Үкіметтік емес ұйымдар үкіметке үлкен көмек

842 Views

Ел аумағында Тұңғыш Президент Н.Ә.Назарбаевтың қолдауымен Үкіметтік емес ұйымдардың өз жұмыстарын бастағанына да біраз жылдың жүзі болды.  Сол уақыт аралығында атқарылған ауқымды тірліктер мен көлемді көмектерді де көріп  жүрміз, біле алғанымызша біліп жүрміз. Өткен аптаның жұмасында аудан әкімдігі ішкі саясат бөлімінің басшысы Ләззат Өтеулиеваның қатысуымен аудан аумағында жұмыс жасап отырған үкіметтік емес ұйымдармен басқосу өтті. Сұлутөр кинотеатрына жиылған Жамбыл облысы «Қазақстан студенттерінің Альянсы» жастар қоғамдық бірлестігі, «Элай-Құлан» мүгедектер қоғамдық бірлестігі мен «Дос-Тараз» бірінші топ мүгедектері қоғамдық бірлестігінің басшылары жоспардағы жұмыстар тізімімен бөлісіп, өзара тәжірибе алмасты.

Күні бүгін аудан бойынша 20 үкіметтік емес ұйым Әділет басқармасының дерекқорына тіркелген. Нақтырақ айтсақ, 7 қоғамдық бірлестік, 6 қоғамдық қор, 1 қоғамдық қайырымдылық қор, 4 мүгедектер қоғамдық бірлестігі, 2 корпоративтік қор қызмет көрсетуде. Сондай-ақ, үкіметтік емес ұйымдарды мемлекет тарапынан қолдау мақсатында ағымдағы жылға  аудан бюджетінен 1 200,0 мың теңге бөлінген. Айта кетейік,  «Дәстүрлі емес діни ағымдар қатарындағы азаматтарға бейімдеу жұмыстарын жүргізу» тақырыбы бойынша мамыр айында ойнатылған  конкурстың жеңімпаздары атанған  облыстық «Қазақстан студенттер Альянсы» жастар қоғамдық бірлестігі 369,0 мың теңге ұтып алған. Жиын барысында аталған уақыттан бері жоспарланған 7 іс-шараның 2-і өткізілді десті жастар қоғамдық бірлестігінің төрағасы Қаныбек Мұратбаев. 

Жыл басында аудан әкімдігі жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөліміне 47691,0 мың теңге бөлінген. 8 әлеуметтік қызмет көрсету : тұрмыстық, құқықтық, педагогикалық, мәдени, жұмыс күшін жыл бойы ұсыну бойынша 40 адамға әлеуметтік көмекті «Элай-Құлан» мүгедектер қоғамдық бірлестігі көрсетіп жатыр. Бірлестік басшысы Аденов Марлан Тұрғынбекұлының айтуынша қазіргі таңда 36 қызметкер жұмыспен қамтамасыз етілген. Психоневрологиялық ауытқушылығы бар балалар мен жалғыз басты қарттарға барынша жәрдем беріп жүргенін газеттің өткен нөмірлерінде де жазғанбыз. Биылға дейін жұмыс барысы  тек Құлан ауылдық округінің аумағында шектелсе, енді орталықтан шалғай аймақтағы Мамай, Сөгеті секілді елдімекендегі жалғыз қалған қарияларға да көмек көрсетіліп жатыр. 1 топ мүгедектерін тұрып жатқан жерінен белгіленген мекенге дейін жеткізіп салу жұмыстарымен «Асан-Көмек»  мүгедектер корпоративтік қоры айналысады. Сондай-ақ, есту кемістігі бар мүгедектерге ымдау тілі маманының қызметін «ДОС-ТАРАЗ» бірінші топ мүгедектері қоғамдық бірлестігі көрсетеді. Бүгінде аталған  екі бірдей бірлестіктің тізгінін ұстап отырған  Эльмира Ибраеваның айтуынша, өмір­ге өкпелі жандармен тіл табысу ең қиын жұмыс. Жаралы жүрек, ренжулі көңіл, таусылуға шақ тұрған тағат тамшысын тәрк ету де, тамшыдан теңіз жасау да білікті маманға байланысты. Эльмира Әлиқанқызының мүгедектер тынысын барымен түсінетінін білеміз. Өйткені, біз де біраз уақыттан бері бірлестік басшысы болған, тәніне салған тағдыр тауқыметін жанымен көтеріп келе жатқан өмірге құштар маманның жайы мен жағдайын шама жеткенінше сезінгенбіз.

Үкіметтік емес ұйым құрудағы тәуекелге буылған бел мен бірлестік бағытын айқындаудың астарында талай төгілген тер, қыруар күш-қайрат жатыр. Тек соны ұғынатын жан мен ұға алатын басшы болса болғаны. Үкіметтік емес ұйымдардың үкіметке көрсеткен көмегін, халыққа тигізген шарапатын әсте шетте қалдыруға болмас. Міржақып Дулатұлының «Әркім өз қолынан келгенінше жомарт» деп айтуының астары тегін емес екені белгілі…

Нұрай Жайлаубай.

Поделиться ссылкой: