Алаштың Ақжүрегі

519 Views

Өткен жұмада Мэлс Өзбеков атындағы аудандық мәдениет үйінде жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен еркін күрестен Қазақстанның 4 дүркін жеңімпазы, халықаралық дәрежедегі спорт шебері, 2012 жылы Лондон қаласында өткен жазғы Олимпиада ойындарының қола жүлде иегері, жерлесіміз Ақжүрек Таңатаровпен «Алаштың Ақжүрегі» атты тақырыпта кездесу кеші өтті. Журналист Марат Диханбай жүргізген еркін форматтағы кездесуде жастарымызға өнеге боларлық тәрбиелік мәні бар тағылымды сөздер көптеп айтылды. Кездесу барысында Мұқан Төлебаев атындағы балалар мен жасөспірімдер музыка мектебінің оқытушылары Өміржан Ақылбаев Айша Көпжасарованың сөзіне жазылған Мэлс Өзбековтің әні «Келші Құланға», Қаршыға Әбдікерімов Нұрғиса Тілендиевтің «Әлқисса» күйін, аудандық мәдениет үйінің әншілері Айша Жүнісова мен Рысбек Қадырқұлов «Туған жер» және «Өз елім» әндерін тамылжыта орындап, жиналған жастардың ыстық ықыласына кенелді. Кездесуге аудандық ардагерлер Кеңесінің төрағасы Қожайхан Бижанов қатысып, өзінің ақжарма тілегін жеткізді.
«Құт қонған Құмарықта талай дүлдүлдер дүниеге келген. Соның бірегейі бүгін өздеріңіз кездесіп отырған Ақжүрек Таңатаров деп білемін. Ақжүрек қазақтың қайсар ұлы. Неге олай деймін. Өйткені, балуан жігіт Тұманды Альбионда қазақ дейтін ұлттың мықтылығын, күрескерлігін паш етті. Еркін күрестен еліміздің 4 дүркін жеңімпазы екенін Марат балам сөз басында атап өтті. Парижде өткен әлем чемпионатында да өзінің білек күшінің де, тәжірибесінің де мол екенін Ақжүрек бозкілемде анық көрсетті. Өрлей бер, інім. Лайым жақсы күндерде жолығысайық. Жаңа өзің де Тәуелсіздіктің құны төңірегінде тебірене сөз қозғадың. Ел экономикасы өркендеп, елімізде тек қана бейбітшілік болсын» дей келіп, Ақжүрек батырдың иығына қазақы оюмен әдіптелген шапан жапты. Бүгінде спорттық мансабын аяқтап, басшылық қызмет атқарып отырған Ақжүрек Таңатаров еркін күрестен балғын жасөспірімдердің талабын шыңдау үстінде.

Әріптесіміздің сүбелі сұхбатын газетіміздің алдағы сандарынан оқи аласыздар.

«ҚҰЛАН ТАҢЫ» АҚПАРАТ.

Поделиться ссылкой: