Көпбалалы ана баспаналы болды

735 Views

Ауданда баспана алу кезегінде 622 адам тіркелсе, оның 100-ге жуығы көпбалалы аналар. Көпбалалы 552 отбасынан 880 бала мектепте ыстық тамақпен қамтылып, жаз маусымында 200 бала тегін демалыс лагеріне жіберіледі.

4 ұл, 3 қыз өсіріп отырған көпбалалы ана Әсел Құрманованың тұрмыстық жағдайы туралы біз бұған дейін де газет бетінде жазған болатынбыз. Жас келіншектің отау құрған жұбайынан көрмегені жоқ. Төзім дегенді қарасаңызшы. Ол шиеттей ұл-қыздары үшін барлығына көнді. Бірақ, «күйеудің» кесір мінезі оған мүмкіндік қалдырмады. Жұптары жараспаған соң, заң жүзінде ажырасқан. Ажырасқаннан кейін Әсел қиыншылықтың «көкесін» бастан өткерді. Өзінің айтуынша, Қарақыстақ ауылында бір пәтерден екінші бір пәтерге көшіп жүрген сәттері көп болған. Алайда, жас келіншектің қарақыстақтық ағайынға айтар алғысы шексіз. Өйткені, жергілікті жұртшылық Әселдің отбасылық жағдайын түсініп, қолдарынан келгенше жақсылық жасаған екен.

Қорағаты ауылдық округіне қарасты Көкқия тау шатқалынан алтын өндіріп жатқан «Golden compass Jambyl» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің басшысы, атымтай жомарт азамат Құрбан Изалов Әсел Құрманованың тұрмыс жағдайын ескеріп, жалғызбасты анаға пәтер сатып алып беруді құп көріпті.

Кеше аталмыш жеке шаруашылық серіктестік басшысының демеушілігімен Луговой ауылынан 3 млн. 100 мың теңгеге сатып алынған пәтердің кілті Әсел Құрмановаға салтанатты түрде табыс етілді. Аудан әкімі Ерболат Садырқұлов көпбалалы ананың қуанышымен бөлісуге арнайы барып, құттықтау сөз сөйледі. Аудан басшысы өз сөзінде бақытты балалық шақ пен алаңсыз қарттық, сондай-ақ, жарасымды жанұя тәуелсіз Қазақстанның даму стратегияларының ең басты бағыттарының бірі екенін айта келіп, Әсел Құрмановаға баянды бақыт, зор денсаулық тіледі. Одан кейін сөз сөйлеген Құрбан Изалов бұл қиыншылықтың бәрі артта қалып, болашақта 7 ұл-қызынан Әселдің жарқын қуаныш көретінін айтты. Шара соңында аудандық ардагерлер Кеңесінің төрағасы Қожайхан Бижанов:

– Үй-іші, бала-шаға аман болсын,

Тыныштық тату қосқан заман болсын.

Табиғат таусылмайтын ризық беріп,

Дастарханда тартулы тағам болсын,

Астарыңыздан дәм кетпесін,

Көңілдеріңізден сән кетпесін,

Ұрпақтарыңыз аман болып,

Өмірлеріңізден мән кетпесін,- деп ақ бата берді.

Марат ДИХАНБАЙ.

Поделиться ссылкой: