Азат елдің ар-намысы – Ата Заң

685 Views

Өткен жұмада аудандық Мәдениет үйінде Қазақстан Республикасының Конституциясы күніне орай мерекелік шара ұйымдастырылды. Салтанатты іс-шараға аудан әкімінің орынбасары Бейсенбек Әлпейісов қатысып, құттық­тау сөз сөйледі.
Отандастарымыздың оқып білім алуы, еңбек етуі, өз құқықтарын қорғап азат елде өмір сүруі — Ата заң берген мүмкіндіктер жемісі. Егемен елдегі ұлттар мен ұлыстардың тату-тәтті ғұмыр кешіп, достық діңгегінің берік орнығуының түп-төркінінде де Конституция кепілдігі жатыр. Конституция болашақ табыстар мен алға қойылған мақсаттарды шешудің алтын діңгегі. Ата Заңымыз осынау 24 жыл ішінде еліміздің әлемнің ең дамыған отыз елдерінің қатарына енуі жөніндегі тарихи мақсаттары мен міндеттерін іске асырудың берік негізі болды. Біз әлеуеті асқақ қуатты ұлтқа айналдық. Ортақ шаңырағымыздың шекарасын шегелеп, іргемізді мызғымастай етіп бекіттік. Тағдыр тоғыстырған, тарих табыстырған түрлі ұлт өкілдері Конституция төңірегіне топтасты. Еңселі елордамыз әлемге руханияттың ірі орталығы әрі саясаттың іргелі ордасы ретінде танылды. Құқықтық мемлекет орнатып, әлемнің өркениетті елдерімен жан-жақты саяси тең дәрежеде қарым-қатынас қалыптастыру, ірі реформалар жүргізу, демократиялық принциптерді құрметтеу — тұтастай Ата заңымыздың аясында атқарылып келеді,- деді Бейсенбек Әшімәліұлы құттықтау сөзінде.
Содан соң, кезек марапаттау рәсі­міне беріліп, ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына өз үлес­терін қосып келе жатқан Асхат Жам­былұлы, Елужан Кенжебекұлы, На­зым Мәдікқызы есімді азаматтар мен азаматшаға аудан әкімінің алғыс хаты табысталды. Сондай-ақ, «Жомарт жүрек» байқауының лауреаттары да аталмыш іс-шара бары­сында марапатталды. Атап айтсақ, Қора­ғаты ауылындағы «Көкірек» шаруа қожалығының жетекшісі Роза Бақты­баева туған жерінде әлеуметтік жоба­ларға белсене атсалысып, әлеуметтік аз қамтылған отбасы жанұяларына қаржы­лай қолдау көрсеткені үшін «Жыл меценаты» номинациясымен мара­патталды. Отандастарына дәл осындай көмегін қолынан келгенінше жасаған еңбек ардагері Абдыжапар Акимов пен Көкдөнен ауылындағы «Бірлік» шаруа қожалығының жетекшісі Бақытжан Тойғанбеков «Туған өлке» номинациясы бойынша наградталды. Ал, абайлық жеке кәсіпкер Төленді Көпбаев «Жыл тұлғасы» номинациясының ие­гері атанса, «Жарық» құрылыс ком­паниясы «Жылдың ең үздік ұйымы» номинациясын иеленді. Шара соңында мерекелік кешке қатысушылар аудан­дық мәдениет үйінің өнерпаздары әзір­леген концерттік бағдарламаны тамашалады.

Марат Диханбай.

Поделиться ссылкой: