Ақсақалдар бақ сынасты

944 Views

Қазақ қоғамында қай уақытта да ақсақалдың ақ батасынсыз ешбір іс басталмаған. Үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсететін біздің халық қариясын қазынаға балаған. Сонымен бірге, 1 қазан «қарттар күнін» жыл сайын атап өтеді. Әрине, бұл жылы да қариялдар күніне орай ауданымызда әртүрлі іс-шаралар өткізілгені мәлім. Аудан ақсақалдарының бір сәт көңілін аулап, білгені мен түйгенін жас ұрпаққа паш етіп, үлгі-өнеге ету мақсатында жуырда тағы бір жиын өтті. Аудандық мәдениет үйінің ұйымдастыруымен «Қарттарым – асыл қазынам» атты ақсақалдар байқауына ауданымыздың түкпір-түкпірінен қариялар жиналып, өзара бақ сынады. Аудандық ақсақалдар алқасының төрағасы Қожайхан Бижанов, журналист Сейсен Қожеке, М.Төлебаев атындағы саз мектебінің директоры Бердіхан Бабасов төрелік еткен байқау төрт кезең бойынша өрбіді. Бірінші кезеңде өздерін таныстырған ақсақалдар екінші кезеңде өнерлерін көрсетіп, үшінші кезеңде өз қалаулары бойынша әртүрлі бата берді. «Әке көрген оқ жонар» демекші, көргені мол көнекөз қариялар төртінші кезеңде өз қолдарынан шыққан қолөнер бұйымдарын көпшілік назарына ұсынды.
Жарыс барысында әншілік, суырыпсалма ақындық өнерімен ерекше көзге түскен Рысқожа Нәжетханов:
«Еліміз аман болсын патшасымен,
Аталар аман болсын шақшасымен,
Апалар аман болсын ақшасымен,
Әжелер аман болсын келісімен,
Биелер аман болсын желісімен,
Қойларың аман болсын қорасымен,
Жігіттер аман болсын жолдас-жорасымен,
Келіндер аман болсын бесігімен,
Аттаған ақ босаға есігімен,
Гүлдерің аман болсын шыбығымен,
Қыздарың аман болсын қылығымен,
Тауларың аман болсын жотасымен,
Түйелер аман болсын ботасымен.
Қазаның аман болсын қаспағымен,
Сиырың аман болсын баспағымен,
Аман болсын еліміз жеріміз бен,
Асты-үсті толы байлық-кенімізбен!» деп өзі шығарған батасын айтса, жүлделі 1 орынды иеленген Көгершін ауылының ақсақалы Нысанбай Тәукенов бәйгеге сәйгүлік баптап, өз қолымен қамшы, жүген өретін қасиетімен ерекшеленді. Сондай-ақ, ол байқауға өзі жасаған жүген, қамшысын әкеліп, әуелеп ән айтып, кез келген тақырыпта бата бере алатындығын да дәлелдеді. Ал 2 орынға «Қазаның оттан түспесін, қазағым аттан түспесін» деп жырлаған Тереңөзек ауылының тұрғыны Жолдасбек Қайнарбаев ие болды. Сондай-ақ, Сөгеті ауылының қариясы Құралбек Жайнақов «көрермен көзайымы» номинациясына, ал құмарықтық Серік Қазбеков «баталы қария» атағына ие болды. Әрине, «баталы қария» атанған ақсалдың батасы жарыс қатысушыларынан ерекше көрінгені рас. Мәселен,
«Құтты болсын туған күн,
Кіндігіңді кесіп ап,
Жібек жіппен буған күн,
Шілдехана суымен
Алғаш рет жуған күн.
Ақ сүтін асыл ананың
Емірене емген күн,
Әкең келіп төбеңнен
Тебірене төнген күн,
Қуанғаннан ел-жұртың
Көрімдігін берген күн,
Кімге тартты екен деп,
Бетіңді ашып көрген күн,
Туған күнің жыл сайын
Жүз жыл бойы тойлансын,
Өсіп үрім-бұтағың,
Арманыңа жете бер,
Өмір – шексіз көк теңіз,
Тоқтамастан кеше бер!» — деген туған күнге арналған батасын айтуға болады. Осылайша, жас ұрпаққа үлгі-өнеге көрсетіп, бата-тілегін арнаған ақсалдар бәйгесі де мәресіне жетті.

Салтанат Қарасаева.

Поделиться ссылкой: