ӘЛЕМ АКАДЕМИГІ

829 Views

«Қазақстанның Еңбек Ері» болуға өте лайықты

Жерлесіміз Сейітхан Жошыбаев медицина ғылымдарының биік шыңынан көрініп, жүрек-қан тамырлары хирургиясына шалдыққан талай адамды ажалдан арашалап алып қалып жүрген азамат. Ол осы Ақыртөбеде дүниеге келіп, сондағы орта мектепті 1956 жылы тәмамдаған соң Фрунзе қаласындағы Қырғыз мемлекеттік медицина институтында оқып, 1970 жылы Мәскеудегі жүрек-қан тамырлары ғылыми-зерттеу институтының аспирантурасында өз білімін жетілдірді. 1962-1976 жылдар аралығында Нарын, Талас қалаларында дәрігердің ассистенті, дәрігер-ординатор, бөлім меңгерушісі болып осы саладағы қызметін сәтті бастады. Ол Қырғызстан Республикасында 1984 жылға дейін республикалық клиниканың хирургі, медициналық институттың жалпы хирургия, кеуде, жүрек кафедраларын басқарды. Осы кезде оған тәжірибе алу үшін АҚШ-тан, Германия мен Үндістаннан, Англия мен Канададан, Польша мен Чехословакиядан, Венгрия мен Монғолиядан мамандар арнайы іздеп келетін.
1981 жылы ол медицина ғылымдарының докторы, Қырғыз Ұлттық академиясының академигі, Ресей, Қазақстан жүрек-қан тамырлары, Еуропа мен Азия Кардиоторакальды хирургия қауымдастықтарының мүшесі болды. 1984 жылы атақты хирург біржолата Қазақстанға келді. Алғаш Алматыдағы Сызғанов атындағы жүрек-қан тамырлары институтын басқарды. Ал, 2006 жылдан бастап «Тараз ғылыми-клиникалық кардиохирургия және трансплантология орталығы» ЖШС-нің бас директоры болып, Қазақстандағы кардиохирургияға дем берді. Тұңғыш рет жүректегі төрт ақауға ота жасап, әлем дәрігерлерін аузына қаратты. Осы кезде Сейітхан Жошыбаевқа «Әлем академигі» деген атақ берілді. Екі бірдей «Әлем айнасы» халықаралық сыйлығы мен «Алтын адам» және «Жыл адамы» сыйлықтарын иеленді.
Қазақстан Профилактикалық медицина академиясының академигі атанған, КСРО, Қырғыз бен Қазақ денсаулық сақтау ісінің үздігі және еңбегі сіңген дәрігері атақтарын алған оның омырауында Қырғыз Республикасы берген «Даңқ» ордені, Қазақстанның «Парасат», ІІ дәрежелі «Барыс» ордендері жарқырайды. Ол бір ғылым докторын, 9 ғылым кандидатын даярлап шығарды. Олардың ішінде өзінің жолын қуған ұлы Ратан да бар. Қазір ол Тараздағы кардиохирургиялық орталықтың белді дәрігері. Ал, үлкен ұлы Рәпіл Қазақстанның мемлекет және қоғам қайраткері.
Осындай Қазақстан медицинасына ғана емес, әлем медицинасына өзінің айтарлықтай үлесін қосқан азаматты Қазақстанның Еңбек Ері атағына өте лайықты адам деп санаймыз. Оның ғалым ретіндегі елімізге қосқан үлесі өзінше бір төбе. Ал, қатардағы азамат ретіндегі адамгершілігі мен кішіпейілділігі оны үлкен жүректі адам, тарихи тұлға етіп көрсетеді. Сондықтан тараздық ардагерлердің бастамасына қосыламыз. Сейітхан Жошыбаевты Қазақстанның Еңбек Ерлері қатарынан көргіміз келеді.
Сырғатай Махамбетов,
Тастан Мәзірбаев,
Мейірқұл Іскендіров,
Саттар Жанәбілов,
Халел Бейсеев,
Тұрысбек Тасыбеков,
Базарбай Жаңқабаев
барлығы да ауданымызға және облысымызға белгілі мемлекет және қоғам қайраткерлері.

Поделиться ссылкой: