Тағы алты жаңа медициналық нысан ашылды

982 Views

Тәуелсіздік күні мен Жамбыл облысының 80 жылдық мерекесіне орай ауданымызда тағы да алты жаңа медициналық нысан халық игілігіне пайдалануға берілді.
Сәрсенбі күні аудан әкімі Ерболат Садырқұлов Көкдөнен ауылында 15 келушіге арналған дәрігерлік амбула­торияның ашылу рәсіміне қатысып, жүрекжарды лебізін айтты. Аудан басшысы өз сөзінде:
– Құрметті ауыл тұрғындары, баршаңызды еліміздің ұлық мерекесі тәу етер Тәуелсіздік күнімен шын жүректен құттықтаймын. Біздің отандастарымыз үшін бұл мерекенің орны ерекше. Ата-бабаларымыз қаншама қиын-қыстау кезеңдерді бастан өткерсе де, соның ешбіріне мойы­май, қаймықпай күресіп, болашақ ұрпа­ғына ұлан байтақ жерімізді аманат етіп қалдырды. Бүгінде Қазақстан өз ал­дына ту тіккен, егемендігін күллі әлем елдері мойындап, саясатта ал­пауыт елдермен тең дәрежеде иық тіресе алатын, экономикасы қарышты алға дамып келе жатқан қуатты елге айналды. Бұл әрине, біріншіден, Азаттық деген асыл ұғымның арқа­сы болса, екіншіден, Тұңғыш Президентіміз-Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың елімізде сарабдал сая­­сат жүргізе білгендігінің айқын көрі­­ні­сі. Осындай бейбіт заманда ғұмыр ке­шіп, ел игілігі жолында аянбай қызмет етіп жатқан мына сіздер мен біздердің арманымыз жоқ деп білемін. Бүгінгі ашы­лып отырған жаңа медициналық нысан да осы тәуелсіздіктің жемісі. Мем­лекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен облыс әкімі Асқар Мырзахметовтың қолдауы­ның арқасында өңірімізде ауқымды жұ­мыс­тар атқарылуда. Мына заманауи үлгіде салынған жаңа нысан бұл сөзім­нің ай­қын делелі деп білерсіздер. Медпункт қызметкерлері ауыл жұрт­шы­лығына, яғни, сіздерге сапалы қыз­мет көрсете­ді деген сенімдемін. Ауырмаңыздар. Тәуелсіздігіміз тұғырлы, халқымыз аман болсын,-деді. Содан соң, өз ойын ор­таға салған Көкдөнен ауылдық арда­герлер алқасының төрағасы Болат Махаметкерім тәуелсіздік ту­ра­сында өнегелі сөз өрбіте келіп:
– Е Алла, жаратар ием панаң болсын,
Көкірек көз, көңіліңде санаң болсын.
Төрінде жүрегіңнің иман орнап,
Аузыңда қасиетті дұғаң болсын.
Ақ жарқын адал ниет жарың болсын,
Өзіңмен бірге жасап, бірге өткерсін.
Балалар бірі ғалым, бірі дана болсын,
Ішінде ел билейтін де адам болсын.
Қонаққа қазы, қарта, жаяң болсын,
Қымызда сапырулы сабаң болсын.
Қол жайып, әмин деген жамағаттың,
Тілегі бәрінің де орындалып,Ойға алған мақсаттарың қабыл болсын, -деп жиылған көпшілікке ақ батасын берді.
Айта кетейік, Көкдөнен ауылдық дәрігерлік амбулаториясының құры­лыс жұмыстарын «Құлан жолдары» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жүргізген. 15 келушіге арналған меди­циналық ғимаратқа 36 млн. теңге қа­ражат бөлініп, толығымен игерілген екен. Салтанатты шара барысында «Құлан жолдары» ЖШС-нің директо­ры Айгүл Сұлтанова Көкдөнен ауыл­дық дәрігерлік амбулаториясының аға дә­рігері Барлыбай Утамұратовқа меди­циналық ғимараттың «Символикалық кілтін» табыс етті. Жиын соңында ау­дан әкімі Ерболат Садырқұлов пен Көк­дө­нен ауылдық ақсақалдар алқасының төрағасы Болат Махаметкерім жа­ңа медпункттің лентасын салтанатты түрде қиды.

Тәуелсіздік күнімен облысымыз­дың 80 жылдық мерекесі қарсаңында Қайыңды, Өрнек пен Тереңөзек ауылдық округіне қарасты Сөгеті, Сәлімбай және Көкарық, сондай-ақ, Қарақыстақ пен Құмарық ауылдық округіне қарасты Жалпақсаз және Алғабас елдімекендерінің тұрғында­ры да көкдөнендік жұртшылық секілді қуанышқа кенелді. Өйткені, аталмыш мереке қарсаңында ауыл тұрғындары көптен бері мәселе қылып көтеріп келген негізгі проблема оң шешімін тауып, жұртшылыққа жаңа медициналық ғимараттың «Символикалық кілті» табыс етілді. Аудан аумағынан шалғай жатқан елдімекен тұрғындарының бұл қуаныштарына аудан әкімінің орын­басары Бейсенбек Әлпейісов пен аудандық орталық аурухананың бас дәрігері Шындос Мырзалиев ор­тақ­тасып, ақжарма тілектерін жеткізді. Бейсенбек Әшімалыұлы өз сөзінде:
– Қазақстан — өз ұлты, халқы, діні, тілі, мәдениеті, тарихы, салт-дәстүрі бар құдіретті ел. Ата-бабаларымыздан қалған ар-намыс, жігер-қайрат мұра ретінде келешек ұрпаққа дейін жетті. Тарихқа үңіле отырып: «Кеше кім едік, бүгін кімбіз, ертең кім боламыз?» — деп ойлансақ, бұл — туған елінің, халқының өткені мен келешегіне көз жіберген әрбір азаматтың жүрек түкпіріндегі сө­зі болуы тиіс. Бүгінгі таңда мемлекеті­міз Тұңғыш Президентіміз-Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев пен Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың абыройлы беделінің арқасында әлем мойындаған, жаһанға аты жайылған еңселі елге айналып отырғаны шығар күндей шындық. «Біз­дің жүрегіміз темір емес. Бірақ біз­дің кек отымыз қандай темірді болса да ерітіп, күйдіріп жібере алады. Біздің үрейді жеңетін ең күшті қаруымыз, ол – Отанға деген сүйіпеншілік» деген ба­тыр Бауыржан Момышұлының дана­лы сөзі тасжүрек адамның өзін еліт­­пей қоймайды. Бұл сөзге бірдеңе деудің өзі артық. Біздің бір білетініміз, Баукең айтқандай, Отаннан, Тәуелсіз­дік­тен артық байлық жоқ жер бетінде, -дей келіп, ауыл жұртшылығының дендеріне саулық, отбасыларына амандық тіледі.
Жалпы мемлекеттік-жекеменшік се­ріктестік шеңберінде салынған бұл ме­дициналық нысан құрылыстары­ның жұмысын мердігер «Жанайым құры­лыс» және «Құлан жолдары» ЖШС-і жүргізген. Жаңа медпункттерде емдеу ісіне қажетті құрал-жабдықтардың барлығы орнатылған. Құрылыс дизай­ны да замануи үлгіге сай әдіптеліп са­лынған. Осылайша, биыл аудан аума­ғында межелі жоспардың біріне ба­ланған 9 медициналық ғимараттың 8-і халық игілігіне пайдалануға беріліп отыр.

Марат Диханбай.

Поделиться ссылкой: