Жаңа Жолдауда атқарушы билікке артылар жауапкершілік көп

617 Views

Өткен жұмада аудан әкімдігінің үлкен мәжіліс залында актив жиналысы өтіп, ондағы талқыланған басты тақырыптың бірі — Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына жолдаған «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Жолдауы болды. Актив жиналысын аудан әкімі Ерболат Садырқұлов ашып, жүргізіп отырды.
– Өздеріңізге белгілі, 2 қыркүйек күні Парламент палаталарының бірлескен отырысында Мемлекет бас­шысы Қасым-Жомарт Кемелұлы ел халқына өзінің алғашқы Жолдауын жолдап, онда ел экономикасын жаңғырту, мемлекеттік институттардың рөлін нығайту, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау, халықты әлеуметтік қамсыздандыру мәселелерін жан-жақты қамтып, зерделеп айтты.
Иә, мұқият оқып шыққан болса­ңыздар, өз Жолдауда Мемлекет бас­шысы партия құрылысы үдерісін жал­ғастыру мәселесіне де жіті назар аударған еді. Ел Президенті ретінде елде көп­партиялықты, саяси бәсекелестікті және ой-пікірдің сан алуандығын дамытуға ықпал етуді өз міндеті санайтынын жеткізіп, алдағы Парламент Мәжілісі мен мәслихаттар сайлауы еліміздегі көппартиялық жүйенің дамуына оң ықпал етуі тиіс екендігін атап көрсеткен болатын. Бұл турасында Ерболат Салқынбекұлы:
– Қоғамдық диалог, ашықтық, адам­дардың мұң-мұқтажына жедел на­зар аудару мемлекеттік органдар қыз­метінің негізгі басымдықтары са­на­лады. Президент әкімшілігінде аза­маттардан келіп түскен өтініштерді мем­лекеттік органдардың сапалы қа­рауын қадағалап, жедел шаралар қа­былдайтын бөлім құрылды. Белгілі бір саладағы шешімдердің әділетсіздігіне қа­тысты жолданатын көптеген ша­ғымдар нақты мемлекеттік органда не­месе аймақта күрделі түйткілдер бар еке­нін көрсетеді. Енді бұл мәселеге дәл осы тұрғыдан қарап, тиісті ше­шімдер қабылдаған жөн,- деген ел Пре­зидентінің Жолдаудағы сөзін мысал ете отырып, бөлім басшылар мен ауыл әкім­деріне жұртшылық тарапынан келіп түскен өтініш, арыз-шағым, сұраныс, талап-тілектерге жауап беруде сапалы жұмыс атқарып, мәселенің оңтайлы әрі тиімді шешілуін басты назарда ұстау қажеттігін айтты. Ал Президент Жолдауында ауылшаруашылығы саласы бойынша айтылған мәселелер турасындағы орамды ойларға Ерболат Салқынбекұлы былайша сөз өрбітті.
«Ауданға әлеуетті инвесторлар тартып, ауылшаруашылық өнімдерін өндіретін, сондай-ақ, қайта өңдеп сақтайтын кешендер желісін дамыту үшін басқа да тиімді жобалар бойынша аудан әкімінің жеке сайты мен әр түрлі ақпараттық желілерде кәсіпкерлерге, инвесторларға ұсыныстар беруде. Мәсе­лен, «Қарапайым заттар экономикасы» жұмыс тобы аясында өңірде қаржылық қолдауды талап ететін жобаларды қайта жаңғырту мақсатында кәсіпкерлермен кездесулер өткізіліп, түсіндіру жұмыс­тары жүргізілді. Нәтижесінде аталған бағдарламаға сәйкес келетін 543 кәсіп­кер анықталып, аудан бойынша 23 кәсіпкер 147, 0 млн. теңге көлемінде несие алуға ұсыныс білдірді. Ауданда ет бағытында 3, сүт бағытында 8 ауыл шаруашылық өндірістік кооперативтері құрылып, жұмыс атқаруда. Облыс әкімі Асқар Мырзахметовтың тапсырмасына сәйкес, елдімекен тұрғындарының тұрмыс жағдайын жақсарту жобасы әзірленіп, есебі шығарылып отыр. Әрбір елдімекенде табыс көзін арттыру үшін қандай кәсіппен айналысатындығы айқындалды. Бұл ретте, пилоттық жоба ретінде Көкдөнен ауылдық округі таңдалғанын айтқым келеді. Бұған қандай техника, тұқым, тыңайтқыш тағы басқа қажеттіліктердің есебі шығарылып, облысқа жолданды. Барлық қажетті қара­жат 831,5 млн.теңге. Біздің жоба­лауымызша, осы жұмыстардың нәтижесі іске асқан күнде бір отбасының айлық та­бысы 160 мың теңгені құрайтын болады» деп қорытындылады сөзінің түйінін аудан басшысы.
Бұдан соң, жарыссөзге жазылған аудан әкімдігі ауылшаруашылығы бөлі­мінің басшысы Ерғазы Еспенов, Бауыржан Момышұлы атындағы шағын орталықты орта мектептің директоры Мұратжан Мейманханов және ау­дандық кәсіпкерлер палатасының ди­ректоры Нұрлан Сапарбеков мінбеге көтеріліп, Жолдау турасында өз ой­ла­рын ортаға салды. Бір жарым са­ғатқа созылған актив жиналысының не­гізгі түйінін аудан әкімі Ерболат Садыр­құлов қорытындылап, жергілікті жұртшылықты ел дамуына елеулі үлес қосатын басты құжаттан туындайтын мәселелерге бір үйдің баласындай ынтымақты әрі бейбітшілік аясында үн қосуға шақырды.

Марат Диханбай.

Поделиться ссылкой: