Пайғамбардың туған күні

9 156 Views

Мәуліт сөзі арабша туған күн де­ген ұғымды береді. Демек, екі дүниенің сардары болған Мұхаммед (с.ғ.с.) пайғамбарымыздың туған күні. Біз кеңестік келте түсінікпен Ленинді «ұлы» деп өстік. Сөйтсек, ұлы сөзі тек Аллаға тән екен. Сонда Ленин де Алланың құлы болғаны ғой. Сүйікті сардарымыз хижра жыл санауымен 570-ші жылы рабиғул әууәл айының он екінші түнінде Мекке шаһарында дүние есігін ашыпты. Содан бері бұл ай мәуліт айы деп аталып келеді.
Мұхаммед пайғамбар дүниеге келген таңда ғаламда ғажап оқиғалар болыпты. Дүние нұрға толып, анасы Әмина сәбиді қолына алған кезде одан жұпар иіс аңқып тұрыпты. Ал, атасы Әбдүлмүттәліп немересін қолына алып, Қағбаны тәуәп етеді, құрайыш руының игі жақсыларын шақырып, той жасайды. Сәбидің есімін Мұхаммед деп қойып тұрып, атасы: «Немеремді аспанда Хақ Тағала, жерде ел мақтайды деп үміттенемін» дейді. Өйткені Мұхаммед сөзінің өзі «мақтаулы» деген мағынаны білдірсе керек.
Осындай нұрға толы күн Құланда да өтті. Мэльс Өзбеков атындағы мәдениет үйіне жұрт көп жиналды. Сөйтіп, «Адамзаттың абзалы» атты мәуліт кеші өз шымылдығын мүминдерге түріп тастады. Кешті бастан-аяқ Басқар Битанов атындағы театрдың актеры Тұрсынбек Міржақыпов жүргізді. Алдымен пайғамбарымызға құран бағышталды. Содан соң аудан ақсақалдарының абызы Қожайхан Бижанов аталы сөзге тоқтап, «Діннің ұстай алсаң – қасиет, ұстай алмасаң – қасірет» екенін, алайда иманы түзу адамға оның ынтымақ пен бірлік әкелетінін көпке өсиет етіп айтты. Ал, ауданның бас имамы Сұлтаншәріп қажы Жадыраев: «Отанды сүю – иманнан» дей келіп, Мұхаммед үмбеттеріне пайғамбарымыздың асыл қасиеттерін аппақ қағаздай етіп жайып салды.
Осыдан соң Әулие-Ата мешітінің наиб имамы Ораз Баймаханұлы мен Луговой мешітінің имамы Үмбет Сабырхан қырағаттап, мәуліт оқыды. Әлихан Бөкейханов атындағы орта мектептің оқушылары хадистерге тоқталса, Т.Сайырманов «Өмір» термесін, Аружан Аманкелді «Уақыт қадірі» туралы монологын оқыды. Басқар Битанов театрының әртістері «Әке қасіреті» атты сахналық қойылым жасап, жиналған жұртты терең тебіреніске түсірді. Кеш соңында бас имам ауданымыздың бір топ имам-молдаларына Алғыс хат ұсынды. Кеш өте мазмұнды өтті.

Сейсенбай қажы.
Суретте: мәуліт күнін
мерекелеу сәті.

Поделиться ссылкой: