Қарты бар үйдің қазынасы бар

964 Views

Қазақтың мұзбалақ ақыны Мұқағали Мақатаев қариялар туралы мына бір өлеңінде:
— Мен қарапайым қарттарды сүйем,
Не деген керім еді!
Не біледі осы жұрт, не біледі?!
Бабалардың баласы – қариялар,
Сиреп бара жатқандай көрінеді,-деп жырлайды. Мұқаңның даналығында шек жоқ. Өмірдің шындығын жырға қосқан ақиық ақын ғой қайткенмен де. Шындығына келгенде, кескілескен ұрыс даласынан аман-есен елге оралып, бейбіт күннің батыры атанған Ұлы Отан соғысы ардагерлерінің қатары жыл өткен сайын азайып барады. Сондықтан ұлт үшін қаймықпай, есімдерін тасқа қашап қалдырған нар тұлғалы ержүрек аталарымыздың ерлігін көзі тірісінде ескеріп, құрмет тұту – жас ұрпақтың парызы.
Халықаралық қарттар күні қарсаңында аудан әкімі Ерболат Садырқұлов Көгершін ауылында тұратын Игенбек Құрбанов ақсақалдың, Жақсылық ауылының тұрғыны, 97 жастағы Асаубай Сүлейменов қария­ның және Құлан ауылының абыройлы ақсақалы, майдан даласының қаһар­маны Жахан Мырзахметовтің үйлеріне арнайы барып, ізгі тілегін айт­ты. Аудан басшысы Ұлы Отан соғы­сы ардагерлерімен өрбіген әңгіме барысында:
‑ Дана қазақ «Қарты бар үй­дің қазынасы бар» дейді. Сіздер әулет­теріңіздің ғана емес, барша Алаш жұртының рухани қазынасысыздар. Біз сіздер­ді әрқашан құрмет тұтамыз.
Сіздердің ғибратты ғұмыр­ларыңыз кейінгі толқын жастарымызға өне­­ге деп білемін. Немере-шөбе­ре­лері­ңіздің көз қуанышы болып, ортамызда аман-есен жүре беріңіздер, — деді.
Содан соң, Ерболат Салқынбекұлы ауданымыздағы қарт кейуаналар Сағат Қалқабаева, Оңласын Асылова және Самрат Ахаева әжейлердің үйлеріне де барып, ақ жаулықты асыл Аналарды мерейлі мерекемен құттықтады. Аудан әкімінің жұқамыр жүректен шыққан жүрекжарды лебізіне әжейлер балаша қуанып, шабыттанып қалды.
‑ Ерболат қарағым, сіз 8 наурыз – Халықаралық әйелдер мерекесі қар­саңында мені арнайы келіп құттықтадыңыз. Сізге үлкен рахмет. Шын жүректен Аналық батамды беремін. Біз не көрмедік алтындарым. Менің қазақ ұлтына айтар алғысым шексіз. Басымызға қиындық түскенде бізден сырт айналып, кемсіткен жоқ. Қайта құшағын жайып, мейірбандық танытты. Ел бірлігіне сызат түспесін.Татулығымыз қыр асып, елімізде тек қана тыныштық орнасын. Ел басқарып отырған өздеріңдей азаматтар аман болсын. Біздің ауданымызға әкім болып тағайындалғалы бері ауқымды жұмыс атқарудасыз. Бұл ынтымағы жарасқан іргелі аудандардың бірі. Ісіңізге береке, еңбегіңізге табыс тілеймін» деп батасын берді 100 жастағы қарт кейуана Самрат Ахаева.

Марат Диханбай.

Поделиться ссылкой: