Ботулизмнің алдын алу
23 ViewsБотулизм – жалпы организмнің улануына әкеліп соғатын инфекциялық аупу түрі. Ботулизм – Clostridium botulinum бөліп шығаратын улы затпен (токсин) бүлінген, ластанған тамақтан жұғады, токсин…
Сейсенбі күні аудан әкімі Ерболат Садырқұлов Жапония елінің астанасы Токио қаласында өткен әлем чемпионатында ел қоржынына қола жүлде салған ел мақтанышы Елдос Сметовты арнайы қабылдап, кезекті жеңісімен құттықтады. «Елдос сенің мықты балуан екеніңді біз жақсы білеміз. Токиода жартылай финалға дейін жоғары деңгейде күресіп, қарға тамырлы қазақтың намыс оты қандай боларын бозкілемде анық ұқтырдың. Біз сені әрқашан мақтан тұтамыз. Жарақаттан аман болғайсың. Жеңісті сәттерің көп болсын. Келесі жылы дәл осы шаһарда өтетін олимпиада ойындарында жеңіс туын желбіретесің деген үміттеміз» деді Ерболат Салқынбекұлы дзюдошы жігіттің қолын ұстап тұрып. Өз кезегінде дзюдодан Қазақстан ұлттық құрамасының белді мүшесі Елдос Сметов үлкен сенім артқан аудан басшысына зор ризашылығын білдіріп, ел намысы үшін қандай қарсылас болса да, бозкілемде тартынып қалмайтынын жеткізді. Кездесу соңында аудан басшысы Ерболат Салқынбекұлы Елдостың жеке бапкері Ғалымжан Жылгелдиевтің иығына қазақы оюмен әдіптелген шапан жауып, естелік суретке түсті.
Айту ләзім, Елдос Сметов Токио татамиінде кувейттік Сауд Әл-Амириді, италиялық Элиос Манзиді, йемендік Али Хоусрофты жеңген болатын. Өкінішке орай, ширек финалда жапониялық Рюдзу Нагаямадан жеңіліп қалды. Жұбаныш белдесуінде тайпейлік Ян Юнг Вэйді таза жеңіп, өзінің әлемдегі теңдессіз дзюдошы екенін дәлелдей білді. Ал қола жүлде үшін болған тартысты белдесуде отандасымыз Ғұсман Қырғызбаевтан айласын асырып, әлем чемпионатының қола жүлдегері атанды.
Тақырыпқа орай:
1992 жылы дүниеге келген Елдос Сметов өзінің спорттық карьерасында көптеген жетістіктерді бағындарды. Атап айтсақ, дзюдодан жастар арасындағы 2010 жылғы әлем чемпионатының алтын медаль иегері. Ол осы категорияда 2013 жылы Бангкок қаласында өткен Азия чемпионатының қола жүлдегері атанған. Ересектер арасында да Елдос өзінің мықтылығын дәлелдей білген дзюдошы. Бұл сөзімізге араға бір жыл салып яғни, 2014 жылы Инчхон қаласында өткен Азия ойындарында жеңіп алған алтын жүлдесі анық дәлел бола алады. Сондай-ақ, Елдос Сметов халықаралық «Grand Prix» және «Grand Slam» турнирлерінде үздіктердің үздігі болып жүрген спортшы. Ең бастысы, ол — елорда төрінде дзюдодан 2015 жылы өткен әлем чемпионатының жеңімпазы. Яғни, Елдос Сметов әлем чемпионы атанған қазақтан шыққан тұңғыш дзюдошы. Рио Олимпиадасында ел қоржынына күміс медаль салған Елдос Сметовтың жігерлі жеңісін мұқым қазақ ешқашан ұмытпайды. Ол да бір тарихи сәт болып ел есінде қалары сөзсіз. Жеке бапкері – Ғалымжан Жылгелдиев. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің биология және биотехнология мамандығын тәмамдаған. Халықаралық дәрежедегі спорт шебері.