Ботулизмнің алдын алу
22 ViewsБотулизм – жалпы организмнің улануына әкеліп соғатын инфекциялық аупу түрі. Ботулизм – Clostridium botulinum бөліп шығаратын улы затпен (токсин) бүлінген, ластанған тамақтан жұғады, токсин…
«Білікті маман боламын» деген мақсатпен білім алып, бүгінде дипломға қол жеткізген жас мамандар сәрсенбінің сәтті күнінде аудан әкімдігінің «Халықты жұмыспен қамту орталығына» жиналды. Дәл осы күні орталықта бос жұмыс орындарының жәрмеңкесі өткен болатын. Сонымен қатар, жәрмеңкеге жастардан бөлек жұмысқа орналасуға ниет білдірген ауданның өзге де тұрғындары мен жұмыс беруші мекемелердің өкілдері қатысты.
Мамандығының қыр-сырын мықтап меңгерген жастарға еңбек нарығында қашанда сұраныс көп. Алайда, оқуды жаңа аяқтаған студенттер жұмыс іздеу кезінде көптеген қиындықтарға тап болып, түрлі жағдайларға түсіп жатады. Олардың бірі тәжірибесінің жоқтығынан жұмысқа қабылданбай жатса, енді бірі мекемелерде бос жұмыс орындарының барынан хабарсыз. Дегенмен, бүгінде мемлекетіміздің ұстанған басты бағыты – халықты жаппай жұмыспен қамту. Бұл – күн тәртібіндегі маңызды мәселелердің бірі болып қала бермек.
Шара барысында халықты жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Берік Шамаев сөз сөйлеп, жәрмеңкені ашып берді. «Жұмыссыз жүрген азаматтардың өз мамандықтары бойынша жұмысқа орналасуларына мүмкіндік туғызу үшін бос жұмыс орындарына жәрмеңке ұйымдастырып отырмыз. Шындығын айту керек, маңызыды іс-шараға жастардың көптеп келіп қатысуы көңіл қуантады. Өйткені, «Жастар жылында» аталмыш буын өкілдеріне көптеген мүмкіндіктер қарастырылған. Біз осы жігерлі жастар мен әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасылардың мүшелерін бірінші кезекте жұмыспен қамтуға тырысатын боламыз. Бүгінгі жиынға қатысып отырған жұмыс берушілер өздерінің сұраныстарында жұмыс орындарының түрін, санын, оған қойылатын біліктілік талаптары мен шарттарын көрсетіп отыр. Егер соның бәріне сай келсеңіздер, мекеме өкілдерімен жеке тілдесе аласыздар. Әңгімелесу арқылы көкейіңіздегі бар сауалға дәл осы жерде жауап алуға болады» — деп қатысушыларға сәттілік тіледі.
Оқуды жаңа аяқтаған жастарға және ауданның жұмыссыз жүрген тұрғындарына арналған іс-шараға ауданның 20-дан астам мекемесі қатысты. Олар жәрмеңкеде 52 тұрақты жұмыс орнын ұсынды. Бір байқағанымыз жәрмеңкеде ұстаздық мамандықтарға деген сұраныс көп. Мектеп директорлары көбіне ағылшын, география, орыс тілі және дене шынықтыру пән мұғалімдеріне маман іздеп келген. Сонымен қатар, медбике, көлік жүргізуші, психолог, спорт мектебіне бапкер, тәлімгер, тәрбиеші секілді басқа да жұмыс түрлеріне сұрау салынды.
Бос орындардың тізімі таныстырылғаннан кейін, жұмыс іздеушілер мен мекеме өкілдері жеке жолығып, өзара пікір алмасты. Солардың қатарында Тараз мемлекеттік педагогикалық университетін жуырда ғана аяқтаған Аяулым Тынышбек те бар. Аяулым аталмыш оқу ордасында «Мектепке дейінгі оқыту және тәрбиелеу» мамандығы бойынша білім алған. Сапалы білімге сусындаған жас маманның ендігі арманы — аудан балабақшаларының бірінде тәрбиеші болып жұмыс атқару. «Дәл осындай форматта өткізілетін жәрмеңкелер жұмыссыз жүрген жандар үшін өте қолайлы. Әсіресе, бұрын соңды жұмыс істеп көрмеген, еңбек өтілі жоқ жастар үшін таптырмас мүмкіндік дер едім. Сол үшін де, ұйымдастырушыларға айтар алғысым шексіз. Қазір «Балапан» балабақшасының өкілімен жеке тілдесіп көрдім. Әңгімелесу барысында еңбек шарттары мен маған қойылатын талаптарды түсіндіріп берді. Аталған шарттар мен талаптар мені толықтай қанағаттандырады. Сондықтан, балабақша өкілі мені ертеңге сұхбаттасуға шақырды» — деп қуанышымен бөлісті.
Жиын соңында өзге де қатысушылар жұмыс берушілермен жеке-жеке тілдесті.
Жәнібек БАЗЫЛБЕКОВ.