730 Views
Жуырда Қытайдың Сиянь қаласында өткен Азия чемпионатында еркін күрестен ұлттық құрама балуандары 2 алтын, 1 күміс және 2 қола жүлде еншілеп, айтарлықтай нәтиже көрсетті. Оның ішінде 97 келі салмақ дәрежесінде қола медаль жеңіп алған ауданымыздың мақтанышы, жерлесіміз Әлішер Ерғалидың жеңісі өз алдына бөлек әңгіме десек артық айтпаспыз, сірә. Әлішердің бойындағы күш-қуатын, боз кілемде еркін көсілетін шеберлігін отандық баспасөздің біріне берген сұхбатында еркін күрестен ұлттық құраманың бас бапкері Әсет Серікбаев та жоғары бағалағанын оқыған едік. Жалпы, Азия чемпионатында 3 мәрте боз кілемге көтерілген Әлішер алғашқы айналымда корей балуанымен күресіп, 6:2 есебімен ұтты. Одан кейін жерлесіміз атағынан ат үркетін әлемнің 2, Азия чемпионатының 7 дүркін чемпионы, даңқты Иран балуаны Реза Язданимен белдесіп, 7:3 есебімен ұтылып қалды. Осы орайда, қарсыласына соқыр ұпай ұстатпайтын Язданидың біздің Әлішердің мықтылығын мойындағанын жазып өткеніміз абзал. Ал, қола жүлде үшін болған белдесуде жас балуан 2 мәрте Олимпиада ойындарына қатысқан Қырғыз елінің мақтанышы Магомед Мұсаевты 6:2 есебімен жеңіп, сарықұрлық балуандарының үздік үштігінің қатарына қосылды.
Апта басында аудан әкімі Ерболат Садырқұлов Қытайдың Сиянь қаласында өткен Азия чемпионатында ел қоржынына қола жүлде салған Әлішер Ерғалиды арнайы қабылдап, айтулы жеңісімен құттықтады. «Әлішер, сен өзіңнің мықты балуан екеніңді Азия чемпионатында дәлелдей білдің. Әсіресе, Иран балуанымен жоғары деңгейде күресіп, қарға тамырлы қазақтың намыс оты
қандай боларын бозкілемде анық ұқтырдың. Біз сені әрқашан мақтан тұтамыз. Жарақаттан аман болғайсың. Жеңісті сәттерің көп болсын » деді Ерболат Салқынбекұлы балуан жігіттің қолын ұстап тұрып. Өз кезегінде Әлішер Ерғали да үлкен сенім артқан аудан басшысына зор ризашылығын білдіріп, ел намысы үшін қандай қарсылас болса да, бозкілемде тартынып қалмайтынын айтты.
ТАҚЫРЫПҚА ОРАЙ:
Әлішер Ерғали еркін күрестен 2016 жылғы Кадеттер арасындағы ел чемпионы. 2018 жылы жастар арасында да Қазақстан біріншілігінің чемпионы атанған. Ол биыл Шымкент шаһарында өткен ересектер арасындағы Қазақстан чемпионатында да топ жарды. Еркін күрестегі алғашқы бапкері – Асхат Жаманбаев. Қазіргі таңда Пернебек Беласар сынды білікті бапкердің қол астында жаттығады. 2016 — 2018 жылғы Азия біріншілігінің күміс және қола жүлде иегері. Халықаралық дәрежедегі спорт шебері. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті денешынықтыру факультетінің 3 курс студент
Марат ДИХАНБАЙ.
СУРЕТТЕ: Қытайдың Сиянь қаласында өткен Азия
чемпионатында қола медальға ие болған жерлесіміз
аудан әкімі Е.Садырқұловтың қабылдауында.
Поделиться ссылкой: