Абай дүниетанымы дәріптелді
Жақында Мэлс Өзбеков атындағы аудандық мәдениет үйінде қазақтың бас ақыны Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойына орай ауылдық кітапханалардың тұрақты оқырмандары арасында «Абайдың асыл мұрасы» атты аудандық байқау өтті. Аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесі қызметкерлерінің ұйымдастыруымен өткен байқаудың мақсаты – хакім Абайдың шығармаларын жастар арасында кеңінен насихаттап, өскелең буынға ақынның ғибратты ғұмыры мен ұрпаққа жазып қалдырған туындыларын дәріптеу.
Сонымен әр ауылдық округтен келген 16 қатысушы 3 кезең бойынша өз өнерлерін көрсетті. Олар бірінші кезеңде Абай Құнанбайұлының өлеңдерін мәнерлеп оқыса, екінші сында хакімнің қара сөзін жатқа айтты. Ал үшінші кезеңде барлық қатысушыға Абайдың өмірі мен шығармашылығынан викториналық сұрақтар қойылды. Қара қылды қақ жарған әділ қазы мүшелері қатысушылардың өлеңді оқу және оны таңдау шеберліктеріне, дауыс мәнеріне, тіл тазалығына қарап бағалады. Байқау қорытындысы нәтижесінде, жүлделі III орын луговойлық Айтжан Жаулыбайға бұйырды. Жүлделі II орын қазылар алқасының шешімімен бірауыздан Абай атындағы орта мектептің 9 сынып оқушысы Әліби Жұмабектің қанжығасына жазылды. Осы арада, Әлібидің қазақтың бас ақынының 200-ден аса өлеңі мен 30-ға жуық қара сөзін жатқа айтатынын жазып өтуге тиіспіз. Бұл расында да Әлібидің өз қатарластары ғана емес, белсенді оқырмандар арасындағы даралығын көрсетеді. Ал жүлделі I орынды Қайыңды ауылынан келген Тұнық Гіміңтай жеңіп алды. Тұнықты да біз зерек оқушы ғана емес, ізденімпаз оқырман ретінде жақсы білеміз. Оның Махамбет Өтемісұлының, Фариза Оңғарсынованың өлеңдерін мәнерлеп жатқа оқығанын талай рет көзіміз көрді. Бірақ сол байқауларда Тұныққа бас жүлде бұйырмапты. Осы жолы Тұнық Гіміңтай тамаша дайындықпен келіпті. Ең бастысы, сахнада өзін еркін ұстайды. Тұнықтың облыстық, тіпті, республикалық байқауларда ауданымыздың атын шығаратынына біз кәміл сенеміз. Байқау жеңімпаздары мен жүлдегерлеріне алғыс хатпен қоса, бағалы сыйлықтар табыс етілді.