Кәсіподақ мүшелері марапатталды

863 Views

Өткен аптада Әлихан Бөкейханов атындағы орта мектепте аудандық білім қызметкерлерінің қатысуымен кәсіподақ мүшелерінің отырысы өтті. Аталмыш жиынға аудандық білім бөлімі басшысының міндетін уақытша атқарушы Бауыржан Самылтыров, аудандық білім қызметкерлері кәсіподақ комитетінің төрайымы Айнұр Баймұратова, сондай-ақ, «Жамбыл облысы білім және ғылым қызметкерлерінің жергілікті кәсіптік одағы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Ерұлан Мағзымбеков қатысты.

Пленум отырысында алғаш болып мінберге аудандық білім бөлімі басшысының міндетін уақытша атқарушы Бауыржан Самылтыров шығып, білім саласында еңбек етіп жүрген қызметкерлерге жасалған жұмыстарды мәлімдеді. Одан соң сөз аудандық білім қызметкерлері кәсіподақ комитетінің төрайымы Айнұр Баймұратоваға берілді. Айнұр Манатбекқызы аудандық білім бөліміне қарасты мекемелерде еңбек ететін қызметкерлерге ұйым тарапынан көрсетілген көмектерді және жыл бойы жасалған жүйелі жұмыстарды жіпке тізді. «Биыл кәсіподақ комитеті тың идеялар мен жүйелі жоспарларға негізделген жұмыстарды жүзеге асырды. Аталмыш бастамаларға аудан басшысы Ерболат Садырқұловтың қолдау білдіргеніне дән ризамыз. Мәселен, аудан әкімі жыл басында ұстаздарды жеке қабылдап, жиын өткізген болатын. Сол жиында ұстаздар тарапынан қойылған сауалдарға құлақ түріп, бірқатар мәселелердің шешу жолдарын айқындап берген еді. Сонымен қатар, аудан басшысының бастамасымен биыл көп балалы ұстаздарға арнайы сыйақы да тағайындалды. Аталмыш сыйақы мөлшерін келер жылы да ұлғайтып, ұстаздар мерекесінде табыстауды жөн санап отырмыз» деп аудан басшысы Ерболат Садырқұловтың аты аталған бастамаларға қолдау білдіруі ұстаздар қауымына көрсеткен зор құрмет деп есептейтінін атап өтті.
Кәсіподақ комитеті «Жастар жылында» да бірқатар жұмыстарды қолға алып, айрықша үн қосқан. Атап өтетін болсақ, білім бөлімінің жас мамандары тарихи жерлерді аралап, саяхаттап қайтуына қолдау білдірген. Сонымен қатар, ұстаздар арасында салауатты өмір салтын қалыптастыру мақсатында да бірнеше жұмыстар ұйымдастырылыпты.
Жиында «Жамбыл облысы білім және ғылым қызметкерлерінің жергілікті кәсіптік одағы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Ерұлан Мағзымбеков те сөз сөйледі. Ерұлан Сәбенұлы қоғамдық бірлестік тарапынан атқарылған жұмыстарға кеңінен тоқталып, сөз соңында ұстаздардың жұмысына сәттілік тіледі.
Жиын соңында бірқатар мектеп басшылары мен ұстаздар қауымы марапатталды. Оларға арнайы Алғыс хаттар мен бағалы сыйлықтар табыс етілді.

Жәнібек Сәдуақас.

Поделиться ссылкой: