Студенттер практикада болды

790 Views

Колледж студенттері өздерінің теориялық білімдерін практикамен тығыз байланыстырып отырады. Мәселен, ветеринария бөлімінің студенттері жылына екі рет: көктемгі төл алу және күзгі күйек алу науқаны кезінде практикада болады. Биыл да осы бөлімнің екінші курс, үшінші тобының білімгерлері көрші аудандағы «Жылыбұлақ – Меркі» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің шалғай құмдағы қыстауларында болып, қойды қолдан ұрықтандыру науқанына шопан-осеминаторлармен бірге қатысып, өздеріне мол тәжірибе жинақтады.
Осы топты басқарып барған Құлан агротехникалық колледжінің оқытушы-шебері Тілек Тұрсыналыұлымен әңгімелескенімізде ол бізге былай деді: — Менің ветеринария бөлімі студенттеріне дәріс бере бастағаныма биыл екінші жыл. Қазіргі таңда колледж студенттеріне сабақ бере жүріп Скрябин атындағы Қырғыз Мемлекеттік Университетінің ветеринариялық медицина және биотехнология факультетінде сырттай білімімді көтеріп жүрмін. Кафедра меңгерушісі Жанар Байсақалова мен директордың өндірістік оқу жөніндегі орынбасары Райхан Ташыбаева сынды білікті ұстаздардың ақыл-кеңесін тыңдай жүріп, өзімнің колледжде алған білімімді практикамен ұштастыруға айрықша көңіл бөлудемін. Биыл біз студенттерді практикадан өткізу алдында «Жылыбұлақ – Меркі» серіктестігінің басшысы Есбол Аманжолұлымен ақылы негізде практикадан өту келісім-шартына тұрдық. Соның нәтижесінде практикадан өткен он төрт студент 25 мың теңгеден жалақы алды. Олар науқан кезінде яғни 24 қазан мен 9 қараша аралығында мал ұрықтандыру пункттерінде болып, саулықтарды қолдан ұрықтандыруға қатысты. Жеті пункттің әрқайсында екі студенттен болды.
Иә, студенттер бір ай шамасында науқанға қатысып, қайтты. Он төрт студенттің он төрті де колледжде алған білімдерін практикамен ұштастырып қайтты. Олардың еңбегіне серіктестік басшылары да ризашылығын білдіріп жатыр. Студенттер Нұржігіт Мадияров, Сапармұрат Әлімбек, Нұрдәулет Сейіткерім, Нұрсұлтан Мейрамбекұлы тағы басқалардың еңбегіне аға шопандар Ерік Байсуанов, Айдын Байғұлиев және Жексен Егізбаевтар шын ризашылықтарын білдіруде.
Екінші курс студенттері практикадан оралысымен сабақтарын одан әрі қарай жалғастыруда. Колледжде де оларға барлық жағдай жасалған Ветеринария бөліміндегі студенттер жаңадан салынған модульде тәжірибе сабақтарын өткізеді. Бұл олардың терең білім алуына негіз бола алады.

С.Қожеке.

Поделиться ссылкой: