Құнды кітаптар тарту етті
Өткен аптада Бауыржан Момышұлы атындағы орта мектептің акт залында кітапханашылар күніне арналған «Кітапхана – білімнің күншуағы» атты мерекелік шара ұйымдастырылды. Аудандық білім бөліміне қарасты орта мектептердің кітапханашылары бас қосқан іс-шараға облыстық «Білім шырағы» газетінің бас редакторы Райхан Бостанова мен аудандық білім қызметкерлері кәсіподағының төрайымы Айнұр Баймұратова арнайы келіп қатысты. «Томирис» би тобының «Ақсақ киік» биімен шымылдығы түрілген кеште Айгерім Серікбай, Назерке Түлекова, Перизат Қалымбетова сынды кеш қонақтары «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыру мақсатында «Буккросинг – бірге оқимыз: кітаптың айналыста жүруі – «Bookerossing-Книговорот» атты акцияға қолдау білдіріп, өздері оқыған мектеп кітапханаларына құнды кітаптар тарту етті. Мерекелік кеште «Білім шырағы» газетінің бас редакторы Райхан Илясқызы құттықтау сөз сөйлеп, ұстаздар қауымымен 22 жылдан бері бірлесіп жұмыс істеп келе жатқанын атап өтті. Бұқаралық ақпарат құралдарымен өзара байланыс орнатып,«Білім шырағы» газетінде тұрақты мақалалар жазып жүрген бірқатар ұстаздар редактордың алғыс хатымен марапатталды. Сол секілді кітапханашылардың елеулі еңбегін бағалаған кәсіподақ төрайымы Айнұр Манатбекқызы да аудандық білім бөлімі мен кәсіподақ ұйымының алғыс хатымен бірнеше кітапханашыларды марапаттап, бағалы сыйлықтарын табыстады. Өз кезегінде Бауыржан Момышұлы атындағы орта мектептің директоры Мұратжан Мейманханов та сөз алып, кітапханашыларды құттықтады. Мерекелік кеш мектеп оқушыларының концерттік бағдарламасына ұласып, ән мен биден шашу шашылды.
Мереке Сейдашым.