Ағаш көшеттері отырғызылды
38 ViewsТазалық – әр адамның жеке жауапкершілігі. Біз өз ауламызды, көшемізді таза ұстасақ, өмір сүру сапасы да айтарлықтай жақсарады. Өткен сенбіде «TazaLike» жобасы шеңберінде «Болашақты…
Қай кезде де халықтың қалауына қарай жұмыс істеп, елімен етене жақын болған басшыларды ел ескерусіз қалдырған емес. Ақ батасын беріп, алғысын жаудырып, құрметтеп жатады. Журналистік қызметте жүріп, оған сан мәрте куә болдық. Аудан тізгінін ұстаған алты айдан астам уақыттың ішінде аудан әкімі Ерболат Садырқұловқа халықтың құрметі артып, алғысқа бөлеп келеді. Күні кеше Қарақыстақ ауылдық округіне қарасты Жалпақсаз, Тасшолақ, Қазақ, Каменка ауылдарын аралап, халықпен кездесу жиынын өткізген әкімге ел ерекше ықылас танытты.
Аудан әкімі жұмыс сапарын Жалпақсаз ауылында 5 келушіге арнап салынып жатқан медициналық пунктің құрылыс жұмыстарымен танысудан бастады. Құрылыс материалдарының сапасына мән берген аудан басшысы орынбасары Руслан Оразханға жұмыстың тиянақты атқарылуын бақылауда ұстауды тапсырды. Ауылдағы көше жолдарының сапасына да зер салды. Ал, Тасшолақ ауылындағы бастауыш мектептің сырт көрінісі де, ішкі тәртіп мәселесі де Ерболат Салқынбекұлының көңілінен шықпады. Расында ғимарат тозып тұр. Мектеп ауласы абаттандырылмаған соң ба, сұрқай тартып, көңілің пәс тартады. Ішкі аурасы да жанды жадырата қоймады. Бірқатар кемшіліктерді көз көрді.
Аудан әкімі аялдаған келесі нысан Қазақ ауылындағы орта мектеп болды. Мектеп асханасындағы балалардың ас мәзірін алдырып, тамақтың белгіленген нормаға сәйкестігіне көңіл аударды. Мектеп ауласында кездескен ауыл ақсақалы, өткен жылғы республикалық «Мерейлі отбасы» байқауының жеңімпазы Өмен Ниязқұлов аудан басшысына ақ батасын беріп, ризашылығын білдірді. Сөз орайы келгенде ауылға көгілдір отын кіргізуге ықпал етуін өтінді. Көше жолдарының жөндеу көрмегенін де жеткізді. Ақсақалды байыппен тыңдаған аудан басшысы келесі жылы екі көше жөндеуден өтетінін айтып, қарияны қуантты. Көгілдір отын мәселесін назарда ұстап отырғанын сөз етті.
Каменка ауылына барған Ерболат Салықбекұлы облыстық туберкулезге қарсы балалар санаториі мен Бауыржан Момышұлы атындағы орта мектептің материалдық базасына мән берді. Бір байқағанымыз аудан әкімі қай ауылға барса да атқарылған оңды істі емес, шешімін күткен мәселелерді зерделеп, оны шешудің төте жолдарын қарастырды. Соның бірі – Қазақ ауылындағы орта мектепке акт залын салу жұмыстарын келесі жылы іске асыруға қатысты қабылдаған шешімі.
Каменка ауылының тұрғыны, қолөнерші Ерлан Сметовтың үйіне арнайы барып, оның жасап жатқан бұйымдарына баға берген аудан басшысы қолөнершінің соңғы жасап шығарған домбырасын қолға алып, күмбірлете күй тартты. Ұлттық аспапты қолөнерші бір өзі төрт күнде жасап шығарады екен. Оған Жаңғақ, арша ағаштарын қолданады. Бір домбыраның құны 40-60 мың теңгенің аралығында көрінеді. «Жаз айларында домбыраға тапсырыс көп» дейді Ерлан Сметов. Қазіргі таңда аудандық саз мектебінен тапсырыс алыпты. Қыста көбіне күбі жасайды. «Осы екі дүниеге елдің сұранысы жоғары. Ағаштан ұлттық тағамымыз етке арналған табақ жасауға да тапсырыстар түседі. Бірақ оған қол тие бермейді» дейді ол. Қолөнершінің жұмысына сәттілік тілеген аудан әкімі аудандық мәдениет үйінде жергілікті тұрғындармен кездесті. Ауыл әкімінің жыл басынан бергі атқарған жұмыстарын тыңдап, бірқатар жұмыстарына қатысты сұрақтар қойып, пысықтап алды.
Жиын барысында ауыл тұрғындары көкейде жүрген сауалдарын жолдап, аудан әкімінен шешімін табуға ықпал етуді сұрады. Алдымен «Айдар» шаруа қожалыығының басшысы Амангелді Қабылханов сөз алып, ауыл шетіндегі бейіттің жанында ашылған балық шаруашылығының салдарынан бейітке су кіріп, бүлініп жатқанын жеткізді. Сонымен қатар, ауылға газ кіргізу, мал ұрлығы мен мал ауруының көбейіп кеткендігі туралы мәселелер көтерді. Сол секілді ауыл тұрғыны, ауылдық ақсақалдар алқасының төрағасы Алпысбай Оразбаев көше жолдарының тозғанын, жайылымдық жерлердің тарылып кеткенін айтса, жалпақсаздық Жетпісбай Сейітбеков, аудандық мәслихаттың депутаты, ауылдық мәдениет үйінің меңгерушісі Зәйтуна Оразалиева да жол мәселесі мен ауылға би үйірмесі керектігі жөнінде сауал жолдады. Аудан әкімі өз орынбасарлары мен бөлім басшыларын тұрғызып, әр сауалды нақтылай отырып тапсырма берді.
Мереке Ержанұлы.