Мақау да адам екенін ұмытпайық

986 Views

немесе аудандық қоғамдық кеңеске түскен шағым хақында

Осы жылдың 10-шы қазаны күні аудандық қоғамдық кеңестің төрағасы Пазыл Сүлейменовтың атына ерлі — зайыпты мүгедектер Нұрлат Демесінов пен оның жұбайы Нұрзада Үмбетовадан арыз түсті. Арызда олар «Каспий» мен «Альфа» банктердің Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың азаматтардың борыш жүктемесін азайту туралы шараларына орай алған несиелерінің кешірілмей отырғаны туралы шағым айтып, осыған көмек сұрайды. Осы өтініш-арызды тексеруді П.Сүлейменов қоғамдық кеңестің мүшесі Мұрат Ыстыбаевқа жүктейді. Осындай дау-дамайды шешіп беруге бұрыннан-ақ төселген Мәкең арыздың ізін суытпай іске кіріседі.
Туғаннан мақау әрі құлағы есті­мей­тін ғаріп жандардың екеуінің жасы да 35-36 жас аралығында. Екеуі Меркіде 2007 жылы заңды некеге тұрған. Олардың бесінші сыныпта оқитын бір баласы бар. Темірлан әке-шешелері сияқты емес, сөйлей алады. Олар осы екі-үш жылдан бері Құланда тұрады. Нұрлат жұмыссыз. Нұрзада болса базарда іш киім сатып, күнін көреді. Бәріңізге белгілі 2019 жылдың 26-шы маусымында Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан азаматтарының борыш жүктемесін азайту шаралары туралы №34-ші Жарлығы шықты. Осы Жарлықтан соң көп жұрт әбігерге түсіп жүріп, мемлекет тарапынан өздеріне тиеселі жеңілдіктерін алып, Үкімет кешірген несиелерін түгендеуге кірісті. Ал, ыммен сөйлесіп, бір-біріне мұңын шаққанымен оны сыртқы жұртқа шығара алмай жан азабын тартқан ерлі-зайыпты екеу күндердің күнінде өздеріне М.Ыстыбаев сынды қайырымды жанның келетінін білген жоқ.
Иә, мақаулар емес көп адамдар мемлекет тарапынан болып жатқан өзгерістерді кеш ұғынды. Десек те, осы, маусымдағы жұртты жарылқаған қаулының Нұрлат пен оның әйелі Нұрзадаға қатысты жерлерін ежелеп оқып көрейікші. Ол қаулы: «…өмірлік қиын жағдайда қалған Қазақстан Республикасы азаматтарының борыш жүктемесін азайту жөнінде уақтылы көмек көрсету мақсатында» деп басталады. Одан әрі қарай оқысаңыз: «…оларға мынадай жағдайларда яғни 18 жастан асқан бала жасынан мүгедектері бар отбасылар, 2019 жылғы 1 маусымға алған несиесі 3 миллион теңгеден аспайтын болса, берешегі 300000 теңгеден аспайтын болса оларды өтеу бойынша бір жолғы тәртіпте шаралар қабылдансын» деп атап көрсетілген.
Ал, арызданушы ерлі-зайып­ты­лардың екеуінің де мәселен, Нұрлат Демесіновтың «Альфа» банктен алған 163 мың 552 теңге 57 тиыны, әйелінің 16169 теңге 95 тиыны, сондай-ақ, Нұрлаттың «Каспий» банктен алған 64063 теңгесі кешірілмеген. Мүгедек жандар тамыз, қыркүйек айларында туындаған отбасылық дағдарысқа байланысты несиелерін екі ай төлей алмай қалған. Ал, маусымда шыққан Жарлықтан соң 2019 жылдың 4-ші қазанына дейін банктер әлгі мүгедек жандарға айыппұл төлетіп отырған. Қоғамдық кеңестің мүшесі М.Ыстыбаев осы жағдайлардың барлығын анықтап алған соң қорғансыз жандардың үшеуін де Алматыға алып барған. Ол мақау жандармен баласы Темірлан арқылы тіл табысып алып, алдымен «Альфа» банктің төрағасы А.В.Аникинаға жолығады. «Сөйтсем, — дейді Ыстыбаев.-«Мақауларға қалай несие беріп жүр?» деп менен сұрайды олар» дейді.
Иә, «басы ауырмағанның басқамен ісі жоқ» деген рас екен-ау. Ыстыбаев банк қарыздарын қайтартып алу жөніндегі аймақтық оператор С.Тәпетовтың да алдында болады. Одан Президент Жарлығының орындалуын талап етеді. Бір қызығы М.Ыстыбаев мырза Алматыға бара жатқанда Меркідегі ЦОН-ға соғып, ерлі-зайыптылардың онда тіркелген-тіркелмегенін анықтамақ болады. Өкінішке орай олар паспорттық тіркеуде тұрғанмен, Жарлыққа байланысты ешқандай нұсқауға ілінбеген болып шығады. Қайтар жолда яғни, 15-ші қазан күні Ыстыбаев тағы да Меркіге тоқтайды. Ол сонда өз көзіне өзі сенбей, бір тәулікке жетпейтін уақытта өз қорғауында жүрген адамдардың интернет-парақшада тіркелгенін көріп таң қалады.
Аудандық қоғамдық кеңестің мүшесі М.Ыстыбаев бұдан кейін де тыныш жатпай мүгедектерді ертіп Тараз қаласына барып, борышкерлердің қарызын жойғызып қайтады. Міне, сөйтіп, Мәкең үлкен сауапты іс жа­сады. Осыған қарап арамызда осындай қорғансыз жандардың бар екенін, мақаулардың да адам баласы екенін еске салғымыз келеді. Әсіресе, халыққа қызмет көрсету саласында жүрген мемлекеттік және мемлекеттік емес қызметте жүрген азаматтар мұны әсте ұмытпауы тиіс деп ойлаймыз.

С.Қожеке.

Поделиться ссылкой: