Тәрбиенің өзегі – балабақшадан басталады
14 Views«Театр – киімілгіштен басталады» деген сөз бар. Сол секілді бала тәрбиелеу ісінің алғышарты да балабақшадан басталатыны сөзсіз. Осы ұғымды мақсат еткен аудандық аналар кеңесі…
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев алдағы уақытта орындалатын он негізгі бағытты айқындап, халық назарына ұсынған болатын. Президент елдегі экономикалық, әлеуметтік, саяси мәселелерді шешу үшін аталмыш бағыттарға баса мән берілетінін де тілге тиек етті. Солардың қатарында жастарды қолдау шаралары да қарастырылған. Дәлірек айтар болсақ, Қасым-Жомарт Кемелұлы өзі ұсынған он бағыттың ішіндегі соңғысын негізге ала отырып, жастарға көбірек көңіл бөлінетінін жеткізді. «Сіздер Қазақстанның дамуында маңызды рөл атқарып, прогрестің қозғаушы күші болуға тиіссіздер. Елбасы 2019 жылды Жастар жылы деп жариялады. «Жастар — Ел тірегі» арнайы жобасы жұмыс істей бастады. Біз «Жас кәсіпкер» жастардың бизнес-бастамаларын дамыту бағдарламасын іске асырудамыз, жастар стартаптарын қолдаймыз. Жастарды жұмыспен қамту бағдарламаларын іске асырамыз. Менің міндетім — сіздердің ең үлкен арманыңызды іске асыруға және жеке «табысқа жету тарихын» жасау үшін барлық мүмкіндіктерді жасау. Мемлекеттік қызметтің барлық деңгейлерінде жас талантты менеджерлерді насихаттау үшін Президенттің кадрлар резервы құрылады. Біздің жастар мақсатты, еңбекқор, жігерлі, сондықтан Қазақстанның болашағы жастардың қолында» деп аталмыш буын өкілдеріне үлкен сенім артты.
Негізінен, соңғы жылдары ел жастарына айрықша көңіл бөлінуде. Оны жастарға арналған көптеген бағдарламалардың бүгінгі нәтижелерінен анық аңғаруға болады. Мәселен, «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасын» басшылыққа алған аудандық жұмыспен қамту орталығы жұмыссыз болып тіркелген жастарды еңбекке тарту шараларын тұрақты түрде жүзеге асырып келеді. Атап айтар болсақ, жыл басынан бері жастар практикасы аясында 111 жас маман жұмысқа тартылды. Ал, қысқа мерзімдік кәсіптік оқыту, яғни 3 айлық курстарға 29 жасқа дейінгі жастардан 75 азамат әр түрлі мамандықтар бойынша оқып, біліктілігін арттыруда. Сонымен қатар, ақылы қоғамдық жұмыстарға 28 жас тартылып, уақытша жұмыспен қамтылды. Бұдан бөлек елімізде оқу орнын жаңадан тәмамдаған жас мамандар да ерекше қолдауға ие. Әсіресе, қаланы емес, қарапайым кең даланы таңдаған жастарға «Дипломмен-ауылға» бағдарламасы арқылы бар мүмкіндіктер жасалуда. Бағдарлама бойынша ауданымыздағы білім, денсаулық сынды әлеуметтік салаларға жастар көптеп тартылуда. Оларға алғашқы жәрдемақы мен тұрғын-үймен қамтамасыз ету үшін көптеген көмек көрсетілуде.
Біздің алдымызда ауылдық елдімекендерді дамыту, оны барынша жетілдіру, шалғай жатқан ауылдарды көркейту және гүлдендіру секілді келелі міндеттер тұр. Осы межелі міндеттерді орындау жолында жастардың берері көп деп ойлаймын. Сондықтан да, біз өңірлерді дамытуды мақсат еткен жастарды ауылға келуге шақырамыз.
Р.Балтабаева,
Т.Рысқұлов аудандық жұмыспен қамту орталығының сектор меңгерушісі.