Құлан жері – қасиетті өнердің киелі бесігі

1 916 Views

Өнерсіз өмір жоқ. Өнерге деген іңкәрлік өмірге деген құштарлығыңды оятып, ерекше сезімге бөлейді емес  пе? Халықтың «Өмір мен өнер егіз ұғым» дейтіні сондықтан болса керек. Өнер адамзат өміріндегі басты құндылықтардың бірі екенін айтқан Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев 2013 жылы арнайы Жарлықпен 21 мамырды «Мәдениет және өнер қызметкерлерінің күні» етіп бекіткен еді. «Муз-ТВ» арнасының жүлдесімен марапатталған кезде де «Адамзат – өнерсіз өмір сүре алмайды» деп, өнердің орнын айқындап берді.

Сейсенбі күні Мэлс Өзбеков атындағы мәдениет үйінде бас қосқан аудан өнерпаздары кәсіби мерекелерін атап өтті. Кеш шымылдығы бейнелі монологпен ашылды. Концерт залын кенет қою қараңғылық басып, көрермендер «Не болып қалды?» дегендей тынши қалды. Осы сәтте сахна ортасына көмескі жарық түсті. Өнерпаздар жарық сәулесімен бірге қозғалып, жеке-жеке монолог оқыды. Құлақта «Кей кезде жалын нөсерміз, Өнерсіз біздер бекерміз. Халықпен ғана көгеріп, Халықпен ғана өсерміз» деген өлең жолдары қалып қойды.

Қасиетті Құлан жері өнерімен өрге жүзген таланттылардан кенде емес. Өнердің қай саласын алып қарасаңыз да жалпақ жұртқа жақсы таныс, қазақтың рухани сұранысын қанағаттандырып жүрген қабырғалы тұлғаларымыз бар біздің. Әлемнің әр түпкірінде болып жатқан жылт еткен жаңалықтан сол сәтінде хабар алып отырған қазіргі ақпараттық ғасырда Құлан топырағынан түлеп ұшқан ол өнер иелерінің есімін тізбектеп жатудың өзі артық. Десек те, салтанатты жиында еліміздің мәдени-рухани өміріне өлшеусіз еңбек сіңіріп кеткен, әлі де еңбек етіп жүрген өнер майталмандарының есімі атаусыз қалмады. Солардың ішінде Өзбек Ақжолұлы бастаған Балқыбек Тәжіұлы, Бораншы Рүстембайұлы, Сыдықназар Керімбаев, Қожатай Ахамбаев, Қазыбай Бижанов, Аманжан Қалманбетов, Әбжапар Жылқышиев, Құлмахан Пірімқұлов, Совет Әлімқұлов, Әбдәкім Жәлімбетов, Кәріпжан Нүсіп, Қуандық Шолақ, Шырын Мамасеріковалардың есімін айрықша атап өткен жөн.

Салтанатты шарада сөйлеген сөзінде аудан әкімі Ерболат Садырқұлов «Тәуелсіз еліміздің мәдени-рухани өміріне зор үлес қосып, замандастарымыз бен жас ұрпақты Отансүйгіштікке тәрбиелеу, тарихымызды насихаттау, салт-дәстүрімізді жаңғырту, елді бірлік пен ынтымаққа шақыру жолында еңбек етіп отырған мәдениет және өнер саласының алар орны ерекше. Мәдениет кең де қастерлі ұғым. Бұл бағыттағы әрбір қадам ізгі. Сіздер өз еңбектеріңіз арқылы елдің рухын көтеріп, адам баласына шексіз қуаныш сыйлайсыздар» дей келе өнер майталмандарын «Мәдениет және өнер қызметкерлері» күнімен құттықтап, шығармашылық табыс тіледі. Бірқатар сала қызметкерлерін марапаттап, Алғыс хаттар табыс етті. Сонымен қатар, аудандық мәслихат хатшысы Тұрсынхан Жаманбаев пен аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Нұрдәулет Жамалбековтер де құттықтау сөз сөйлеп, марапаттарын тапсырды. Ал, саз мектебінің директоры Бердібек Бабасов өзінің ескі естеліктерімен бөлісіп, ізгі тілегін жеткізді.

Мерекелік кештің жылдағыдан тағы бір ерекшелігі елімізге белгілі өнер жұлдыздары, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Бақытжан Әлпейісов, актер Азамат Сатыбалды, әнші Тахмина Әшімбековалар видео арқылы жерлестерін құттықтаған екен. Олардың ыстық ықыластарын LED экран арқылы тамашалаған көрермендерге аудандық көркемөнерпаздар әсем әннен шашу шашты.

Мереке ЕРЖАНҰЛЫ.

Поделиться ссылкой: