Қайырымдылық – сауапты іс

811 Views

Жалпы, 400-ге жуық адамды жұмыспен қамтып отырған Александр Линник жетекшілігіндегі «Луговой жылқы зауыты» жауапкершілігі шектеулі серіктестік ұжымының көптеген қайырымды істерге себепші болып жүргендігінен біздің хабарымыз бар. Білім күні қарсаңында бұл серіктестік ауылдағы аз қамтылған 24 отбасы балаларына мектепке қажетті құрал-жабдықтар сыйлап, ата-аналардың алғысына кенелген болатын.
Жақында редакциямызға «Элай Құлан» мүгедектер қоғамдық бірлестігінің төрағасы Марлан Аденов келді. Мақалаға тұздық болар кейіпкер бар екенін айтты ол өз сөзінде.Тыңдадық. Сөйлесе келе, Александр Григорьевичтің Көгершін ауылының тұрғыны Маргарита Гудееваға жасаған жақсылығының жазуға тұрарлық тақырып екеніне көзіміз жетті. Ертесі күні аталмыш серіктестік директорының Көгершін ауылында орналасқан кеңсе кабинетіне барып, тілдескен едік. Шыны керек, бүгінде белгілі бір мекеме басшысының кабинетіне кіру мүмкін емес. Алдын ала жазыласыз дегендей. Александр Линник қарапайым азамат екен. Бізді жылы жүзбен қарсы алды. Журналист деп құрметтеді. Содан соң, келген мән-жайымызды айтып, біраз әңгімелестік.
«Қайырымдылық – атақ емес. Сондықтан мен үшін бұл ұғымның ауқымы өте кең. Бір адамдар болады, қайырымдылықты есеппен жасайды. Біз қайырымдылық жасайтын кезде мүлде ондай ойдан аулақ болғанды құп көретін жанбыз. Маша II топтағы мүмкіндігі шектеулі жалғызбасты азаматша. Шаруашылық тіршілігімен жүріп, көп мән бере бермейтініміз жасырын емес қой. Алғашында Маргаританың көршісі осында келіп, оның жағдайы аса мәз еместігін айтты. Көрдім барып. Расында да, ауыл тұрғыны Маргаританың жағдайы тым ауыр болып шықты. Сосын осындай қарекет жасап, өз азаматтығымды көрсеткім келді. Мінеки, өзіңіз көргендей, үйдің сырты сыланған. Үй ішіне де кәріз жүйесі жүргізіліп, су кіргізілетін болады. Есіктің алдын да цементтейміз. Жұмысшылар барын салып еңбек етуде. Біз – адамбыз! Ал, адам баласы қиналған кезде бір-біріне демеу болуы керек» дейді серіктестік басшысы. Маргаританың өзімен әңгімелескенімізде Александр Григорьевичке, ауыл әкімшілігіне және әлеуметтік маман Алла Ибатоваға ерекше алғысын жеткізді.

Поделиться ссылкой: