Келелі жиын өтті
19 ViewsОсы аптада аудан әкімдігінің үлкен мәжіліс залында сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресті күшейту және оған қарсы мәдениетті қалыптастыру мақсатында жиын өтті. Аталмыш кездесуге Қазақстан Республикасының…
«Nur Otan» партиясы Т.Рысқұлов аудандық филиалына қарасты «Қарақат» бастауыш партия ұйымының кабинетінде партия Жамбыл облыстық филиалы қоғамдық қабылдау бөлімінің меңгерушісі Үміт Ибрайымова көшпелі қоғамдық қабылдау өткізді. «Халыққа көмек» партиялық жобасы аясында өткен қабылдауға аудан тұрғындары әртүрлі өтініштерімен қайырылды. Көмек сұрай келген тұрғындардың үмітін Үміт Серікқызы ақтады. Нақты айтқанда, аудан әкімдігіне қарасты бөлім, мекеме басшыларымен бірге мәселенің мәнісін зерделеп, одан шығар жолды қарастырды. Нәтижесінде, кейбір түйткілдердің түйіні сол жерде тарқап, шешімі табылса, кейбір күрделі мәселелер бойынша түсіндіру жұмыстары жүргізілді.
Қорағаты ауылының тұрғыны Ә.Сыдық «Дипломмен ауылға» мемлекеттік бағдарламасы аясында тұрғын үй алудың жолдарын сұрай келіпті. Оған аудандық экономика және бюджеттік жоспарлау бөлімінің бас маманы Б.Амирова жан-жақты жауап берді. Аталған бағдарлама аясында тұрғын үй алу үшін қажетті құжаттарды дайындап, аудандық экономика және бюджеттік жоспарлау бөліміне өткізу керек. Алайда, тұрғын үйдің берілу-берілмеуі комиисия отырысының шешіміне байланысты анықталады екен.
Қоғамдық қабылдауға келген Жаңатұрмыс ауылының тұрғыны Ө.Көпбаев көптің көкейіндегісін көңілге түйіп келіпті. Ол жол мәселесін көтерді. Жаңатұрмыс ауылындағы Б.Момышұлы көшесіне асфальт төсеуге ықпал етуді сұраған ауыл тұрғыны көшеден көлік жүргенде жолдағы шағал тастар үйге қарай ұшатынын айтады. Бұл мәселеден аудандық тұрғын үй, коммуналдық-шаруашылық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы М.Дауытбеков хабардар екен. Оның айтуынша биыл Б.Момышұлы көшесіне жобалау сметалық құжаты дайындалып, асфальт төсеу 2020 жылдың І жартыжылдығына жоспарланған.
Абай ауылының тұрғыны А.Сүлейменова аудандағы көпбалалы аналардың бірі. Ол балаларын жаңа оқу жылына дайындай алмай жүргенін жеткізді. «Балаларды мектепке даярлаймыз» акциясы аясында мектеп формасы мен оқу құралдарын алуға ықпал етсеңіздер» дейді. Бұл мәселені «Nur Otan» партиясы Т.Рысқұлов аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Қ.Арыстанбеков өз бақылауына алып, демеушілер есебінен көмек көрсетілетінін айтты. Құлан ауылының тұрғыны, Г.Қожеке де көпбалалы ана. Үш баласы мектепке барады. Екі баласы балабақша жасында. Студент балалары да бар. Мектеп жасындағы балаларын мектепке дайындай алмай қиналған ол кейінгі екеуін балабақшаға орналастырса, жеке кәсіп ашып еңбек етуге әзір. Көпбалалы ананың бұл ойын аудандық мәслихаттың депутаты С.Дәлібаев құптады. Құптағанын іспен дәлелдеп, үш баласына мектепке қажетті сөмке мен құрал-жабдықтар әперіп, екі баласын өзінің жеке меншігіндегі балабақшаға ақысыз орналастыратынын жеткізді.
Қоғамдық қабылдауға келгендердің соңғысы Құлан ауылының тұрғыны А.Оразова болды. Ол мемлекеттік бағдарламамен несие алып, жеке кәсібін ашқысы келеді. Бірақ, қайда барып, қандай құжат жинау керектігін нақты білмегендіктен көмек сұрай келген. Енді оған халықты жұмыспен қамту орталығының мамандары көмектеседі. Орталық директорының орынбасары Д.Балпанов қол ұшын созатынын айтып, уақыт өткізбей орталыққа келуі керектігін түсіндірді.
Арай Әнтаева,
«Nur Otan» партиясы Т.Рысқұлов аудандық
филиалының
консультанты.