Құрметке лайық жандар

696 Views

Қарттар күні мерекесіне орай аудан орталығындағы көрікті де сәулетті тойханалардың бірі «Ақ босаға» мейрамханасында аудан әкімдігі қазыналы қарияларымыз бен ақ жаулықты апаларымызға арнап, дастархан жайды. Осынау ұлық мереке қарсаңында жайылған ақ дастарханға әр ауылдық округтен ауданның экономикасы мен мәдениетінің өрісті дамуына сүбелі үлестерін қосқан аталар мен апалар арнайы қонақ ретінде шақырылды. «Орталық Сұлтан» мешітінің бас имамы Сұлтаншәріп қажы Жадраев уағыз айтып, бабалар рухына Құран бағыштады. Шара барысында аудан басшысы Ерболат Салқынбекұлы құттықтау сөз сөйлеп, қарттарымыздың дендеріне саулық, отбасыларына амандық тіледі. Содан соң, аудандық мәслихат хатшысы Тұрсынхан Жаманбаев, аудандық Қоғамдық кеңестің төрағасы Пазыл Сүлейменов сөз алып, қарттарымызға өздерінің ақжарма тілектерін жеткізді. Мақалымен мән, өнегелік сөзімен сән берген қазыналы ата-апаларымыз аудан әкіміне шексіз ризашылықтарын білдіріп, ақ баталарын берді.Іс-шара Мэлс Өзбеков атындағы аудандық мәдениет үйінде «Ауылым­ның ақ пейілді жандары, Ақсақалды, ақжаулықты қарттары» деген тақырыпта өрбіген концерттік бағдарламаға ұла­сып, қарттарымыздың құрметіне республикалық ән байқауларының лауреаттары Әсет Құдайберген, Сафура Әбдіразақ, жас әншілер Бағлан Жолдас, Байкен Құрманғалиев, облысымызға ғана емес, күллі Алаш еліне бабадан қалған халықтық әндерді насихаттап жүрген «Тараз» триосы, Шымкентке ғана емес, атағы Алтай мен Атырауға, Жетісу мен Торғай даласына жайылған Заттыбек Көпбосынұлы, Жұбаныш Жексенұлы сынды эстрада жұлдыздары ән шырқады.

Марат Жолдасбекұлы.

 

Поделиться ссылкой: