28 маусым – Байланыс және ақпарат қызметкерлерінің күні

1 054 Views

Ауданның айнасына айналған басылым

Аудандық «Құлан таңы» газетінің тарихы өте тереңде жатыр. Алпыс бес мыңға жуық халқы бар ауданда орын алған жаңалықтарды бұқпасыз әрі боямасыз тұрғындарға ұсынатын басылым келер жылы 80 жылдығын атап өтеді. Осы жылдар бойы редакция қабырғасында сөзі қарымды, түбінде терең ойы бар талай сөз шеберлері қызмет етті. Ендеше, өткенді  қайта ой елегінен өткізіп, газеттің 80 жылдық өміріне қысқаша ғана тоқталсақ.

Тұрарлықтардың төрінде тұратын төл газеттің алғашқы саны 1940 жылдың мамыр айынан бастап шықты. Қазақ және орыс тілдерінде жарық көрген газет әуелі «Коммунисттік еңбек» деген атпен шығып келді. Басылымның  алғашқы редакторы Ә.Мәдіғұлов еді. Одан соң газетті Сағат Арынов пен Оспанбек Хатиев сынды азаматтар ұзақ жылдар бойы басқарды. Газет та­ри­­хында Өсер Уазиев, Анатолий Деридович, Дүйсен Мамбеталин, Тұрсынхан Жаманбаев, Москау Нохрабеков, Мұратбек Арыстанбеков, Серікбай Өтегенов сын­ды басшылар­дың алар орны ерекше.

Баспа жұмысында қыл қаламы мен қойын дәптерін серік еткен тілшілердің де өзіндік орны бар. Олардың қатарына Әбдіжақып Туғанбаев, Есенкелді Төреқұлов, Рахмаш Сүлейманов, Әлібек Бақытов, Кәріпжан Нүсіп, Владимир Казакеев, Елена Кочергина, Раиса Сакаева, Сейсен Қожеке сынды саңлақтарды қосуға болады. Қарап отырсақ, «Құлан таңы» газеті тілшілерді даярлайтын шағын шеберханаға ай­налғандай. Оған алғашқы қадамдарын редакцияда бастап, облыстағы ірі ба­сылымдарда абыроймен қызмет етіп жүрген бір топ тілшілер дәлел бола алады. Мәселен, Ардақ Үсейінова мен Табиғат Абаилдаев «Ақ жол» газетінде қызмет етсе, Қамар Қарасаева облыстық жастар газетінде сан түрлі тақырыптарды қозғап, «Арайдың» шырайын келтіріп жүр.

Ал, енді газеттің қазіргі тыныс-тіршілігіне тоқталсақ. Бүгінде Мұратбек Өмірзақов тізгінін ұстаған ұжым ауданның экономикалық да­­муын, әлеу­меттік жағдайын, ауылшаруа­шылық жұмыстарында көзге көрінген жетістіктерін баяндап, баспа беттерінде жариялауда. Осы бағытта Сейсен Қожеке, Мереке Айнақұлов, Мереке Өтегенова, Марат Диханбай, Салтанат Қарасай сынды тілшілер аудан тіршілігіне көз жүгіртіп, жаңа­лықтардың жаршысы атанып жүр. Ал, фото тілші Талғат Досбембетовтың тү­сір­ген суреттеріне талайдың таңдай қа­ғатыны жасырын емес.

Газетті реттеу, беттеу, әрлеу жұ­мыстарын жүргізу үшін де асқан ше­берлік пен ептілік керек. Осы бір қос дарынды бойына жиған дизайнер-операторлар Перизат Кабираева мен Лесбек Әбдірайымовтың еткен еңбектері де өлшеусіз.

Бүгінгі баспа оқырмандардың тала­бына сай болуы керек екендігі тү­сі­нікті. Аудандық басылым аталмыш қағиданы да берік ұстанып, заман талабына сай іс жүргізуде. Мәселен, «Құлан таңы» газетінде жарияланған ақпарат немесе мақала оқырманға тез жету үшін, әлеуметтік желілерді тиімді пайдаланып келеміз. Барлық ақпараттарды ресми сайтымызда және instagram, facebook әлеуметтік желілеріне орналастыру, оқырман назарына ұсыну – веб-дизайнер Фархат Есімқұловтың тікелей міндеті.

Міне, аудан айнасының сексен жылда еңсерген еңбегі, жеткен жетіс­тігі, өзгерген тұстары дәл осындай! Жыл басынан жаңа форматта жарық көріп келе жатқан басылым өз оқыр­ман­дарын құнды ақпараттарымен, сү­белі сұхбаттарымен, мазмұнды мақа­лаларымен әлі талай рет қуантады де­ген сенімдеміз!

Жәнібек БАЗЫЛБЕКОВ.

Поделиться ссылкой: