Алашшыл Тұрар

912 Views

Биыл тау тұлғалы, бекзат болмысты алаш зиялысы Тұрар Рысқұловтың туғанына 125 жыл толып отыр. Осыған орай өткен аптада Мэльс Өзбеков атындағы аудандық мәдениет үйінде ғылыми-практикалық конференция болып өтті. Конференция шымылдығын облыс әкімдігі ішкі саясат басқармасы басшысының орынбасары Мақпал Досымбекова сөз сөйлеп, ашып берді. Айта кетейік, аудандық мәслихат депутаттары, ауданның Құрметті азаматтары, жергілікті атқарушы орган қызметкерлері, білім, мәдениет саласының өкілдері, ардагерлер, өзге этнос өкілдері мен үкіметтік емес ұйым мүшелері, жастар және журналистердің қатысуымен өрбіген ғылыми-практикалық конференцияны аудан әкімі Ерболат Садырқұлов жүргізіп отырды. Ғылыми-практикалық конференция барысында алаштың мақтанышы, кер заманның кезінде ұлт мүддесі үшін барын салып қызмет еткен Тұрар Рысқұловтың өмірі мен атқарған қызметі туралы кеңінен сөз болды. Атап айтсақ, конференцияға арнайы қонақ ретінде шақырылған спикерлер М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің Қазақстан тарихы кафедрасының меңгерушісі, доцент, тарих ғылымының кандидаты Ермекбай Серікбаев «Тұрар Рысқұловтың өмірі мен қайраткерлігі», хирург-дәрігер, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі Сағындық Ордабеков «Тұғырлы тұлға Тұрар Рысқұлов», Тараз инновациялық-гуманитарлық университеті жанындағы «Шерхантану» орталығының директоры Қарлығаш Тамабаева «Тұрар мен Шерхан» атты тақырыптарды кеңінен қаузап, жұртшылық көкейінде сақталатындай бағдарлы баяндама жасады. Ал, аудандық мәслихат хатшысы Тұрсынхан Жаманбаев «Тұрар – мәңгілік тұлға» деген тақырыпта баяндама оқыған сәтте залға жиналған көпшілік сілтідей тына қалды. Себебі, баяндамашы тұғырлы тұлға Тұрар Рысқұловтың өмірі мен атқарған қызметінен тың деректерді жинақтап, жүрекке ой салар сұлу сөзбен жеткізе білді. Конференңия соңында Тараз инновациялық-гуманитарлық университеті жанындағы «Шерхантану» орталығының директоры Қарлығаш Тамабаева аудан әкімі Ерболат Садырқұловқа Тұрар Рысқұловтың өмірін ұзақ жылдар бойы зерттеген Қазақстанның халық жазушысы, шындықтың шырақшысы Шерхан Мұртазаның «Бір кем дүние» кітабын сыйға тартты.

Марат Жолдасбекұлы.

Поделиться ссылкой: