Аудан дамуына жоғары баға берді

1 202 Views

Апта басында Қазақстан Респуб­ли­касы Парламенті Мәжілісінің депу­таты, «Нұр Отан» партиясының депутаттық фракциясының мүшесі Дар­хан Мыңбай ауданымызға арнайы іссапармен келіп, киелі Құлан жеріндегі бірқатар әлеуметтік және шаруашылық нысандарының жұмыс барысымен та­нысты. Дархан Қамзабекұлы бас сұққан ең алғашқы мекеменің бірі — мемлекеттік-жекеменшік әріп­тестік аясында салы­нып, жыл басын­да пайдалануға берілген 150 орын­дық «M.MIRAS» бөбекжай бақ­шасы болды. Сарыар­қаның сайын даласынан арнайы ат арылтып келген төменгі палатаның депутатына бөбекжай меңгерушісі Жәмилә Егімбаева мектепке дейінгі білім беру мекемесіндегі балаларды қамту жағдайын баяндап берді. Өз кезегінде Дархан Қамзабекұлы Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті-Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Қазақстан халқына арналған Жолдауында ай­тылған мектепке дейінгі білім беру ісінде балалардың ерте дамуы үшін өз бетінше оқу машығы мен әлеуметтік дағдысын дамытатын бағдарламалардың бірыңғай стан­дарттарын енгізу қажеттігін сөз етті.
Келесі кезекте ауылшаруашылығы мамандарын даяр­лайтын 95 жылдық тарихы бар ор­далы оқу ошағының бірі Құлан агро­техникалық колледжіне ат басын бұр­ған мәжіліс депутаты заман тала­бына сай кәсіп иелерін арнайы білім­мен қамтып, ауылшаруашылығы сала­сында сұранысқа сай мамандар даяр­лап отырған аталмыш колледждің жағдайымен танысты. Дархан Қам­забекұлы іргелі білім ордасының мате­риалдық-техникалық базасын кө­ріп, өз ризашылығын білдірді. Сон­дай-ақ, мәжілісмен Құлан агро­техниқалық колледжінің кәсіби маман даяр­лаудағы оқу кабинеттерімен, тәжі­рибе алаңдарымен, зертханалар мен ветеринариялық клиникасымен, интен­сив­ті бақ және дәнекерлеу цехының не­­гізгі жұмыстарымен жан-жақты та­нысып, қолледж ұстаздарымен пі­кір­лесті. Биылғы жылы облыс әкімі Асқар Мырзахметовтың тікелей қолдауы мен жергілікті жердің ерекшелігіне сәйкес аталмыш колледжде «Ет өнімдері өндірісі», «Сүт өнімдері өндірісі», «Орман шаруашылығы, бақ, саябақ, ландшафт дизайны» мамандықтары ашылып отыр. Дархан Мыңбай ұстаздармен бірге білімгерлер дәріс алатын лабароторияларды да аралап көріп, жоғары бағасын берді.
«Нұр Отан» партиясының де­пу­таттық фракциясының мүшесі, мә­жі­лісмен Дархан Қамзабекұлы Серік Дәлібаев бас­қаратын «Құлан мал дәрігері» комму­налдық мемлекеттік мекемесінің ғи­мара­тына да бас сұқты. Мұнда да Серік Дәлібаев пен Дархан Мыңбай еркін пікір алмасып, ветеринария саласында тір­лікке тұсау салып отырған көптеген мәсе­лелерді өзара талқыға салды. Соның бірі – Қазақстан Республикасының «Вете­ринария туралы» заңы. Аудан­дық мәслихаттың депутаты Серік Дәлі­баев ауданда ветеринария сала­сын­да атқарылып жатқан ауқымды жұмыс­тарды тілге тиек ете келе, дезин­фекциялау мен дератизациялау тура­сында өз ойын нықтап айтты. Өз кезе­гінде Дархан Қамзабекұлы мекеме бас­шысы осы айтылған ұсыныстың бар­лығын жазбаша түрде қағазға тү­сіріп берсе, өз атынан міндетті түрде Ас­тана төрінде бұл сұрақты көтеретінін жет­кізді.
Қазақстан Республикасы Пар­ла­менті Мәжі­лісінің депутаты «Дендро сая­бақ­­пен» етене жалғасқан «Агро­парк Құлан» интенсивті бағына да бар­ды. Интенсивті бақтың бас агрономы Альтаир Досымбековпен тілдескен Дархан Мыңбай ау­данда заманауи технологияны тиімді пай­даланып отырған ұжым жұмысын насихаттау қажеттігін айтты.
Өткен жылы «ARNO AGRO» ЖШС өкілдері облыс әкімдігінің ауыл­шаруашылығы басқармасымен бір­лесе отырып, тиісті меморандумға қол қойған еді. Мінеки, екіжақты ке­лі­сімнің нәтижесінде киелі Құлан же­рінен мемлекеттік «Агроэксперт» бағ­дарламасы шеңберінде «Агропарк Құ­лан» деп аталатын интенсивті бақша салынып отыр.
– Өздеріңіз байқағандай, 1000 гек­тар алқапты біз тамшылатып суару әдісі арқылы іске асырамыз. Аталмыш әдіс­тің құрал-жабдықтарын толығымен «Soldrip» компаниясы өз міндетіне алып, орналастырып берді. Ал мына 150 гектарға сәуір айынан бастап, алма ағашын отырғызу үстіндеміз. Ол жерге алманың бір ғана тұқымы егіл­ген жоқ. Анығын айтсақ, «Пинк леди», «Гала» «Караван» секілді 13-ке жуық алма ағашының тұқымын егуді жос­парлап, оны нақты жүзеге асырып келеміз. Қазіргі уақытта «Агропарк Құланда» 100-ге жуық жұмысшы бар. Жалпы, 2020 жылға дейін біз 600 гектар алма, 200 гектар жаңғақ, 100 гектар жүзім егуді жоспарлап отырмыз. Ол ойымыз жүзеге асқан күнде 2000 адам жұмыспен қамтылатын болады,- дейді Альтаир Досымбеков. Дархан Мыңбай бас агрономның байыпты сөздеріне дән риза болып, ілкімді істеріне береке тіледі. Айта кетейік, депутатпен бірге аудан әкімінің орынбасары Ерлан Қалыбаев та аталмыш әлеуметтік және шаруашылық нысандарды аралап жүрді.

Марат Диханбай.

Поделиться ссылкой: