Жерлесіміз жеңімпаз атанды

616 Views

Киелі Құлан жерінде кіндік қаны тамған даңқты спортшылар өте көп. Алақандай ғана ауданнан шыққан бес бірдей Олипиада жүлдесін еншіледі. Солардың бірі татами төрінде жасындай жарқылдаған — Елдос Сметов.

Жалпақсаздың жампозы Олим­пиада жүлдесінен бөлек талай бай­рақты бәсекелерде атой салып жүр. Жуырда тағы да ел мерейін аспан­датты. Дәлірек айтар болсақ, Ел­дос Будапештте өткен Гран-при турнирінде алғашқылардың бірі болып, ел қоржынына жүл­де салды. 60 кг салмақта бел­де­сетін балуанымыз финалға дейін төрт рет кездесу өткізіп, барлығын да айқын басымдықпен жең­ді. Финалда әлем чемпионы де­ген атағы бар байырғы қар­сыласы моңғолиялық Ганбат Болдбаатармен жолы түйісті.
Жекпе-жек өте тартысты өтті. Аса тәжрибелі қарсыласын бірінші секундтан бастап қыспаққа алған жерлесіміз нәтижелі әдіс жасап, алғашқы «ваззари» ұпайын еншіледі. Осыдан кейін бір-бірінің шалыс басуын бақылаған қос қарсылас кездесу соңына дейін сақ қимылдады. Тек белдесудің аяқталуына санаулы секундтар қалған сәтте Елдос қарсыласынан айласын асырып, «иппон» ұпайына қол жеткізді. Осылайша Елдос таза жеңіске жетіп, алтыннан алқа тақты. Дәл осы жеңістен кейін Елдос әлемдік рейтингте бір сатыға көтеріліп, үздік бестіктің қатарына енді.

Аудан әкімінің кубогі сарапқа салынды

«Асық ойнаған азар, доп ойнаған тозар, бәрінен де қой бағып, құйрық жеген озар» деген нақыл сөз бүгінде мағынасын өзгерткендей… Себебі, бүгінде доп тепкендер, қой бағып, қозы өсіргендерден әлдеқайда бай-қуатты тұрады. Оған қарапайым аулада доп теуіп, өзінің өнерімен әлемге атын мәшһүр еткен Месси, Роналду, Азар, Неймар, Мбаппе, Салах, Мане сынды аяқдопшылардың айлық табысы біздің жылдап табатын табысымыздан көп екені дәлел. Бәрін айт та, бірін айт, біз футболдың әлемдегі ең бірінші спортқа айналғанын мойындауымыз қажет. Себебі қазір оған еңкейген кәріден, буыны қата қоймаған балаға дейін қызығады. Тіпті, кейбір жандардың допты көргенде делебесі қозады.
Өткен аптаның сенбісінде допты көрсе бір орында тұра алмайтын жігіттер Кенжебек Бекебаев атындағы орталық стадионға жиылды. Ондағы мақсаттары аудан әкімінің кубогін сарапқа салып, кіл мықтыны анықтау. Аталмыш турнир ауданымызда көптен бері ұйымдастырылып келеді. Жыл сайын дәстүрлі түрде өткізіліп жүрген жарыс биыл да өз ерекшелігімен есте қалатын болды. Байрақты бәсекеге биыл дін жолында жүрген жандар да қатысты. Атап айтар болсақ, аудандағы орталық мешіт пен Луговой ауылындағы «Жүсіп ата» мешітінің жанынан құралған командалар келіп, жарыстың көркін қыздырды. Турнирде ауданның әр аумағынан келген бас-аяғы он беске жуық команда қатысып, доп тепті. Жарыс басталмас бұрын шараның салтанатты жиыны өтіп онда аудандық спорт және денешынықтыру бөлімінің басшысы Ерлік Шәбеев пен орталық мешіттің бас имамы Сұлтаншәріп Жадраев сөз сөйлеп, турнирдің мақсат-міндеттерімен таныстырды. Салтанатты жиыннан кейін командаларға ойын тәртібі егжей-тегжей түсіндіріліп, жарыстың шымылдығы түрілді.
Турнир тартысты өтті. Жарысқа қатысушы он үш команда екі топқа бөлініп, бақ сынады. Нәтижесінде, Тереңөзек және Көгершін ауылынан келген командалар ІІ және ІІІ орынды өзара бөліссе, құландық жігіттерден құралған «Құлан» командасы аудан әкімінің кубогін көкке көтерді. Жеңімпаздар кубок, мақтау қағаздары және бағалы сыйлықтармен марапатталды.
P.S: Отандық футбол мамандары Нүркен Мазбаев, Ұлан Қонысбаев, Бауыржан Исламхан, Бахтиор Зайнутдинов, Еркебұлан Сейдахмет сынды таланттардың бағын жаққан Тараз футбол мектебінің деңгейін жақсы біледі. Дәл осындай байрақты бәскелер алда тағы өткізіліп жатса, Құлан топырағында да талай тарлан тәрбиеленіп, еліміздегі үлкен біріншіліктерде доп теуіп қалар. Кім білсін?!

Топтаманы дайындаған Жәнібек БАЗЫЛБЕКОВ.

Поделиться ссылкой: