«АЯУЛЫМ» БӨБЕКЖАЙЫНДА

823 Views

Ақыртөбе ауылында қазір екі бала­­лар бақшасы бар. Оның біреуі мемле­кеттік те, екіншісі, жекеменшік бөбекжай. Аудандық білім беру бөліміне қа­райтын «Болашақ» бала­бақшасына 65 бүлдіршін барып жүр. Бұрын ау­да­нымызда балаларды бақшаларға орналастыру әжептәуір мәселе еді. Кей­ін­­гі кезде аралас яғни, мемлекеттік бақшамен жекеменшік бақшаның се­ріктесуі арқасында пайда болған ме­кемелер көбейіп, бақша кезегі ана­ғұр­лым азайды. Айту ләзім, кейбір кә­сіпкерлер өз қаражаттарына бақша салып, оны жартылай мемлекет мен­шігіне өткізіп, бірлесе жұмыс істеуде. Мұндай жағдайда мемлекет тарапы­нан әр балаға 24500 теңге қаражат бөлі­неді.
Ақыртөбе ауылында өткен жыл­дың қыркүйек айында ашылған «Аяулым» жекеменшік бөбекжайында бүгінде елу бүлдіршін тәрбиеленуде. Бөбек­жайды ашқан ауданымызға белгілі партия жә­не мемлекет қайраткері болып зей­нет­ке шыққан «Қазақстан Республикасының Бі­лім беру ісінің Құрметті қызметкері» Зәуреш Орынқұлқызы Тойбекова. Оның еңбек өтілі 41 жыл. Он жыл Ақыртөбе мектебінде еңбек жолын мұ­ғалім болып бастаған ол одан соң аудандық партия комитетінде нұсқаушы, Абай колхозында партком хатшысы, Қара­қыстақ ауылдық аймағының әкімі, аудандық мәдениет басқармасының бас­­тығы сияқты лауазымды қызмет­терді атқарды. Сөйтіп, зейнетке шық­қан­ша аудандық білім бөлімі жа­нын­­дағы мұғалімдер қызметкерлері кә­­сіподағының төрайымы болып 17 жыл жұмыс істеді. Осы жылдар ішін­де Зәуреш Қазақстан Компартиясы­ның ХҮІ және ХҮІІ сьездеріне деле­­гат болып қатысып, екі мәрте аудан­дық кеңеске депутат болып сайланды. 2003 жылы Тұңғыш Президентіміз Н.Ә.Назарбаевтың Алғыс хатын алып, ҚР Білім және ғылым Министрінің Құрмет грамотасымен марапатталып, «Білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағына сіңірген еңбегі үшін», Қазақстан халықтары Ассамблеясы­ның 20 жылдығы құрметіне «Этнос­аралық келісімді нығайтуға қосқан үлесі үшін», «Білімді дамытуға қосқан үлесі үшін», «ҚР сала қызметкерлері кәсіподағына сіңірген айрықша еңбе­гі үшін» төсбелгілерімен марапатта­лып, есімі Қазақстан мен Ресейдің «Білім беру ісіндегі 100 үздік есім» ат­ты энциклопедиясына енген.
«Осының барлығын жіпке тізіп ай­тудың қажеті не?» дейтіндер де ара­мыздан табылып қалуы мүмкін ғой. Алайда «Еңбегіне қарай – құрмет» көр­сету біздің қоғамымыздың басты құндылығы екенін де екі елі естен шығармаға­ны­мыз жөн-ау. Осындай атағынан ат үркетін адамның Ақыртөбе ауылынан жекеменшік бөбекжай ашуы алдымен ауыл тұрғындарына жасаған үлкен жақсылығы болды.
– Бөбекжай ашу көптен бері ойымда жүр еді. «Туған жерге туыңды тік» демей ме? Ауылдағы бір бала бақша теміржолшылар мен газ сақтау қоймасындағы жұмысшылардың, жалпы тұрғын халықтың сұранысын өтей алмайды ғой. Сондықтан інім Бақытқан екеуіміз әкеміз Орынқұлдың қара шаңырағын балалар бақшасына ыңғайлап, қайта салуға бел шешіп, білек сыбана кірістік. Өзіміздің басымызда баспана бар болған соң еш нәрсеге жалтақтамай он үш-он төрт бөлмелі тұрғын үйді бір жаздың ішінде бөбекжайға айналдырып, асханасына дейін салып, бітірдік. Өзімнің білім саласында жинақтаған тәжірибеме сүйеніп, бірінші кезекте кадр мәселесіне айрықша көңіл бөлдім. Бөбекжайға бала тарту да оңай болған жоқ, көрші жатқан (Бірлес) Сәлімбай ауылынан келетін 18 балаға көлік тауып бердік. Оқу-тәрбие жұмысына қажетті құрал-жабдықтарды сатып әкелген соң бүлдіршіндерді тамақтандыру күн тәртібінде тұрды. Әсіресе, асхана мен ас бөлмелердегі са­­ни­тарлық-гигиеналық тазалықты жиі қадағалап, балаларға берілетін та­мақ­тың сапасы мен мөлшеріне, оның әр түрлі дәрумендерге бай болуына ба­са назар аудардық. Сөйтіп, балаларды «Санжар» және «Нұрасыл» деген екі топқа бөліп, жұмыс істей бастадық. Мі­не, бөбекжайымыздың ашылғанына бір жылдан асты. Төрт тәрбиеші, бір әдіскер, бір хореограф, екі бала кү­туші мен екі аспаз, барлығы 23 адам балаларға аянбай қызмет көрсетуде, -дейді Зәуреш Орынқұлқызы шырт ұйқыда жатқан бүлдіршіндерді оятып алмайын деп, ақырын сөйлеп.
«Айына алты мың төлемақы деген не тәйірі, ең бастысы балаларымыз қараусыз көшеде қалмай мейірімді де кішіпейіл адамдардың қамқорлығына көшті» дейді қазір кез келген ауыл тұр­ғынынан сұрай қалсаңыз. Әйткен­мен «Аяулымға» кезекте тұрғандар­дың саны 20-ға жетіпті. Демек, балалар­ға деген күтім мен көрсетілетін қызмет жақсы болғаны ғой. Ата-аналар әсі­ресе, тәрбиеші әрі биге үйретуші Наурыза Мұратоваға, әдіскер әрі тәр­биеші Аманкүл Оразалиева мен Ақбота Теңгебаеваға дән риза. Кіші қыз­метте жүрген Дария, Талшын, мейірбике Айнұрға да жұрттың айтар алғысы шексіз. Ал, аспаздар Назира Қайназарова мен Индира Байдосова­ның пісірген асы тіл үйіреді.
Балалардың да тәрбиешілердің де бос уақыты жоқ. Бөбекжайда бә­рі де алдын ала жасалған жоспар, бағ­дар­ламаға сәйкес өтеді. Дегенмен бақша меңгерушісі Зәуреш Тойбекова алдын болжап, алдағы жылы тағы да 50 ба­ла­ға арналған мектепке дейінгі дайын­дық тобын ашуды көздеп отыр. Сол үшін арнайы жер бөлініп, алдағы көктем­де құрылыс жұмыстарын бастамақ­шы болып отыр екен.

С.Қожеке.
Ақыртөбе ауылы.

Суреттерде: тәрбиеші Наурыза Муратова бүлдіршіндер ортасында; бөбекжай алаңында.

Поделиться ссылкой: