Мемлекет басшысы Азия қаламгерлерінің І форумына қатысты

716 Views

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев алғаш рет өтіп отыр­ған Азия қаламгерлерінің І фору­мына қатысушыларды құттықтап, жұ­мыстарына сәттілік тіледі.
Мемлекет басшысы өз сөзінде хал­қы­мыздың рухани мұраларын сақтап, ұлт­тық тарихын зерттеуге, мәдениетін жан-жақты қолдауға әрдайым баса мән бере­тінін айтты. Сондай-ақ, бүгінде қазақ әдебиеті әлем әдебиетінің даму көшіне қосылғанын атап өтті.
– Бүгінде төл әдебиетіміздің көк­жиегі кеңейіп, әлем әдебиетінің даму көшіне қосылды. Қазақ қаламгерлерінің туындылары арқылы дүние жүзі жұртшылығы ұлттық руханиятымызды танып білуде. Қазақстандық 30 жазу­шы мен 31 ақынның шығармалары Біріккен Ұлттар Ұйымының 6 тіліне аударылып, жарыққа шыққалы отыр. Осы туындылар 5 құрлықтағы 90-нан астам елге, яғни екі жарым миллиард оқырманға тарайды, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысының айтуынша, Азия – ұлы өркениеттердің дүниеге келуіне, өркен жаюына, қалыптасуына куә болған көне құрлық. Араб, парсы, қытай, үнді өркениеттері – адамзат тарихының ажырамас бөлігі.
– Қазір Ұлы Жібек Жолының экономикалық мән-маңызы ғана көбірек айтылады. Шын мәнінде, оның тұтас өркениеттерді тоғыстыратын күшке ие болғаны ескеріле бермейді. Бүгінде Азияның озық экономикасымен бірге әдебиеті, өнері, білім жүйесі де алдыңғы қатарға шықты. Азия халықтарының сөз өнері бай, тамыры тереңде, – деп атап өтті Мемлекет басшысы.
Қазақстан Президенті Азия әдебиетін одан әрі дамыту үшін бірқатар маңызды мәселелерге қаламгерлердің назарын аудартып, арнайы сыйлық тағайындау туралы ұсыныс білдірді.
– Азия қаламгерлері форумы шығар­машыл қауымның маңызды диалог алаңына айналуы керек. Бұл маңызды шара Азия елдерінде тұрақты түрде өтуі қажет деп санаймын. Адамзатты толғандырған күрделі мәселелер дәл осындай алаңдарда ортаға салынуы тиіс. Азияны бүкіләлемдік рухани даму орталығы ретінде дамыту айрық­ша маңызды. Сондықтан әдеби үдеріс­терді жаңғырту үшін жағдай жасау – басты мін­деттердің бірі. Осы мақсатта «Азия алы­бы» халықаралық әдеби сыйлығын та­ғайын­­даған жөн, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Сонымен қатар, Мемлекет басшысы Азия қаламгерлері туындыларының бір­­тұтас электронды кітапханасын құру туралы ұсыныс айтты.
Азия қаламгерлерінің І форумы әлем­­нің 300 ақын-жазушысының басын қос­ты. Олардың арасында Азияның 38 елінен келген Нобель сыйлығының но­ми­­­нанттары, халықаралық Букер және ASEAN сыйлықтарының лауреат­тары, өңір­лік және ұлттық сыйлық­тар­дың иегер­лері бар.

Ақорда

Поделиться ссылкой: