Мектептің өз музейі бар

908 Views

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында «Туған жерге деген сүйіспеншілік нені білдіреді?» деген сұрақ қойып, оның жауабын төмендегідей тарқатады. «Бұл білім беру саласында ауқымды өлкетану жұмыстарын жүргізуді, экологияны жақсартуға және елді мекендерді абат­тандыруға баса мән беруді, жергілікті деңгейдегі тарихи ескерт­кіштер мен мәдени нысандарды қалпына келтіруді көздейді.
Патриотизмнің ең жақсы үлгісі орта мектепте туған жердің тарихын оқудан көрініс тапса игі.
Туған жердің әрбір сайы мен қыр­қасы, тауы мен өзені тарихтан сыр шертеді. Әрбір жер атауының төркіні туралы талай-талай аңыздар мен әңгімелер бар. Әрбір өлкенің халқына суықта пана, ыстықта сая болған, есімдері ел есінде сақталған біртуар перзенттері бар. Осының бәрін жас ұрпақ біліп өсуге тиіс».
Елбасы артқан жауапкершілік жүгін Болтай батыр атындағы орта мектеп ұжымы жете түсініп, көпке ортақ өнегелі істі қолға алған екен. Мектеп қабырғасынан өлкетану жұмыстарын жүргізуді көздеп, музей ашты. Музей ішінен саналы ғұмырын ұстаздық қызметке арнап, ұзақ жылдар Ақтоған орта мектебінің директоры қызметін атқарған Сейтжан Өскенбаевқа арнайы бұрыш ұйымдастырыпты. Лайықты баға, лайықты құрмет. Аудандық білім бөлімінің басшысы, аудандық мәслихаттың депутаты болып, ауданның әлеуметтік-экономикалық өсіп-өр­кен­деуіне зор үлес қосқан Сейтжан Абдуалыұлы алғашқы еңбек жолын Болтай батыр атындағы орта мектепте ұс­таздық қызметтен бастады. Музейдің ашылу салтанатында оның көзі тірісінде үзеңгілес досы болған әріптесі Әмзе Тәжіков, ұстазы Жақсыбек Түзелбаев, сыныптас досы, белгілі археолог Арнабай Нұржанов, шәкірті, облыстық «Ақ жол» газетінің журналисті Табиғат Абаилдаев, білім бөлімінің басшысы Еркін Сейтжапаров, мектеп директоры Рабиға Жаңабердиевалар сөз сөйлеп, ыстық лебіздері, әсерлі естеліктерімен бөлісті. Сейтжан Абдуалыұлының аяулы анасы Әсілбүбі Рахымбердіқызы мен асыл жары Нұргүл Ілиясқызына да сөз беріліп, осындай игі істі қолға алған мектеп ұжымына алғыстарын жеткізді. Музейдің лентасын Әмзе Тәжіков пен Жақсыбек Түзелбаев қиды. Ашылу сал­танатына шақырылған қонақтар музей ішін аралап көріп, құнды мұрағаттармен танысты.

Мереке Ержанұлы.

Поделиться ссылкой: