Жастар жылында жасалған жұмыс жетерлік

516 Views

Өткен аптаның жұмасында аудан әкімдігінің үлкен мәжіліс залында аудандық жастар ісі жөніндегі Кеңестің отырысы өтті. Аудан әкімі Ерболат Садырқұлов төрағалық еткен отырысқа бірқатар бөлім басшылары, ауылдық округ әкімдері, кеңес мүшелері, белсенді жастар мен облыстық «Жастар ресурстық орталығы» директорының орынбасары Айбек Тәутен де қатысты. Күн тәртібінде жастарға қатысты бірнеше мәселелер қаралып, тиісті шешімдер қабылданды.
Статистика мәліметтеріне сүйенсек, Т.Рыс­құлов ауданындағы тұрғындар саны 64 443 адамды құрайды. Ал, оның ішінде 14 453-і жастар. Жалпы аудан халқының 22 %-ын құрайтын жастардың 7760-ы ерлер болса, 6693-і нәзік жандылар. Аталмыш буын өкілдерімен тікелей байланысқа шығып, тиісті шараларды іске асыратын «Жастар ресурстық орталығында» барлығы 24 қызметкер жұмыс атқаруда. Олардың бүгінде еңсерген істері өте ауқымды. Мәселен, жастар саясаты мәселелері басқармасы мен аудан әкімі арасында 6 индикаторлық көрсеткіш өңір жастарын жұмыспен қамтудың белсенді іс-шараларына бағытталған. Биыл 718 жасты жұмыспен қамту жоспарланса, аудан әкімдігінің «Халықты жұмыспен қамту орталығының» мәліметі бойынша нақты 1086 жас жұмысқа орналасқан. Осылайша ағымдағы жылға белгіленген меже 151 %-ға артығымен орындалып отыр.
Аудан жастары соңғы жылдары мемлекет ұсынған көмектерді де тиімді пайдалануда. Мысалы, 2018-2019 жылы «Серпін – 2050» бағдарламасы аясында 11 түлек еліміздің Ақмола, Ақтөбе, Атырау, Қарағанды, Қостанай, Павлодар, Батыс пен Шығыс және Солтүстік Қазақстан облыстарында білім алуда. Ал, биыл ауданымызда білім алып жатқан Құлан агротехникалық колледжінің 42 студенті «Жасыл ел» бағдарламасының іске асырылуына атсалысып, көгалдандыру және абаттандыру жұмыстарына тартылған.Ауданда жастардың кәсіпкерлігін шың­дауға айтарлықтай мән берілуде. Кірістер басқар­масының мәліметіне сәйкес аудан көлемінде 365 жас кәсіпкер тіркелген екен. 2019 жыл­дың қорытындысы бойынша «Жұ­мыс­пен қамту және жаппай кәсіп­керлікті дамытудың 2017-2021» бағ­дарламасының ІІ бағыты бойынша 58 азамат микронесие алыпты. Сондай-ақ, Жамбыл облысы кәсіпкерлер палатасының Т.Рысқұлов ауданындағы филиалының оқыту жұмыстары әлі де жүргізілуде. Бүгінгі күнге дейін 128 жас кәсіпкерлік негіздері бойынша оқудан өткен. Аталмыш мәліметтердің барлығын Кеңес отырысында аудандық жастар ресурстық орталығының директоры Айбек Сәрсенханұлы мәлімдеп берді. Орталық басшысы соңғы кезеңдерде ауданда кәсіпкерлікті дамыту бағытында ауқымды жұмыстар жүргізіліп жатқанын айтып, сала бо­йын­ша атқарылған шараларға ке­ңінен тоқталды. «Бизнестің жол картасы-2020» бизнесті қолдау мен дамытудың мемлекеттік бағдарламасы аясында берілетін гранттарға ауданнан 31 жас өтініш білдірді. Нәтижесінде 26 жоба ұсынылып, 11 жас кәсіпкер грант иегері атанды. Одан бөлек, 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттiк бағдарламасының II бағыты бойынша кайтарымсыз грант алған жастар саны – 23-ті құрады. Олардың ішінде сән салоны, визажист, тырнақ әрлеуші сынды кәсіп түрлері бар» деп атап өтті.
Айбек Сәрсенханұлы бастаған ұжым биылғы жылы жастардың бос уақытын тиімді пайдалану, оларға бағыт бағдар беру, шығармашылығын шыңдау мақсатында түрлі форматта 200-ге жуық іс-шаралар ұйымдастырыпты. Атап айтатын болсақ, аудан әкімдігінің қолдауымен «Мейірім» атты әлеуметтік дүкен ашылуына атсалысқан. Онда демеушілердің көмегімен тұрмысқа қажетті заттар алынып, көмекке мұқтаж жандарға үлестіріліпті. Сонымен қатар, аудан жастары Жамбыл облысының әкімі А.Мырзаxметов, оның орынбасары С.Құрманбекова, «Қазақстанның еңбек ері» төсбелгісінің иегері Сайрамбай Дөненбаев, Лондон олимпиадасының қола жүлдегері Ақжүрек Таңатаровпен еркін форматта кездесіп, толғандырған сұрақтарына жауап алған. Одан бөлек, орталық қызметкерлері жастар бойындағы шығармашылықты дамыту, одан әрі шыңдау, дарынды жастарды анықтау, оларды халыққа таныту мақсатында «ЖАС ТАЛАНТ – 2019», «QULAN JASTAR FEST», «БЕЙБІТ ЕЛДІҢ ҰЛАНЫМЫЗ» атты ауқымды шараларды ұйымдастырғанын айта кеткеніміз жөн болар. Аты аталған іс-шараларға 5429 жас қамтылған.
Жастар жылында жасалған жұмыс жетерлік. Дегенмен, келер жылы да атқарылар жұмыстар ауқымды болмақ. Солардың ішіндегі ең маңыз­дысы аудан әкімі Ерболат Садырқұловтың бастамасымен қолға алынған 5 бағыт бойынша атқарылатын шаралар. «Аудан әкімінің баста­ма­сымен аудан жастарының қоғамдық-саяси, мәдени-көпшілік шараларға қатысуын, қоғамда өз орнын тауып қалыптасуына жағдай жасау мақсатында ауқымды шаралар жоспарланып, нақты жұмыстар айқындалды. Жастардың дамуына аудан әкімдігінің мәдениет және тілдерді дамыту, денешынықтыру және спорт, «Халықты жұмыспен қамту орталығы» мен аудан әкімдігінің кәсіпкерлік және өнеркәсіп бөлімдерінің қосатын үлесі өте зор. Сол себепті «Жастар ресурстық орталығы» мен аталмыш мекемелер арасында өзара келісім-шарт жасалып, арнайы Меморандумға қол қойылды. Меморандум аясында жастарды жұмыспен қамту, кәсіпкерлікті дамыту, салауатты өмір салтын қалыптастыру, рухани-мәдени қолдау көрсету жұмыстары жүзеге асырылатын болады» деген орталық директоры тарихи жерлерді аралау үшін 17 маршрут белгіленгенін, белсенді жастар әр аптаның сенбі күндері сол маршрут бойынша экспедиция жұмысына қатыса алатынын сөз етті. Жыл бойы жалғасын табатын экспедиция жұмыстары аяқталған соң, жинақталған мәлі­мет­тер қағазға түсіріліп, «Құланның киелі ме­кендері» атты кітап шығару жоспарланып отырғанын айтты.
Есепті баяндаманы мұқият тыңдаған аудан әкімі жастар орталығының атқарған жұмыстарына жоғары баға берді. «Елбасы Н.Ә.Назарбаев ағымдағы жылды «Жастар жылы» деп айқындап, аталмыш буын өкілдеріне үлкен үміт артқан болатын. Бүгінде сол сенімнің ақталғанын аудан жастарының атқарған жұмыстарынан анық аңғаруға болады. Дегенмен, «Жастар жылында» жасалған жұмыстармен шектеліп қалуға бол­майды. Аудан жастары «Еріктілер жылында» да білек сыбана жұмыс істеп, аянып қалмауы тиіс. Сонымен қатар, өңір жастары мемлекет ұсынған көмектерді де ұтымды пайдалана білгені жөн» деп, жалынды жастарды еліміздің қозғаушы драйверіне айналып, дамыту жолында күш салуға шақырды.
Жиында жастарға қатысты өзге де мәселелер қаралды. Атап айтар болсақ, «Дипломмен ауылға» бағдарламасының ауданда іске асырылуы және жастар мен жасөспірімдер арасындағы құқық­бұзушылықтың алдын алу бойынша атқарылған жұмыстар сараланып, нақты шешімдер қабыл­данды.

Жәнібек БАЗЫЛБЕКОВ.

Поделиться ссылкой: