушыға бой ұсыну, әмірлеріне құлдық ұрып, тыйғандарынан тыйылып, иманды, көркем мінезді, парасатты жан ретінде, Ұлы Жаратушының сыйлаған сансыз нығметтерінен айырылып қалудан сақтану. «Ораза тұтқан мұсылманның үндемеуі тәсбих, ұйқысы ғибадат, дұғасы қабыл және амалының сауабы көп болады.» (Дәйләми)

«Рамазан айында ораза ұстауды парыз деп біліп, сауабын Жаратушыдан күтіп ораза ұстаған адамның күнәлары кешіріледі.» (Бұхари) Демек, оразаның мақсаты – жанды рухани тазартып, көркем мінезге тәрбиелеу, нәпсі тізгінін қолға алу. Биыл рамазан айы 6 мамыр күні басталады.

ҚАДІРЛІ АУДАН ТҰРҒЫНДАРЫ!

Баршаңызды мүбәрак Рамазан айының келуімен шын жүректен құттықтаймын! Ұстаған оразаларыңыз, дұға-тілектеріңіз қабыл болғай! Рамазан айында жасаған игі істеріңіз сауаптан жазылып, Жаратушымыз елімізге, жерімізге берекесін, мол ризығын жаудырсын! Мұратымыз асыл, дұғамыз қабыл болсын!

С.ЖАДРАЕВ,

аудандық «Сұлтан» орталық

 мешітінің бас имамы.

Поделиться ссылкой: