Қарт ананы құттықтады
34 ViewsЖурналистика – жүрекке салмақ салатын мамандық. Неше түрлі кейіпкерлермен тілдесесің. Бірінде қуанасың, енді бірінде кейбір адамдарға қолдың қысқалығынан көмектесе алмай, «өзіңді-өзің жейтін» сәттер көп…
«Бір тал шаштың да көлеңкесі болады, бір тамшы судан да күн көзі көрінеді» деп айтып отырушы еді көнекөз қарттар. Сол айтпақшы кейбір адамдардың ғұмыр бойғы жүріп өткен жолы тайдың ізіндей болып білінбеуі де мүмкін. Ал, мұғалімнің берген тәрбиесі мен оқытқан әліппесі шәкірттің санасында мәңгі сақталып қалады. Тегі әр ұстаздың сабақ берудегі қисынына қайыл қаласың, оның ойының санаңның сандығына қалай жайғасып жата кеткенін сезбей қалуың да ғажап емес. Иә, физик көркем әсерлерге беріліп қиял-ғажайып ертегілерді әдебиетші сияқты көңіліңе көгендеп бере алмайды, десек те бізге беймәлім құбылыстарды аспан аунап түскендей етіп алдыңа әкелетініне таң қалмай-ақ қойсаңыз болады. Күләндә Майтөбедегі орта мектепті тауысып тұрып: «Мен мұғалім боламын» дегенде құрбылары оның таңдауына таң қалмай-ақ оның осынау шешімін Билікөлдің толқынында қайраңдаған қайықтай тұғырда тұрып тыңдаған. Бірақ, олардың бәрінің де армандары Алатаудай асқақ, Қаратаудай қайратты еді.
Сол арман Күләндәні Тараздағы мұғалімдер институтына әкелген. Бес жылдан соң бақандай «физик» деген диплом алып шыққанда ойда жоқта оның алдын көкдөнендік жігіт ораған. Бұл «бұйрық» дегенді қойсаңызшы «жүгірген жетпейді, бұйырған кетпейді» деген рас екен майтөбелік Күлән сұлу Құдайберген есімді жігіттің сөзіне балқып, шылауына еріп, Көкдөненге кете барды. Өзі ат төбеліндей ауылға тұңғыш бастық болған Сүлеймен Қырбасовтың жалғыз ұлы екен. Енді тұз-дәм тартып келген соң «табалдырықтан биік тау жоқ» деп осынау елге сыйлы кісінің келіні болды. Құдайбергенді бұл ауылдағылар «Бекен» деп атайды екен, бұл да сол атқа үйренді. «Келіннің аяғынан» деп жүріп осы босағаға екі ұл, бір қыз әкелді. Аталарының атымен аталатын тау жақта бір көше бар болған соң ба жұрттың көзінше оны атамайды. Сөйтіп, Күләндә Қырбас әулетінің түтінін түзу шығарып, жаңабай ауылына сыйлы, ибалы келін атанды. Оның үстіне ұлағатты ұстаз деген аты бар ғой, бұрын әудем жер жүрсе болды үлкендерге иіліп сәлем жасайтын оған зейнетке шыққалы өзінен кішілер иіліп сәлем жасайтын болды. Өскен-өнген деген осы емес пе, Жансерігі ғой аудандық білім бөлімінде әдіскер, Жандосы да мұғалім, қаладағы Төле би атындағы гимназияда сабақ береді. «Арпа ішінде бір бидай» демекші Кәмшәті Латвиядағы магистратураны бітіріп, Астанада Қазақстан теміржолында жұмыс істейді.
Біз бағаналы бері Күләнданың отбасын айтып, оның ұстаздық жолы туралы ұмытып кетіппіз. Әйтсе де Отан от басынан басталатынын ұмытпайық, ағайын. Көкірегінің жарығы бар адам өмірден өз орнын табады екен. Күләндә жоғарғы оқу орнын бітіріп келгенде оған қамқоршы, ақылшы адамдар осы Ахмет Байтұрсынов мектебінен де табылды. Жас дәріскерге сол кезде ақылы дария Ақжолтай Сарқұлова әпкей мен Бүбішира Кемелова көмек қолын созып, мұғалімдік қызметтің қыр-сырын жалықпай үйретті.
– Мен аса дарынды әдебиетші Қуанышкүл Ермекбаевамен бірге жұмыс істедім. Әріптес ұстаздар Қалдыбала Сейітқұлова мен Кенішкүл Мұқатевалардың да білгендері мен көкейге түйгендері менің өміріме азық болды. Қайсы бірін айтайын, әріптестерімнің барлығы да жоғарғы санаттағы өз мамандығының нағыз иелері еді. Мәселен, шәкірттерге технология сабағынан дәріс беретін Еркебала Ошақбаеваның, орыс тілінің мұғалімі Гүлнәфис Ақамаеваның, тарихшы Гүлнәр Жұмағұлованың, физик Райхан Омаровалар мен диреторымыз Айгүл Қасымәлиеваның түйдек-түйдек ойлары оқуымызға азық, көңілімізге сүйеу болды.
Омыртқасы бүтін отыз сегіз жылда сегіз лек түлек түлетті. Шәкірттері де кәсібімен нәсібін тауып жүр. Мәселен, Фатима Махаметкерімова деген шәкірті өзі оқытып жүрген физика пәнінен өткен аудандық Олимпиадада бірінші орынды, облыста екінші орынды еншіледі. Сондай-ақ, облыстық «Айқанат» конкурсына қатысқан Рауаны, «Жас ғалым-2017» халықаралық жиынына қатысқан Кәмиләсі жүлдемен оралып жүр. Күләндәнің өзі «Қазақстан Республикасы білім беру ісінің үздігі», «Халық мұғалімі» медалінің иегері, «Ұлы физиктер» халықаралық конкурсының жүлдегері.
Оның Ұлбосын Әлмағамбет деген оқушысы Астанаға екі мәрте барып алғашында «Мектеп табалдырығынан – ғылымға» атты көрмеге, одан кейін «Табиғатты аяла» форумына қатысып, «Жасыл экономика» номинациясы бойынша бас жүлдені жеңіп әкелді. Күләндә Көлбаеваның бірнеше авторлық бағдарламасы бар. Ол Астана, Алматы, Тараз қалаларында өткен ғылыми-практикалық конференциялар мен семинарларда баяндама жасап, «ЭКСПО-2017» тақырыбына арналған форумдарға қатысып, өзінің авторлық бағдарламаларын қорғап, министрліктің, облыс пен ауданның Алғыс хаттары мен грамоталарына ие болды. Қызылорда қаласында өткен жылдың қараша айында ІІ республикалық ғылыми-тәжірибелік онлайн конференциясы өтті. К.Көлбаева осы жиынға қатысып, өзінің педагогикалық біліктілігін көтеріп қайтты.
Иә, Күләндә Ізбасарқызының жүріп өткен жолы ұрпаққа өнеге. Тал бесікте көрген тәрбиесін әр оқушыға дарыта білген оның әр дәрісі тұнық сөздің айдынынан шыққандай анық. Бәлкім сондықтан болар зейнет жасына келсе де шәкірттерін қимай күн сайын мектеп табалдырығынан аттайды. Оған үнемі мектептің есігінен сабақ саулап тұрғандай көрінеді. Расында нәті асыл адамның ойы да асыл болады.
С.Қожеке.
Суретте: Ахмет Байтұрсынов атындағы орта мектептің мұғалімі Қазақстан Республикасының үздік мұғалімі, «Халық мұғалімі» Күләндә Ізбасарқызы.
Көкдөнен ауылдық округі.