Даудың басы – «қарағайдың сынығы» болып жүрмесін…

850 Views

Мақаланың атауын Бейімбет Майлиннің шығармаларының біріне ұқсатуымыздың өзіндік себебі бар. Өйткені, Бейімбет Майлин – реалист жазушы. Ол қаламгердің шығармаларында да анық байқалады. Оның поэзия, проза, драматургия салаларының қай-қайсысында жазған шығармаларын алып қарасақ та, тұнып тұрған шындық лебі есіп тұрады. Биағаңның осы бір қасиеті бізді ақиқаттан алшақтатпай, шындықты шырылдатып айтуға жетелейді. Жалпы журналист болу пешене­міз­ге жазылғандықтан ба, әйтеуір, шындықты, қоғамдағы келеңсіз жайттар мен күнделікті көзіміз көріп жүрген олқылықтарды айтқымыз келіп тұрады. Біртіндеп айтып та, жазып та келеміз. Жыл басында «Сын түзелмей, мін түзелмейді» деген тәмсілді бағыт-бағдар ретінде алып, «Фотоайғақ» айдарын ашқан болатынбыз. Мойнымызға ілінген фотоаппаратқа көшеде шашылған қоқысты да, қате жазылған көше атауын да, қаңғыған иттерді де, аудан орталығында бейберекет жайы­лып жүрген Зеңгі баба тұқымын да объективке басып алып, баспа беті­не жарияладық. Ал, бүгінгі көтергелі отырған мәселеміз, бұрынғыларынан өзгерек. Олай деуіміздің бірден-бір себебі – адам өміріне қауіп төніп тұр. Хош… Көпшілікке түсінікті болуы үшін тақырыпты кеңінен тарқатсақ.
Аудан орталығы болып есептеле­тін Құланнан кейін халық көп шоғырлан­ған ауылдардың бірі – Луговой. Бүгін­де он мыңнан астам халқы бар ауыл­дың қақ ортасында үш аяқты қарағай (суретте) тұр. Дәл осы қарағайдың бір аяғы ортасынан морт сынып құлағалы тұрғанына біраз болды. Дегенмен, осы күнге дейін оны «ауыстырайық», «ретке келтірейік» деген бір адам та­былсашы… Қарағай ауыл шетінде ор­наласса, осылайша алаңдаушылық біл­дірмес едік. Біз сөз етіп отырған үш аяқты қарағай тұрғындар көп өтетін күре жолдың бойында орналасқан. Бұл аз десеңіз, оның бір жағында Т.Рысқұлов мектебі, ал екінші жағында бұрынғы ауылдық емхана ғимаратына жаңадан қоныстанған балалар және жасөспірімдер орталығы бар. Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйінін айт­қан­да, аталмыш қарағайдың жанынан күн сайын мың­ға жуық адам өтеді. Сондық­тан, бұл мә­се­­лені көп­ке созбақтамай, дер ке­зінде шеш­ке­ні­міз абзал.
Р.S. «Сақтықта қорлық жоқ» деген нақылды ескеріп, оқыс жағдайды болдырмау үшін жауапты мекемелер жуық арада нақты іс-шараларды іске асырады деген ойдамыз.

Жәнібек БАЗЫЛБЕКОВ.

Поделиться ссылкой: